Ғанимат Ғазизқызы Нұржауова

Ғанимат Ғазизқызы Нұржауова – өмірі мен еңбегі үлгі боларлық, өз кәсібіне адал, қайсар жан. Бұл жанның өмір жолы мен еңбек еткен жылдары тек қарапайым еңбек тарихы ғана емес, қоғамға, адамзатқа көрсеткен адал қызметінің айқын көрінісі. Балалық шағы мен еңбек жолы, отбасылық өмірі – жеке басының, адамгершілік қасиеттерінің, еңбекқорлығы мен қайраткерлігінің нәтижесі.
1963 жылы 10 сәуірде Гурьев облысы, Забурын ауданында дүниеге келген Ғаниматтың әкесі Нұржауов Ғазиз – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін колхозда еңбек етіп, абыройлы еңбек ардагері атанған жан. Анасы Нұржауова Райхан – «Алтын алқа» иегері, сегіз перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеген еңбекқор ана. Отбасында төрт ұл мен төрт қыз тәрбиеленді. Ғанимат – отбасындағы жетінші перзент. Ата-анасы еңбекқорлық пен адалдықты, парасаттылық пен қайырымдылықты өз балаларынан талап етіп, сол қасиеттерді әр баласының бойына сіңіруге бар күшін салған.
Ғаниматтың бауырларының бәрі де әртүрлі салада еңбек етіп, қазіргі таңда барлығы зейнеткерлікке шыққан. Отбасының тірегі болған әкесі, анасы және үлкен ағасы өмірден озған. Ата-анасы балаларына өмір бойы тек жақсы қасиеттерді дарытып, тәрбиені адалдық пен еңбекқорлық негізінде берген. Өмір жолында осы құндылықтар басты тірекке айналған.
1971-1979 жылдар аралығында Балықшы ауданы, Ширина селосындағы сегіз жылдық мектепте оқып, кейін 1979-1981 жылдары Құрсай мектебін бітірді. Оқушы кезінде де өз ісіне тиянақты, білімге құштарлығы жоғары болды. Мектепті бітірген соң, 1981 жылы Атырау медициналық училищесінің медбике бөліміне оқуға түсіп, 1983 жылы ойдағыдай тәмамдады. Бұл кезең медицина саласына алғашқы қадамдардың бастамасы болды.
Еңбек жолы 1981 жылы тамыз айында Балықшы аудандық емханасында балалар медбикесі қызметінен басталған. Балалар денсаулығын сақтау – аса жауапты әрі күрделі міндет болғандықтан, жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарды. Кейін екпе медбикесі қызметін атқарып, өз біліктілігін арттыруға тырысты. 1983 жылы Алматы қаласына білімін жетілдіруге жолдама алып, екі айлық курсты сәтті аяқтады. Бұл кәсіби деңгейдің жаңа белестерге шығуына мүмкіндік берді.
1984 жылы хирургия бөлімшесіне ауысып, ересектерге арналған хирургия кабинетінде медбикелік қызметті жалғастырды. Тынымсыз еңбек пен біліктіліктің нәтижесінде, 1985 жылы хирургия бөлімінде медбике-анестезист ретінде жұмыс істей бастады. Анестезист қызметі – аса үлкен жауапкершілікті талап ететін, адамдардың өмірін сақтап қалуға тікелей әсер ететін мамандық. Бұл міндетті де абыроймен атқарып, өз ісінің шебері екенін дәлелдеді. Сол жылы Алматы қаласының Республикалық колледжінде медбике-анестезист оқуын аяқтап, кәсіби деңгейін одан әрі жетілдірді.
1989-1992 жылдар аралығында Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем станциясында анестезист ретінде қызмет еткен кезең де еңбегінің айшықты жылдарының бірі болды. Осы уақыт аралығында көптеген науқастардың өмірін сақтап қалуға үлес қосып, кәсіби шеберлігін тағы да дәлелдеді. Келесі жылдары Балықшы ауданындағы хирургия-проктология бөлімшесінде жұмысын жалғастырып, осы салада да жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
1993 жылы Ғанимат отбасын құрып, жолдасы Наухамбаев Төлегенмен бірге жаңа өмірдің бастауын алды. Төлеген Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітіріп, геология саласында еңбек еткен өз ісінің маманы болды. Ол да өз кәсібінде жоғары нәтижелерге жетіп, түрлі марапаттарға ие болған. Үш перзенті дүниеге келді. Үлкен ұлы Ардақ Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін тәмамдап, мұнай-газ саласында еңбек етуде. Кіші ұлы Айболат Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітіріп, өз мамандығы бойынша қызмет атқарып жүр. Өкінішке орай, қызы нәресте кезінде қайтыс болды. Бүгінде үлкен ұлы отбасылы, келіні Венера – медицина саласының қызметкері, Арслан атты немересі бар.
Бала күтіміне байланысты ұзақ уақыт демалыстан кейін, 2000 жылы Ғанимат еңбек жолын қайта жалғастырды. Қалалық балалар емханасына жұмысқа орналасып, біраз уақыттан кейін №2 қалалық емханаға ауыстырылды. Кейін Атырау қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №21 мектепке медбике болып жұмысқа қабылданды. Бүгінде осы мектепте жоғары санатты медбике ретінде оқушылардың денсаулығын сақтауда өз үлесін қосып келеді.
Ғанимат үшін адал еңбек – өмірдің негізгі қағидаты. Медицина саласында 41 жыл бойы қызмет атқарып келеді және осы жылдар ішінде көптеген қиындықтарды еңсеріп шыққан. Қазіргі таңда мектепте медицина қызметкері болу – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті қажет ететін іс. Оқушылардың, ата-аналардың, мұғалімдердің, асхана қызметкерлерінің денсаулығына жауапты болу үлкен міндет. Ғанимат осы қызметте жалғыз болғандықтан, көптеген мамандардың міндеттерін атқаруға мәжбүр. Дегенмен, ешқашан қиындықтарға мойымай, өз қызметін адал атқаруды басты міндеті деп санайды.
«Адал еңбек – адам көркі» деген қағиданы ұстанып, тек өзінің кәсіби деңгейін ғана емес, өмірлік ұстанымын да биік ұстап келеді. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе, оның шабыты да арта түседі. Ғанимат әрдайым білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді. Алға қойған мақсаты – экологияның әсерінен балалар денсаулығын нығайтуға үлес қосу және болашақта жас мамандарды даярлап, медицина саласына сүбелі үлесін қосу.
Ғанимат Ғазизқызының өмірі мен еңбегі – қайсарлық пен табандылықтың, адалдық пен ізгіліктің жарқын көрінісі.