Ермағамбетұлы Төремұрат

Сегіз қырлы, бір сырлы жанның ғибратты ғұмыры

Уақыт озған сайын өткен дүниенің естелік болып, парақтары сарғайған тарихқа айналары бар-ды. Егер бір сәтке болсада артқа бұрылып қарар болсақ сауалы көп, жауабы аз ғұмырдың өтіп бара жатқаны әрбір адамды ойландырады. Осы тұста соңына бұрылып ел мен Отанға қызмет ете алдым ба? деген салмақты ойдың туары ақиқат. Ондайда жүріп өткен жолыңдағы атқарған істерің, артыңда қалған өнегең көз алдыңнан шұбырып өтері даусыз. Соның ішінен шынайы келбетін тани алған жан ең бақытты дер едім. Осындай сәттердің қыспағы мен таразысынан сүрінбей өтетін жандар көп болмаса керек.
Сондай санаулылардың бірі, біздің әңгіме өзегіне айналдырғалы отырған кейіпкеріміз, теңіз төскейінде дүниеге келген Төремұрат Ермағамбетұлы жайлы болмақ. Оның өнегелі өмір иірімінің бір парасын, қарапайым адамдық қасиетін, іскерлігін, дара болмысын оқырман қауымға таныстырғанды жөн көрдік. Әкесі Ендібайұлы Ермағамбет тектіден шыққан, таза жүректі тақуа адам болған. Маңдайына ауыр тағдыр жазылса да, еш мойымай жоққа сабыр, барға қанағат деп өмір сүре білген. Құдай қосқан екі әйелі де өмірден ерте озып, төрт баламен қалған Ермағамбет ата өзінен біраз жас кіші Бибішпен апаймен шаңырақ көтереді. Бұл кезең сұм соғыстың уақытымен тұспа-тұс келген еді. Сонда да қиындыққа мойымай үш перзентті дүниеге әкеледі. Бір әкеден өрбіген төрт қыз, үш ұл бүгінде әрқайсысы өз әулетінің үлкеніне айналып, олардан өнген ұл-қыздары ұрпақтар сабақтастығын жалғап келеді.
Сырдарияның Аралға құяр сағасында Қарашалаң  елді мекенінде туылған Төремұрат аға отбасындағы кенже ұл. Балалық шағы теңіз толқынында тербеліп, ауылдың топырағында өтті. Алайда асқар тауы, алып бәйтерегінен ерте айырылып, он жасында жетім қалады. Ендігі кезекте отбасының барлық жауапкершілігі өзіне жүктелетінін, үйдегі анасы мен апа, қарындасына қамқор болу керегін жан-тәнімен сезді. Ауылдағы №75 орта мектепте сегіз жылдық білім алады. Дегенмен ер бала үшін әкенің орны әрқашан ойсырап тұратын. «Жездеге ілессең, жерде қалмайсың» дегендей, әкесіндей тірек, пана болған жездесінің тәрбиесінде болады. Әке мектебінен кейін, өмірін жақсы арнаға бұруына, бойына адамгершілік, бауырмалдық қасиеттерді сіңіріп, көпшіл болуға баулыған жездесі Өтеміс Ыбырайымұлының орны ерекше. Небәрі 48 жасында дүние салған жайсаң жанның берген тәлім-тәрбиесі күні бүгінге дейін өміріне азық, болашағына жол көрсетер бағдаршамдай болды. Халқымызда «жақсы жезде әкеңдей» деп бекерге айтылмаса керек-ті. Оның шаңырағында еліміздің мықты ақыны Зейнолла Шүкіров, атақты арабтанушы ғалым Зұлхарнай Сахиев, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Алма Ақдәулетова мен жолдасы Нұржан секілді тұлғалар бірнеше рет қонақта болып, дастарханынан дәм татқан. Жездесі өзінің араласатын жора-жолдастары арқылы да сыйластықтың тамаша үлгісін, қазақтың қонақжайлылығын көрсете білген. Көптеген жандарға ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын жан еді. Әттең өмірден ерте озды. Десе де соңынан айта жүретіндей оның кеңпейіл дархан мінезі мен білімділігі, өнегелі өмірі мен мәңгі бейнесін қалдырып кетті. Кейін жездесінің адами болмысы мен оның ғибратты ғұмыры жайлы қалам тербеп, ол туындысы «Бөген» атты кітап жинағына енеді.
Төремұрат аға Отан алдындағы борышын Ресей жерінде өтеп келген соң, ауылда қалған анасы мен жалғыз қарындасын қалаға көшіріп әкеліп, түрлі салада оқытушылық, шебер, үйретуші секілді қызметтер атқарады. 
          Қостанайға барып оқыған арнайы білімі бар кәсіби маман Сырдария аудандық оқу-өндірістік бөлімінде жұмыс істеп, кешкі автомобиль мектептерде сабақ берді. Қызметке білікті маман келген соң бұған дейін кенжелеп тұрған саланың бойына қан жүгіріп, білім саласында кәсіби мамандық құжатын беретін оң нәтижелер жүзеге асты.
         Төрт баланың әкесі атанғанда бала кездегі арманына қолжеткізеді. Өзінің білімділігімен сол кездегі С.Киров атындағы ҚазМУ-ға, қазіргі Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетке оқуға түседі. Өз арманынан бас тартпаған Төремұрат ағаның табандылығынан нақты мақсат қоя білген адамның алдында алынбайтын қамал болмайтынын көруге болады. Солай тарихшы мамандығын алып шығады.
       Сонымен бірге қоғамдық пәндерден, тарих пәнінен де сабақ өтетін. Өз саласын ширатып әкететін маман басшылардың көзіне түседі. Жасап жүрген қызметіне қосымша аудандық білім бөлімінің инспекторы қызметі жүктеледі. Бұл жерде жеті жыл жұмыс істеген Төремұрат аға аудандағы №12 кәсіптік техникалық училищеге жұмысын ауыстырады. Бұл жерде оқушылардың кәсіби мамандық алуына тер төгеді. Іскер өз саласының майталманы келгеннен ақылы курстар ашу жұмыстары қолға алынады.
 Сол уақытта қоғамға қажетті қандай мамандық керек екеніне ұсыныс беріп, басшыларға дәлелдеп, осы жұмысты ұршықша айналдырады. Мектепті бітіріп, оқуға түсе алмай қалған балаларға арналған 6,10 айлық курстар ашып, олардың маман атануына ықпал етті.
      Қай істің де көзін таба білетін маман әрдайым сұраныстан түспейтіні бесенеден белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көп оқу орындарының жағдайы мәз емес еді. «Кәсіпке кетсем» деген іштегі ойы осындайда бір қылаң беріп қалатын. Алайда іскер азаматты жібергісі келмеген басшылар тағы да ұсыныс айтады. Кәсіптік мектеп жанындағы көл мен шаруашылық жері және машинасымен қосып, кіші мемлекеттік кәсіпорын ашуын өтінеді. Құлаштап істейтін жұмыс бар болғанымен барлығын қаражат шешетін. Ал қаржы жағы іскер азаматтың жұмысына қолбайлау болды. Бір жылдан соң бұл жұмыстан бас тартып, қаладағы университетке жұмысқа тұруды көздейді.
Бұл уақытта еліміз тәуелсіздік алып, экономиканың тұралаған уақыты еді. Жоғары білімді мықты маманды жан-жаққа жұмысқа шақырады. Оның бірі В.Гоголь атындағы пединститутқа оқытушылық. Алайда оқытушыға төленетін мардымсыз айлыққа келісе алмады. 15 жыл уақытын  ұстаздық қызметке арнаған Төремұрат аға енді кәсіпкерлік саласында бағын сынап көрмекке бел буады.
Кәсіпкер болу үшін бойыңда тәуекелшіл, қиындыққа мойымайтын қасиет, кез-келген ситуацияға дайын болатын жігер керек. Іскерлігі мен тәжірибесіне сенген азамат шағын кәсібін дөңгелентіп әкетеді. Ісінің өрге домалауына айналасындағы таныстарының да көп септігі тиеді. Қаладағы мен мұндалаған «Су-3», «Эльмо», «Инфракос», «БаттОйл», «Асетан» «СаутСОйл» , «Монолитстрой», «Ремстрой», т.с.с бірнеше серіктестіктермен бірлесе жұмыстар атқарады.
Нарық кезеңіне ауыспалы шақта әлі де трестердің жұмыс істеп тұрған уақытында «Монолит строймен» бірге қосалқы мердігер ретінде тұрғын үйлер салуға кірісіп кетеді. Осыдан кейін құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, «Барс-1» атты ЖШС-нің негізін салады.
Мұнай компаниясы «Саутсойл» мекемесімен екі жыл ауқымды жұмыстар жасалғанын да айта кетуді жөн санадық. Бірнеше жыл Байқоңырдағы «Инфрокос» мекемесімен бірге жұмыс істеді. Қосалқы мердігер болып жүргенде құрылысқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуді өз мойнына алған азаматқа бұл іс әсте қиын емес еді. Бұрынғы «Ремстрой» трестімен бірлесе жұмыс істеді. Сырдария ауданы орталығына кіре берісіндегі зәулім 1200 орындық үлкен мектептің үш блогынның негізгі жұмыстарын атқарғанын біреу білсе, енді бірі біле бермейді.
2014 жылы қаладағы тозған көпқабатты тұрғын үйлердің қайта жаңғыртуға бағытталған жақсы бағдарлама қолға алынды. Аз уақыт болса да, қаладағы екі көпқабатты тұрғын үйдің жаңашалануына еңбек етіп, абыроймен атқарып шықты. Күні бүгінге дейін ол жұмыстардың ешқандай шикілігі шықпай, қайта өзінің мықтылығын дәлелдеп келеді.
     Сол жылдары құрылыс материалдарын - темір бетон шығаратын шағын цех ашып , осы салада 17 жыл еңбек етіп, бейнетті жылдардың зейнетін татып отырған жайы бар. Мұнда темірбетон сақиналары шығарылады. Құрылыста пайдаланатын бұл өнімді көп және қала тұрғындары мекеме арнайы тапсырыспен алдырады. Өндірісін қолға алған тұста оның ең алдымен сапалы әрі бағасының қалтаға қонымды болуы шарт. Бетон жасау үшін пайдаланатын қалып Ресейден шығады. Ол қымбат. Төремұрат аға бұл жерде де өзінің көп жылдық тәжірибесіне сүйеніп, қалыпты жасап шығарады.  Оның технологиясы мемлекеттік стандартқа сәйкес болуы қажет.
    Бұл уақытта облыс елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары басталған-ды. Сапасы жоғары әрі төмен бағадағы темір бетон кәдімгі зауытта шыққаннан еш айырмашылығы жоқ. Шиелі ауданындағы екі елді мекен Қармақшы ауданының Ақжар совхозы, Сексеуіл елді мекені, «Қазатомпром»-ның РУ-6 мекемелеріне, Қазалының Майдакөл совхозына , т.с.с цех өнімі алынып, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге пайдаланылған.
Бірде «ТрансАзияКонстракшн» мекемесі елде жоқ жобамен жасалған бірнеше бұйым жасап беруді сұрайды. Олар салып келе жатқан жолдың екі ортасында ағын су қалатын науа керек екен. Ал Қазақстанда 70 сантиметрден биік науа (лоток) жоқ. Тәуекелге бел буып, ұзындығы 6 метр, биіктігі 1 метр 80 см болатын науаны Төремұрат аға қыстың көзі қырауда жасап шығарады.
Төремұрат Ермағамбетұлымен әңгімелескен бірер сағат ішінде ол кісінің «сегіз қырлы, бір сырлы» жан екенін ұқтық. Ән өнерінен де терең хабары бар, ол шығармашылыққа біртабан жақын. Арасында өзінің тырнақалды туындыларын қағаз бетіне түртіп, жинақтап жүретін жақсы әдеті бар. Негізгі алған мамандығы тарихшы болғандықтан еліміздің тарихын зерттеуді, зерделеуді бір сәтке де естен шығармайды. Ақ парақ бетіне түсірген деректер мен құнды мәліметтерді жинақтап, болашақта кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру алдағы күндердің еншісіндегі шаруалардың бірі.
Елдің салалық шаруашылығына қанық азамат туған өңірінің шаруашылығын, экономикасын, экологиялық жағдайын қайта түлетуге қатысуын мақсат етеді.
 «Зейнетке шықтым, болдым, толдым демей» әлі де пайдалы істермен айналысуды әдетке айналдырған Төремұрат Ермағамбетұлы «Қараша» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі және «Текиефарм» ЖШС-н ашқан. Бұл кәсіпті болашақта немерелері жалғастыратынына сенеді.
Жетпістің желкеніне шыққан ардақты ағаның жарымен бірге өткізген жарты ғасырға жуық мәнді де ғибратты өмірі кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі. Бүгінде екеуінен өрбіген ұл-қыздар әрқайсысы өз саласының маманы атанған. Бір ұлы мен қызы заң саласында болса, ортаншы баласы Ерсұлтан қауіпсіздік «IТ» саласында қызмет ететін өзінің дербес мекемесі бар.Кіші ұлы студент. Қаржы мамандығын игерген үлкен ұлы Айбек келешекте әкесінің кәсібін жалғастырар азамат.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немеренің қызығына бөленіп отырған Төремұрат ағаның тау тұлғасын, шынайы болмысын бір мақала төңірегінде жазып шығу мүмкін емес. Әйтсе де, оның әрбір ісінен өзіндік қолтаңбасын көруге, азаматтың бойындағы іскерлік қасиетін ашуға, жалпы адами болмыс бітімін тануға тырыстық. Әрқашан құрмет төрінде болып, әлі де еліңізге берер пайдаңыз көп болсын деген игі тілегіміз бар.