Ұстаздық жол—ғұмырлық мәртебе Сарманова Камиля Сулейменовна — білікті ұстаз, ел болашағының жарқын болуына өз үлесін қосып келе жатқан жан. Ол 1981 жылдың 8 қарашасында дүниеге келіп, Ө. Жамалов атындағы жалпы орта мектебінде білім алды. Мектеп қабырғасынан бастап білімге құштар, ізденімпаз қыздың арманы ұстаз болу еді. Осы арман оны Қазақ Қыздар Педагогикалық Институтына жетелеп, 2003 жылы шетел тілдері (ағылшын тілі) мамандығын иеленіп шықты. Тектіліктің тамыры — ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан асыл қасиет. Камиля ханымның ата-анасы—еңбегімен еліне үлгі болған жандар. Әкесі Сарманов Сүлеймен Рысбекұлы 1941 жылдың 6 шілдесінде Қазығұрт ауданы, Аққұм елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген. 40 жылдық ұстаздық еңбек жолында биология пәнінің мұғалімі, тәрбие ісінің орынбасары, оқу ісінің меңгерушісі, тіпті мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Өзінің туған жеріне деген махаббатын кітап беттеріне жазып қалдырған азамат 80 жасқа қараған шағында өмірден озды. Анасы Сарманова Баян Үсіпбайқызы 1946 жылдың 4 қаңтарында Алтынтөбе совхозында дүниеге келіп, ғұмырын отбасы мен бала тәрбиесіне арнаған. Жеті баланың анасы — ардақты әже бүгінде ұл-қыздарының ортасында бейнетінің зейнетін көріп отыр. Камиля ханым отбасындағы ең кенже бала. Ол 1999 жылы Ө. Жамалов атындағы орта мектепті тәмамдап, Мұрагер институтында ағылшын тілі мамандығын меңгерді. Кейін Қазақ Қыздар Педагогикалық Институтының шетел тілдері (ағылшын тілі) мамандығын 2003 жылы үздік аяқтады. Бүгінде Қосағаш жалпы білім беретін мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Білім саласында табан аудармай еңбек етіп келе жатқанына 21 жыл. Осы уақыт ішінде қаншама шәкірттерді түлетіп, оларға өз білгенін үйретіп, болашаққа нық қадам басуына жол ашып келеді. Өмірдің мәні мен сәні — отбасында. Камиля ханымның өмірлік жары Оразымбетов Бақытжан Зиябекұлы — білім саласының тағы бір шебер маманы. Ол 1977 жылдың 14 ақпанында Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылы, Қосағаш елді мекенінде дүниеге келген. Биология пәнінің мұғалімі, оқу ісінің орынбасары қызметінде жүріп, жас ұрпақтың білімге деген құштарлығын оятуға үлес қосуда. Ерлі-зайыпты ұстаздардың өмірлік ұраны — "ел алғысына бөленіп, ұрпаққа адал қызмет ету". Отбасы—бақыттың бастауы. Бұл шаңырақта үш ұл, екі қыз өсіп келеді. Үлкендері жоғары оқу орындарында білім алуда, ал кенжелері мектеп қабырғасында. Балаларына берген тәрбиесі мен ата-аналық мейірімін ел ертеңіне айналдыруға ұмтылып жүрген қос ұстаздың еңбегі—ғұмырлық мұраттың белгісі. Камиля ханым үшін ұстаздық — жай ғана мамандық емес, жүрек қалауымен атқарылатын қастерлі міндет. Шәкірт тәрбиелеу — болашаққа ұрпақ қалдырудың, ізгіліктің жарығын жаққанмен тең. Осындай еңбегімен дараланған ұстаздарымыздың бейнесі ел жадында мәңгі сақталмақ!