Дұрыс таңдалған мамандық – болашақтың жарқын кепілі ;Әрі оның өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары болады. Сондықтан өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Оған қоса таңдаған мамандыққа, кәсіпке деген адамның ерен ықыласы, сүйіспеншілігі болу керек емес пе?! Өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы бола білген абзал жандардың алдыңғы легінде – Канлыбаев Ғалымжан Тоқсанбайұлын атап өткен жөн. Балалық шағының аспанын сонау қасиетті – Қазығұртпен байланыстыратын кейіпкеріміз 1979 жылы маусым айының 4-ші жұлдызында осынау киелі өлке Жаңабазар елді-мекенінің Үшбұлақ ауылында дүние есігін ашты. Көп балалы жанұяда өсіп-өнген Ғалымжан бала күнінен әке мен ана тәрбиесін бойына сіңіріп өсті. «Әке көрген оқ жонар...» демекші, асқар таудай әкесі Тоқсанбай ағамыздың өнегесімен өркендеп, етек-женін түзеді. Ардақты әке Тоқсанбай Ермекұлы – жастайынан тіршіліктің тауқыметін тартып, еңбекке ерте араласқан азамат. Оның балалық шағы шерменді қиындыққа толы болды. 17 жасынан бастап трактор айдап, жер жыртып, егін егумен айналысты. Жұрттың балаларындай доп қуалап өспеді. Тағдырдың тезінде соққан небір асуды еңсеріп, шынайы өмірге жарқын жүзін тоса білді. Пешенеге жазылған жазу күндердің күнінде асыл ағаны Раушандай жеңешемізбен жолықтырды. Ол кезде Раушан анамыз фермада сауыншы болып жұмыс жасайтын. Екі жас осылайша бір-бірін тауып отау құрды. Көп ұзамай-ақ шаңырақтан сәбидің үні естілді. Сөйтіп, өмір өткелі өз ағынымен жылжи берді. Жаратқан иеміз күйбені көп тірліктің ащысы мен тұщысын бірге ішкен, қиындығын бірге көрген, қуанышын бірге бөліскен жандарға 7 бала нәсіп етті. Саналы ғұмырын осы 5 ұл мен 2 қыздың тағдырына арнаған әке мен ана бүгінде көзінің нұры болған балаларынан немере сүйіп отырған бақытты ата мен әжеге айналды. Олардың еңбекке толы ғұмыры – фермада өтті. Зейнеткерлікке де осы жерде шықты. Осындай ана мен әкенің тәлімін алған Ғалымжан бала күнінен бауырмал болды. Үнемі бауырларына қолын ұшын созып, көмек беретін. Тіпті, әлі күнге дейін дәл осы жомарттығынан таңбаған азамат. Кейіпкеріміз ұмытылмас балалық шағын сағынышпен еске алғанда: – Біз өзіміздің құнды қасиеттеріміз туралы айтқан кезде, әлбетте бала күнгі бақытты сәттерімізді әр сөзімізге өзек етіп аламыз. Себебі, бақытқа толы балалық шағымыз ешқашан да, ешбір жағдайда да өзіңді өзгелерден оқшаулап артық көруге мүмкіндік бермеген. Ал менің ел ішінде елден не артық, не кем болмай өскен жерге, туған елге сыйлы бола білген енбекқор отбасында дүниеге келуімнің де өз мәні бардай... Сонау шақ қалай болғанда да өз заманының қалыпты өмір салтын стандартты түрде сүруді талап етті. Мен де ата-анамның талап тілегіне балғын шағымнан орындауға тырыстым, дейді. Расымен де, балалық шақтан болашаққа ерте ұмтылған перзент 7 жасында ауыл мектебінен хат таныды. Ең алғаш ауылдағы қара шаңырақ «Үшбұлақ» орта мектебіне қабылданды. Партаға отырған күннен өзінің алғырлымен көзге түскен шәкірттің білім мен білуге деген құлшынысы ерек болатын. Әрі мектептегі қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмайтын. Үнемі үздіктер қатарынан көрінді. Өмір жолында да үздік болуға ұмтылды. Осылайша, 1996 жылы 11 жылдық ауыл мектебін үздік бітірді. Кейін межелі уақыт аралығында Шымкент қаласындағы Автотехникумға оқуға түседі. Шырайлы шаһардағы жастығын оқуға арнаған жас жігіт техник-механик мамандығының қыр-сырын білуге зейін қойды. Күн-түн демей көзмайын тауысып, қалаған мамандығының тереңіне үңілді. Тұңғиығынан нәр алып, ілімімен сусындады. Сөйтіп, жүргенде 3 жыл да өте шықты... 1999 жылы аталған колледждің «автомеханик» мамандығын қызыл дипломға бітірген ол – 2000 жылы алғаш еңбек жолына қадам басты. Айталық, «Су ресурстары маркетингі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі «Слесарь» маманынан бастады. Бейтаныс орта, бейтаныс қызмет білімді, алғыр, ұғымпаз жасқа қиын көрінбеді. Қиындықтың бәрін де аздаған уақыт аралығында еңсеріп, ұжымына тез сіңісті. Мамандығына деген адалдығын бірінші орынға қоятын еңбекқор азамат біреуге – аға, біреуге – іні бола жүріп қолынан келгенше жан-жағына қамқорлық танытты. Ғалымжан жаста болса өз ортасында – ер деген атқа лайық болып, жұмыстастарына – қамқор, адал, жанашыр әріптес бола білді. Бір сөзбен айтқанда, алғашқы жұмыс жылдарын жемісті бастады. Қызығы мен қиындығы қатар жүрген тәжірибеге толы 10 жылы ішінде абырой биігіне көтерілді. Білімді жас – тәжірибелі, білікті маманға айналды. Уақыт бір орында тұрмайды. Әсіресе, өз ісінің нағыз маманы атанғысы келетін жан үшін бұл жол – өзгерістер мен тәуекелшіл қадамдарға толы. Өмірде әр адам өзінің діттеген мақсатына жетуге ұмтылады. Бірақ, сол ұмтылыстың арасында түрлі өзгерістер де орын алуы әп-сәтте мүмкін. Дегенмен, мақсатқа жету әрбір жанның өз қолында. Ғалымжанның да арманы алып болатын. Ол өз ісінің нағыз кәсіби маманы болуды сонау жас шағынан-ақ қалады. Әрі сол арманның талпынысымен біраз белесті бағындырды. Нақтырақ айтқанда, 2010 жылы өзі қызмет етіп жатқан жұмыс орнының екінші бір саласында бағын сынап көруге талпынды. Сөйтіп, Аталған мекемедегі су есептегіш құралдары бөлімінің бас инженер қызметіне ауысты. Бұл қызметтің өзіне артылған жауапкершілігі жоғары еді. Алайда, еңбекқор азамат бұл қызметті де желдей есіп әкетті. Жалпы, білектің күшімен қара жұмыспен айналысудың жөні бір бөлек болса, инженерлік саланың тілін біліп, бір мекемеде көптеген жылдар қатарынан табан аудармай қызмет етудің жөні тым болек. Деседе, қызығушылығы басым, білімді азамат үшін күрмелі мәселелерді шешу, күре жолды табу ұзақ уақытты қажет етпейді. Тек зейін мен еңбекті талап етеді. Сондықтан біз айтып отырған зейінді жігіттің алар асуы мұнымен шектелмеді. Алда оны күтіп тұрған өзге де белес уақыт өте келе жарқын жүзін көрсете бастады. Ғалымжанның өз қатарластарына қарағанда талғамы мен болмысы бөлек болатын. Кезкелген істі қатар алып жүргенді ұнататын кейіпкеріміз қызметтік өмір мен оқуды да қатар ұштастыра білді. 2010-2014 жылдар аралығында Шымкент университетінде: «Экономика және бухгалтерия» мамандығы бойынша білім алып шықты. Яғни, жоғары оқу орнында алған білімін күнбе-күн жұмыстағы тәжірибесінде де шыңдай түсті. 4 жыл бойы табанды талпынысының арқасында араға бір жыл салмай-ақ, яғни, 2015 жылы «Водомер» ЖШС басшысы қызметіне тағайындалды. Лауазымды белес оның 10 жылдам астам уақыт төккен тері мен өлшеусіз еңбегінің нәтижесі еді. Өйткені, кейіпкеріміз өзгелер сияқты бос уақытын алаңсыз демалысқа арнамады. Бос уақытында да үнемі ізденіспен жүретін. «Арманың алыс емес, мақсатың айқын болса» демекші, ақыры діттеген мақсаттарының біріне төзімділікпен жете білді. Кейбіреулер өмірінің бел ортасында өзінің мақсатын тоқтатады. Екіншілері белгі бір шыңға шыққанда құлдырайды. Енді бірі – болдым, толдым, дейді... Ғалымжанда бұл аталғандардың үшеуі де жоқ. Өйткені, білікті басшы бола тұра, толдым, болдым деп кеудесін керіп, менмендікке салынбады. Қолындағы бар мүмкіндікті пайдаланып одан әрі білуге, білімге ұмтылды. Оның бойындағы бұл қасиеті – нағыз ерге тән болмыс еді... 2016-2020 жылдар аралығында академик, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетіне оқуға түседі. Қазыналы қара шаңырақта: «Техник-технология» мамандығы бойынша 4 жылы білімін жетілдіріп, дипломын алды. Тың серпіліспен, жарқын үмітпен, қайтпас қайсарлықпен, тайынбас табандылықпен тер төккен еңбек азаматының қызметтік жолында ақжолтай жаңалықтар көп, толағай табыс толассыз болды. Атап айтқанда, білікті басшы жалпы су есептегіш құралдарымен жеке су есептегіш құралдарының айырмашылығын бір жүйеге келтірді. Аталған жүйенің кемшіліктерін анықтап, жаңа технология мен техниканы енгізді. Нәтижесінде, бір апталық, бір айлық қорытынды бойынша айырмашылықты тепе-теңдікке жеткізді. Бұл оның өз қызметіне сүйішпеншілігінің, адалдығының жемесі еді. Әрі жылдай бойғы сіңірген білімінің таразысы десек те артық болмас... Басшының жаңашыл жаңалығы талай қызметкердің әлі күнге дейін есінен кетпейді. Тіпті, басым көпшілігі өзінен кейінгі буынға үлгі етіп айтып жүреді. Кейде әріптестері бойындағы қарапайым болмысында тілге тиек етеді. Бастықпын деп шікіриген жан емес... Кезкелген жанға қамқор, мейірімді, қолдан келсе ұстаз бола білетін – азамат. «Водомер» ЖШС-ің барынша белді кәсіпорын болуына көп күш жұмсады. Әлі де жұмсап келеді. Елдің игілігі үшін барын салып жүрген білікті басшыға жерлестері де дән риза. Жұмыс десе ішкен асын жерге қоятындығы оның – еңбекқор, қай іске болмасын жең түре кірісіп кететін жан екенін дәлелдеп-ақ тұр. Мәрт ағамыз өзінің қармағындағы әріптестерін аузынан бір тастаған емес. Ылғи да әріптестерін қорғап, олар туралы естеліктер айтып жүреді. Мәселен, ол бір сөзінде: – Мен өз қызметкерлеріме талапшыл, әрі әділмін. Қарамағымда алпыс беске жуық қызметкерім бар. Бәрі де өз істеріне жауапты мамандар. Жұмыс барысында мамандардың өздеріне жүктелген міндетті тиянақты орындаулары үшін өз тарапымнан оларды үнемі ынталандыруға тырысамын, дейді. Мінекей, жомарт азаматтың жарқын бейнесін, осынау қылықтарының өзі аңғартып тұр емес пе... Қашан да ел алдындағы абырой мен жауапкершілік талапшыл, намысшыл ерді жиі ойландыратын. Сондықтан кейіпкеріміз үнемі ізденумен келеді. Күні бүгінге дейін сол ерек болмысынан, жарқын бейнесінен айнымады. Тағдыр таразысына салып қарасақ Ғалымжан Тоқсанбайұлы он жылдан астам уақытын – оқуға, 20 жылдан астам уақытын – қызметке арнады. Есесіне халықтың алғысына бөленді. Істеген еңбегіне сай қала депутаттарының да, облыс депутаттарының да марапатын алды. 21 жыл еткен еңбек жолында облыс пен қаладағы сан мәрте ауысқан әкімдердің «Алғыс» хаттарымен қанжығасын майлап, төсбелгілерін төсінде жарқылдатты. Оның бәрі де бір қараған адамға жеңіл көрінгенімен, оңай ала салатын олжа емес еді. Ұзақ жылдар бойғы еңбектің дәлелі. Еңбек еткен адамның қор болмайтыны белгілі. Бүгінде өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында бел жазбай, бір ұжымның мақтанышына айналып отырған тұлғаның жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе! Нақтырақ айтқанда: 2016 6 желтоқсанда өз жұмысын жауапкершілікпен атқарғаны үшін қалалық «Астана су арнасы» мәслихатының: «Астана су арнасы» медалін иеленіп, көпшілік қошеметіне бөленді. 2019 ж. 20 қарашада «Кәсіби үлес үшін» медалімен марапатталды. Кандидатура бойынша: «Водомер» ЖШС-ің халықты сумен қамтамасыз ету саласының дамуына қосқан ерекше үлестері мен еңбектерін бағалау және сараптау мақсатында наградаға ұсынылды. Сондай-ақ, аталған мекеме комиссиясының №07 хаттамасына сәйкес төсбелгі тақты. Президент Қасым-Жомарт Кемеұлы Тоқаевтың жарлығымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында: «Тәуелсіздігімізге – 30 жыл» төс белгісін төсіне тақты. Жыл сайын елеулі еңбегінің арқасында Шымкент қаласы әкімінің қолынан марапат алып келеді. Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жейді. Ғалымжан Тоқсанбайұлының арғы тегі сонау Ұлы жүз – Сіргеліден бастау алған текті ру: Үш ата – Айтбозымнан тараған. Шежіресі қатпарлы тарихтан сыр шертетін әулеттің ел айрықша қастерлейтін үлгілі тұстары жетерлік. Осынау әулеттен өсіп-өнген ағамыз бүгінде шырайлы шаһардың Бозарық шағын ауданында тұрады. Есімі көпке – таныс, көпке – үлгі. Еңбек жолынан бөлек, адамдық болмысы да өзгеден ерек. Жалпы, кішіпейілділік пен қарапайымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі де, бірегейі. Бұл екі қасиет адамның барлық іс-әрекетінен қимыл-қозғалысынан, өзін ұстауынан, мінез-құлқынан, тәртібінен, сөзінен, киген киімінен де аңғарылып тұрады. Осындай көз сүйсінерлік қасиетті Ғалымжан Тоқсанбайұлының бойынан байқауға болады. Ағамыздың мінезі – дарқан, пейілі – кең. Көтерер жүгі зіл батпан мамандықтың майталманы болып үргерген кейіпкерімізді қанша мақтасақ та жарасады... Саналы ғұмырында ағамыз қоғамдық өмірден де әсте қалыс қалған емес. Адал жүректі жан үнемі ырыс-берекесі мол, сауапты амалдар жасауды адамгершілік борышы санайды. Ел-жұртқа жасаған жақсылығы ел аузында айтылып жүр. Ал ел ағасы өзінің бір сөзінде: – Қай істі бастасаң да, тынымсыз қамқарекетті талап ететіні белгілі. Дегенмен де, қай істі ынта қойып жасасаң ғұмырлы болатынына өз басым кәміл сенемін, дейді. Шынында да ер мойнындағы қыл арқанның шірімейтіні секілді, ер азамат үшін артылған жүкті соңына дейін жеткізу міндет. Алайда, бұл міндет Ғалымжан Тоқсанбайұлы сынды азаматтардың ғана қолынан келеді. Арда ағамыз бүгінде ұлағатты 3 ұл мен көрегенді 3 қыздың әкесі. Ағамыздың асыл жұбайы, өмірлік серігі, үйдегі жеңешеміз Сағыныш – Халықаралық Қазақ Түрік Университетінде «Өнер» факультетінің «Дизайн» мамандығын бітірген жан. Аялы алақанымен 6 бала тәрбиелеп өсірген аяулы –ана. Үлгілі отбасының тұңғыш қызы – Аружан қазіргі таңда тұрмыста. Әкесі мен анасына қызығын көрсетіп отырған перзент. Әрі Алып шаһар Алматыдағы мүйізі қарағайдай білім ордасы Асфендияров атындағы Медицина университетінің 3-курс студенті. Ал, ұлы Дінмұхаммед М.Өтебаев атындағы колледждің түлегі. Балаларының ортаншысы Ердаулет – Ө.А Жолдасбеков атындағы № 9 IT лицейінің 8-сынып оқушысы. Ердәулеттен кейінгі Қайсар да дәл осы оқу орнында оқиды. Ата-аналары оларды бір-біріне серік болсын деп бір оқу ошағына берген. Кіші қыздарының бірі – Нұрай 1-сыныпта оқыса, кенжесі Айару әзірге үйдегі анасының тәрбиесінде. Мінекей, ата-ана үшін балаларының бақытты сәтін көруден асқан бақыт жоқ. Оларды ұяға ұшырып, қияға қондырудан асқан ғажап дүние жоқ, әрине. Кейде бір аманға жету үшін, бір арманнан бастартуға тура келеді. Мәселен, бір адамдар жұмысты таңдап, жанұясының тағдырын мүлде ұмыт қалдыруы мүмкін. Ал, екіншілері мүлдем керісінше. Бірақ, бұл қасиеттерді Ғалымжан Тоқсанбайұлының бойынан таппайсыз. Парасат пайымы жоғары әке қызметін де, отбасын да қатар алып келеді. Ол ешқашанда жұмысы үшін отбасын, отбасы үшін жұмысын тастап кеткен емес. Екеуін де екі қастың астындағы екі көздей қатар ұстап келді. Сөйтті де, арманға толы болашағына жылдар бойы үмітпен қарады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, халқымызда: Жігітте де жігіт бар, Азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, Қазан аты бір бөлек, - деген аталы сөз бар. Дәл осы нақыл нақ Ғалымжан Тоқсанбайұлына айтылғандай. Өткен күнгі естеліктерімен кейіпкеріміздің саналы ғұмырына бір сапар шегіп қайттық. Тәлімі мол тағдырын ой таразысынан өткізіп, таңбалы беттерін сиялы қаламмен қағазға түсірдік. Елі сүйген, елін сүйген азаматтың әрі қарайғы ғұмыр да талай толғаныс пен толағай табысқа толы болғай...