Қанат Ағланбекұлы

Парасат биігіндегі азамат

Өмірде үлкен жетістікке жетіп, биіктерден көріне білу әр адамның өзіне байланысты болса керек. Өйткені, барлық адам баласы тең жаратылған. Тек олар бір-бірінен ақыл-ой парасаты мен еңбекқорлық қасиеттермен ерекшеленеді. Иә, тек тынымсыз еңбек ету арқылы кездескен көп қиындықты еңсеруге, тағдырдың небір тосын сындарына төтеп беруге болады.
Жастайынан білімге, ізденуге құштар болған біздің кейіпкеріміз, әңгімеміздің өзегі – Қанат Ағланбекұлының ізденімпаздығы, іскерлігі айналасындағыларға үлгі. Бүгінде еліміздегі үлкен мекемелердің бірі, «Ақмола вагон жөндеу зауыты» акционерлік қоғамын 2020 жылдан бері басқарып келеді. Айтулы мекеменің 80 жылдық тарихы барын ескерсек, мұндай іргелі кәсіпорынға басшылық жасап, ұжымның ұйытқысы болу оңай емес екенін ұғуға болады.
Қанат Шамшиденов бұрынғы Целиноград облысы, Қорғалжын өңірінде 1968 жылы берекелі күз айында дүниеге келген. Туған жердегі №1 Қорғалжын орта мектебінде білім алып, оны бітіреді. Мұнан соң Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетінде жоғары білім алып. 1994 жылы аяқтайды. Алғашқы еңбек жолы да туған жерінде бастау алады. Ол қарапайым қойма меңгерушісі болудан бастап, қызметтің барлық сатысынан өтті. Өзінің бойындағы қажырлы еңбегі мен тынымсыз тірлігінің арқасында бірқатар қиындықтарды артта қалдырды. Қазіргі күні ең жауапты қызметтің тізгінін ұстап, оны абыроймен атқарып келеді,
Осы ретте «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ жайында айта кетейік. Сексен жылдық тарихы бар іргелі кәсіпорын жылжымалы жүк құрамын жөндеумен айналысады.  Өз тарихында 190 мыңнан астам түрлі модификациядағы вагон жөнделді. Бірегей кәсіпорын өндірісті де, жөнделген вагондарды да сериялық шығаруды қамтитын бірыңғай кешен. Өндірістерінің техникалық жарақтандырылуы, ( штамптау, метал өңдеу, механикалық құрастыру, дәнекерлеу) жөнделетін вагондарға бірқатар қосалқы бөлшектерді дайындауды және монтаждауды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда зауытта 400-дей адам еңбек етеді. Жалпы елімізде осындай 20 шақты зауыт бар. Өндіріс кезіндегі барлық сұрақты компания өзі шешетіндей мүмкіндігі де қарастырылған.
Қанат Ағланбекұлы қазіргі қызметіне дейін бірнеше мекемелерде еңбек етіп, ысылып, төселіп барып жетті. Айталық, ол алдымен 2006 жылы «СК Рахат» ЖШС басқарды. Одан кейінгі кезеңде, яғни 2017 жылы «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ люк қақпақтарын өндіру цехының шебері болады. Ал 2018 жылдың наурыз айында « ASTANA RAILWAY SERVICES» ЖШС қарасты «Құсмұрын вагон жөндеу депосы» филиалын басқарған. Міне, қызметтің барлық сатысынан өткен ол, қазір үлкен ұжымға басшылық жасап, ондағы жұмыстың өнімділігіне жауапты.
Бас директор әрине, тұтас мекеменің болашағына, ондағы істің алға басуына ең бірінші кезекте жауапты. Сонымен бірге  ол кәсіпорын мүлкінің сақталуы мен тиімді пайдаланылуына, қабылданатын шешімдердің салдарына, қаржы-шаруашылық нәтижелеріне жауап береді. Қабылданатын шешімнің дұрыс не бұрыстығын тексеріп, оң нәтиже шығаратын да бас директор. Сондықтан әрбір іске асқан байқампаздық пен қырағылық, істің көзін таба білетін көрегенділік қажет. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген Қанат Ағланбекұлы өзіне де, өзгеге де талап қоя біледі.
         Ауқымды мекемедегі әрбір қызметкермен тіл табысып жұмыс істеуде ең бірінші басшыға адамгершілік пен қатар қарапайымдылық қасиет керек. Бұл жайында Қанат Шамшиденов «Басшы болу – тек бұйрық беру емес, ол айналаңдағы адамдардың тілін таба білу, олардың пікіріне құлақ түру, санасу,  әрбір қызметкермен сыйласу маңызды» дейді. Қызмет барысында қарапайым қағидаларды ұстанатын оның бойындағы осы қасиеттері арқылы ұжымның ұйытқысына айналды десек артық айтпаған болар едік.
 Әсілі, адам баласына ақыл-ой, ынсап, қанағат, рахым сияқты бес асыл істі санамалап көрсеткен ұлы Абайдың бұл бағыт-бағдарына зейін қойған басшы еш ұтылмайды. Себебі, қызмет – ол уақытша. Ал айналаңдағы адамдардың өзіңе деген сенімінен, сыйластығынан, құрметінен асқан бақыт жоқ. Міне, бұл үлкен ұжымды басқаратын басшы үшін өмірлік ұстанымға ұласқан.
Қанат Ағланбекұлы басқаратын мекеменің жұмыс ауқымы кең әрі өте сақтықты, жауапкершілікті қажет етеді. Мұндағы әрбір қызметкердің, еңбек адамының нәтижелі жұмыс жасауы іскер азаматтың жол бастауына байланысты. Бүгінде аталған мекеменің жеткен жетістігі, толымды өндірісі ең алдымен қызметкерлерінің қарымды тірлігінің арқасы десек, зауыттағы жұмыстың бір ізге салынуы тікелей басшының үлесіне тиесілі. Оның үстіне теміржол саласына тәжірибесіз басшының бұйым болмайтынын жұртшылық жақсы біледі. Вагон жөндеу депосына басшы ретінде тағайындалғанына екі жылдай уақыт болған Қанат Шамшиденовтің ұжыммен бірге жеткен жетістігі орасан. Теміржол саласындағы тенденцияны сақтап, ұжым ауызбіршілігін арттыру маңыздырақ.
–     Ақмола вагон жөндеу зауыты 1941 жылы құрылған. Еліміздің кең сахарасында дүбірлі еңбек тынысын әкелген болат жолмен қатарласа келген бұл мекеменің сексен жылдық тарихы бар.  Бізде жылына үш мыңдай вагон жөнделеді. Қазіргі таңда еліміздегі іргелі зауытта 400-дей адам еңбек етеді. Оның әрбірінің ортақ істе өзіне жүктелген міндеті бар. Мұны мекеменің ажырамас механизмі ретінде елестетсек жарасады. Сондықтан жұмысшылар үшін басшылық тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі,– дейді бас директор.
Өзіне сенім артқан ұжымның көңілінен шығу, олардың қолдауына ие болу да басшының біліктілігінің арқасы деуге болады. Депо басшысы ұжымды шебер басқарып қана қоймай, ондағы жұмыс өнімділігін қадағалап, болашақ мамандарға өз тәжірибесін бөлісіп, ұжым арасында тәртіпті де қалыптастырып отыр. Таразы басын тең ұстай білген басшының бұл –  ұтқырлығы, іскерлігі мен талапшылдығы. Кәсіпорынның зор табысқа кенеліп, озық мекемелер қатарынан табылуы – болашаққа үлкен мақсаттар қоя білетін басшы мен ұжымның қажырлы еңбек етуінің нәтижесі екені даусыз. Ел экономикасының күре тамыры саналатын теміржол саласы мемлекетіміздің дамуы бағытына зор үлес қосып келеді.
               Қызмет барысындағы Қанат Ағланбекұлының бойындағы ерекшеліктерді айтып өттік. Бірақ адам бірыңғай қызметтің соңында кетсе, уақыт өте келе оның айналасында ешбір жан қалмайтыны анық, Бұл жағынан келгенде білікті басшы достыққа адалдығымен, сөзге беріктігімен ерекшеленеді.
             Өмірде жолы болған азаматтың жан-жағында тек қана адал дос-жараны болады, Олар қиындығы мен қызығы қатар жүретін өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көріп келе жатқандар. Қазіргідей алмағайып заманда шынайы достықты бағалау, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі мен жанашырлығы азайған уақытта адал достарды табу да оңай емес. Қанат Ағланбекұлы достыққа берік, сөзінде тұратын, қиын қыстау кезеңде жаныңнан табылатын жанашырлары барына қуанады. Кейде тынымсыз тіршілікпен жүріп, олармен біраз уақыт кездеспей қалатын сәттер болады. Алайда, шынайы ықылас пен бір-біріне деген адалдығы оларды ешқашан алыстатқан емес. Бір-бірінің қуанышы мен қиындығын бірге бөлісе алатын отбасылық жолдастары жетерлік.
         Табиғаты қандай бай болса, бітімі бөлек, болмысы терең, ізгілік қасиеттерді бойына жиған азаматтың дос-жараны көп. Бойында кішілігі де кісілігі де бар жан. Кішілігі – бойында үлкен-кіші деп алалаушылық жоқ, барлық адамға бірдей қарайды. Өзгенің жағдайын қамдай білетін бойындағы жақсы қасиеттердің молдығынан деп түсіндік. Кісілігі – жөнсіз сөзге жығыла бермеу де кісіліктің бір белгісі болса керек-ті. Кісілікті қолмен ұстап өлшеуге келмейді. Ол адамның терең ойымен, адал арымен, жайсаң жанымен, қастерлі қасиетімен бағаланып, байқалады. Бұл – ақыл-ой мен парасаттың көрінісі. Сондықтан қазақ халқы: «Кішілік пен кісілік ұқыптылық белгісі» деп бекерге айтпаса керек. Осы аталы сөзді ұстанған Қанат Шамшиденов «үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды» деген халық даналығымен өмір сүретін азамат.
«Өнегелі отбасы елдің тұтқасы» екені рас. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан отбасыға мұндай баға беруге әбден болады. Отбасының шағын мемлекет екені баршамызға белгілі. Кез келген адамның көңілі жайланатын жанұяда өзіне тән заңдылық пен ереже болады. Ұлттық құндылықтарды бойына дарытқан Қанат Шамшиденовтің жұбайымен бірге отау құрғанына отыз жылдан асты. Ел тәуелсіздігімен бірге шаңырақ көтерген олар, осынау жыл ішінде отбасылық өмірдің талай сындарлы сәттерінен бірге өтті. Өсіп, өніп Алланың берген екі ұлды Жәнібек пен Қайырбекті өмірге әкеліп, тәрбие берді. Қамқор отағасы, балаларының тірегі, немересінің аяулы атасына айналған ел ағасының асыл мұраты да осы емес пе? Ағайын туысқа сыйлы, сөзі өтімді азаматтың адамгершілігі де бір төбе.
–      Отбасы құндылығы деп ең бірінші жанымдағы жақындарымның амандығы дер едім. Өмірдің ағы мен қарасы, қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Сондай уақыттары ерлі-зайыптылар бір-біріне деген сенімі мен қолдауын тоқтатпауы тиіс. Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деп тегін айтпаған. Осы бір аталы сөздің астарына үңілсек, отбасы құндылықтарын сақтаудың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Қандай да мемлекеттің іргетасы берік, болашағы кемелді болуы ұлағатты ұя, үлгілі шаңырақтан бастау алатыны анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы, – дейді Қанат аға бізбен әңгімесінде,
–      Сегіз қырлы бір сырлы азаматтың бойында қырағылық пен табандылық, батырлық пен қайсарлық қасиеттер қатар өрбіген. Жұмысынан бос уақытында табиғат аясында демалғанды, жылқының жалынында желдей есіп серуендегенді ұнатады. Бұл да кейіпкеріміздің тағы бір қыры, қазақи болмысы. Азамат басындағы абырой мен атақ, бедел мен бақ туған еліне сіңірген адал еңбек арқылы келеді десек, бұл күнде алдыңғы буын легіне шыққан Қанат Ағланбекұлының өнегелі өмірі, елге қызмет ету жолдары осының айқын дәлелі. Адамзаттың данышпаны Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың: адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деп өсиет қалдырса, осы қағидаға сай ғұмыр кешіп, замандастары мен құрбы-құрдастарының алды, туған-туысқа сыйлы болуды ешқашан естен шығарған емес.
          Тынымсыз тіршілікпен жүріп, отбасындағы болашақ ел тізгінін ұстар азаматтардың тәрбиесіне көңіл бөлуді де ұмытпайды. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ұлтымыздың ер азаматты тәрбиелеудегі ұстанымдарын негізге ала отырып, олардың бойына сіңіре білді. Балаларына қашанда адал жолдан таймауды үйретіп келетін жігіт ағасы қос ұлына әрқашан әкелік қолдауын тоқтатқан емес. Олардың бойына ар, ұят, адамгершілік қасиеттерді дарытып, өнегелі шаңырақ иесі болуына үлес қосуда, Ата-ананың перзенті алдындағы негізгі міндеті – жақсы тәрбие беріп, өмірдің қиындығына төзе білуді үйрету. Осындай әкелік парызын орындаған азаматтың абыройы отбасында да асқақ.
Парасат пайымы бөлек нар тұлғалы азаматтың қызмет барысында да, отбасылық өмірде де айы оңынан туған десек жарасады. Себебі, ер азамат өмірдегі осы екі таңдаудан жаңылмаса ғана мақсатына жетеді. Ал Қанат Ағланбекұлы бұл үдеден шығып, абыройы тасыған жан. Мұндай абырой белеске жетуіне өмірлік жарының да қосқан үлесі аз емес деп ойлаймыз. Қандай да азаматтың басын төрге сүйрейтін адал жары емес пе? Олай болса өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып, қиындығы мен қызықшылығын қатар еңсеріп келетін ерлі-зайыптылардың өзара түсінісуі заңдылық секілді. Ел тәуелсіздігімен бірге құрылған шаңырақтың керегесі кең, терезесі тең болуына жағдай жасап келетін отағасының еңбегі ерек деуге болады.
Иә, әр адам Алланың өлшеп берген ғұмырын мәнді мағыналы өткізуді қалайды. Сондықтан ол ізденуден, еңбектенуден жалықпайды. Адамның адамнан артықшылығы да осындай қасиеттерімен өлшенуі бекер емес. Ал байлық пен мансаппен оздым деу бекершілік. Біз әңгіме өзегіне айналдырған Қанат Ағланбекұлының тағылымды тіршілігі, досқа адалдығы, қызметтегі біліктілігі, отбасындағы қамқорлығы жұртшылыққа өнеге боларлықтай. Адамдықтың асыл қасиеттерін бір бойына тоғыстыра білген жанның ерек қасиеттерінің бір қырын ғана көрсете алдық деп ойлаймыз.
Болашақтағы ұрпағын жарқын жақта өмір сүргенін қалайтын азамат мемлекет дамуы жолындағы тынымсыз тірлігін, ел экономикасының іргелеуіне алдағы уақытта да үлес қоса бермек. Бұл арда азаматтың туған жері алдындағы адамдық парызы деп түсінеміз.