Райқулова Жанар Манапқызы

Райқулова Жанар Манапқызы – ұстаздықты өмірінің ұлы мақсатына айналдырып, білім мен тәрбиенің асыл мұратын бойына дарытқан, өнегелі ұстаз. 1973 жылы, 21 қазанда, қазіргі Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылында дүниеге келген. Әке-шешеден көрген тәрбие мен өнегені өмірлік ұстанымға айналдырып, білімі мен қайратының арқасында оқушыларына бағыт-бағдар беріп, жүректерінде ұмытылмас із қалдырған ұстаздардың бірі.
Жанар Манапқызының балалық шағы Алтынтөбе совхозында өтеді. Әкесі Манап ағай ауылдық кеңесте қызмет атқарып, халыққа жанашырлығымен, мейірімділігімен танылған азамат болған. Жасөспірім кезінде әкесінен айырылса да , нар тұлғалы аяулы анасының ұстаздық өнегесімен өмірін білімге арнауға бел буады. Анасы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде мектеп қабырғасында балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тәрбиелеудің жарқын үлгісін көрсеткен ұстаз еді.
1990 жылы мектеп бітірген соң, Жанар Манапқызы оқуын жалғастыру мақсатында ХҚТУ-дың Шымкент бөлімінің филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдайды. Тұрақты ізденіс пен қайрат-жігердің арқасында отбасылық өмірдің сан түрлі белестерінен өтіп, оқуды аяқтап, диплом алады. Содан бастап, білімнің биік шыңына ұмтылған ұстаз еңбек жолын туған ауылындағы «Қосағаш» орта мектебінде бастайды.
Ұстаздық жолдың өзіндік қиындығы мен қызығы мол. Жанар Манапқызы үшін ең үлкен жетістік – оқушысына тәлімді тәрбие, саналы білім бере алу. Әрбір шәкіртінің бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп, білім нұрын себуді басты мақсат етеді. Ұстаздың пікірінше, жетістікке жету жолында талап пен жігер серік болуы қажет. «Ақыл дария, талапсыз жетістікке жетем деу — бекершілік» деп ұлы ойшылдар айтқандай, ұстаздық қызметте де тек шынайы талап пен табандылық қана жетістікке бастайды. Оқушылардың бойындағы ең ізгі қасиеттерді шыңдап, білімге деген құштарлықтарын ояту – ұстаздың ең асыл мұраты.
Жанар Манапқызының көзқарасы бойынша, өмірдегі ең басты құндылықтар – ата-ана, Отан, достар мен ұстаздар. Білім мен тәрбиенің қайнар көзі болып табылатын ұстаздық қызметтің ауыр жүгін арқалап, әрбір шәкіртінің жүрегіне білім нұрын себуге барын салады. Ақын Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген сөзі Жанар ханымның өмірлік ұстанымына айналған.
Жанар Манапқызының отбасында да үлгі тұтар жан – анасы. Ұстаздық қызметтегі анасының қамқорлығы мен тәлім-тәрбиесі оған өмірлік жолын табуға ықпал етті. Бүгінде жанұясында жолдасы және үш баласымен бірге тұрады. Балалары медицина саласында еңбек етіп, елге қызмет етуде, ал өзі болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, бағыт сілтеп жүрген аяулы ұстаз.
Жанар Манапқызының алға қойған мақсаты – адамгершілік пен білімді қатар алып жүретін, бәсекеге қабілетті шәкірттер тәрбиелеу. Еліне қызмет ететін саналы да сауатты ұрпақ қалыптастыру жолындағы бұл еңбегі – ел игілігіне қосылған баға жетпес үлес.