Пауалин Туғанбайұлы

Парасат биігінен көрінген азамат


Әр адам баласының өмірі өзінше өрнектеледі. Өмір жолы бәріне бірдей тақтайдай тегіс бола бермейді. Біле білсек, адамның тағдыры да өз қолымен жасалады. Ең бастысы, өмір жолында, тағдыр жазуында кездескен қиындықтарға мойымаған адам аңсаған арманы мен көздеген мақсатына жетіп, бақытқа кенеледі.
Бүгінгі әңгіме арқауына айналып отырған ардақты аға Пауалин Туғанбайұлы – өмірдің ыстығы мен суығын, бейнеті мен зейне­тін қатар көріп, ғанибетті ғұмыр кешіп келе жатқан абыройлы, тау  тұлғалы азаматтың өзі.
Халықтың көз алдында өз еңбегімен, іс-тәжірибесімен, адалдығымен абырой биігіне өрлеген азаматтар бар болса, соның бірегейі – Алпысбаев Пауалин Туғанбайұлы қарапайым отбасында дүниеге келген ол саналы ғұмырын еліміздің құрылыс саласының дамуына арнады. Бүгінде асқаралы 62 жасқа аяқ басқан арда азамат әкесі Туғанбайдың 62-ші көктемінде дүниеге келген екен. Бұл сандарды сәйкестік дейсіз бе, әлде тағдырдың жазуы дейсіз бе, оны оқырманның өзінің пайымына қалдырамыз.
Әрбір адамның өткен өмірі, жүріп өткен жолы болады. Ал оны ғибратты ету, кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі болу бір басқа әңгіме. Біз әңгіме өзегіне айналдырғалы отырған кейіпкеріміз Пауалин Алпысбаев 1961 жылы қыркүйектің 20 жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, бұрынғы 21 партсъезд совхозында, Қайтпас-2 елді мекенінде дүние дидарына келген. Қазіргі таңда шырайлы Шымкент қаласында, үлкен мегаполистің төрінде тұрып жатыр.
Парасат биігінен көрініп келетін Пауалин мырзаны көргенде баяғының ел қорғаған батырлары көз алдымызға елес берді. Еңсегей бойлы, терең ойлы, өткір көзді, қыр мұрынды, қияқ мұртты, кең иықты, апай төсті, өткір тісті, жуан білекті деп суреттелетін ұлтымыздың мақтанышы болған Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай батырлардың бүгінгі тұяғын көргендей болдық. Пауалин мырза текті атаның асыл тұяғы, кіші жүз Әлімнен тарайтын төртқара руынан шыққан. Аты алты Алашқа белгілі Жалаңтөс батырдың тікелей ұрпағы. «Алып анадан туады» дейді қазақта. Осындай алып денелі батырды 62 жасында дүниеге әкеліп, өмірінің мәні мен сәніне балаған ата-анасы ұрпағымен мақтанып, марқайған да болар.
Әкесі Туғанбай ата 1899 жылы дүниеге келіп, орта жасқа келгенде Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинградты азат етуде ерен ерлік көрсеткен. Қан майданда оқ пен оттың ортасынан аман-есен келіп, ұрпақ сүйіп, мағыналы-мәнді өмір сүрді. Өмірлік жары Рзай Әжібайқызымен екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп өзінен кейінгі ұрпақтар сабақтастығын жалғап, мәуелі бәйтеректің тамырын кеңге жайып кетті. Бүгінде сол алып бәйтеректің бір тармағындай болып, ұрпағының жалғасы Пауалин мырза да 62-нің төріне шықты. Әкесінің 62 жасында дүние есігін ашып, тұтас бір әулетті қуанышқа бөлеп, шаңырақты шаттыққа толтырып келген перзенті-тұғын.
Өзінің алдында үлкен ағасы Жолшыбек пен апасы Гүлфарида әрдайым ақыл айтып, жол көрсетіп жүрді. Анасы Рзай Әжібайқызы да әркез отбасының береке бірлігін келтіріп отыратын жаны жайсаң жан болған. Үй ішіндегі қым-қуыт тіршілікпен қоса тылда аянбай тер төгіп бейнетті өмір кешті. Сұрапыл соғыс жылдарында тылда еңбек еткен еңбеккерлердің еңбегі, қосқан үлесі аз емес. Майданға аттанған жарының амандығын тілеп, өзге де қазақтың балдарының ас-суын, киім-кешегін уақыты жеткізумен қатар ауылда қалған үлкен кісілердің қамын ойлап, тынымсыз таң атқаннан қара кешке дейін еңбек етті. Алайда ол жылдардың қиыншылығы артта қалып, ұл-қызының қызықшылығына бөленіп, немере сүйді. Сол бейнетті жылдардың еңбегі еленіп, «Жеңістің 50 жылдығы» медалімен марапатталды.
Осындай өмірі ғибратқа толы ата-анасынан тағылымды тәрбие алған Пауалин аға да жастайынан еңбекке ерте араласып, елге қызмет етіп келеді. Орта мектепті бітірген соң, 1978-1979 жылы киномеханик мамандығы бойынша оқиды. Жігіттің бір парызы Отан алдындағы борышын адал атқару болса, бұл міндетті Пауалин аға 1979-1981 жылдары өтеп, әскер қатарында болды. Одан кейінгі жылдарда ҚазХТИ құрылыс-технолог мамандығын игереді.
«Еңбек – әлемнің жаршысы», «Бақыттың да байлықтың да атасы да анасы да – еңбек» деп бекерге айтылмаса керек-ті. Қызметке деген адалдығы, еңбексүйгіштігі, айналадағы адамдармен қарым-қатынасы жұмыстың өнімділігіне әсер етіп, саланың дамуында өз қолтаңбасын қалдырды. 1987-1991 жылдары Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында заводта жұмыс істеп, бас инженерлік қызметке дейін жоғарылайды. Қызметтегі өсу, өрлеу мұнымен шектелмейді. Қажырлы еңбегінің арқасында Шымкент қаласындағы «ЮжКазэнерго» басқармасының С.Р.П мекемесінде инженер П.Т.О, «Қазақстан темір жолы» Шымкент бөлімшесінде жабдықтау бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады.
Өз саласында жиған талай жылғы тәжірибесі Пауалин Туғанбайұлының жеке кәсібін ашуға итермелейді. Мұндай қадамға баруына да тоқсаныншы жылдан кейінгі тоқырау кезеңдегі елдегі жұмыссыздықтың белең алуы әсер етсе керек. Бір сәт өзін еңбексіз елестете алмайтын білікті маман тәуекелге бел буып жеке кәсібін ашуды қолға алады. Сол бір кезде қабылдаған шешімі өмірін өзгертуге, ешкімге тәуелді болмай, қайта мемлекетіміздің дамуына үлес қосып, жұмыссыздар санын азайтуға ықпал етті.
Еңбек жолы 2009-2015 жылдары Табиғи ресурстар табиғат пайдалану басқармасында техникалық қадағалау мекемесінде бөлім басшысы қызметімен жалғасты. Мұнан кейінгі кезеңде 2015-2019 жылдары «Ерганат –Строй» ЖШС басшысы болады. Ал 2019 жылдан бүгінге дейін «Оңтүстік-Сәулет. Құрылыс кадастр» ЖШС директоры лауазымында қызмет атқаруда. Білікті басшы, шебер ұйымдастырушы қашанда жұмыстың өнімді болуына ықпал етеді. Сөздің емес, істің адамы екенін Пауалин ағамен тілдескен аз ғана уақыттың ішінде байқадық.
Құрыш білекті құрылысшылардың салған ғимараттарының сапасына, дизайнына, әсемдігіне қадағалау жасайтын мекемеде 12 білікті маман жұмыс істейді. Кейінгі жас толқынды саланың қыр-сырына қанықтырып, жинаған өмірлік тәжірибесімен бөлісуден еш жалықпайтын Пауалин мырзаның көрегенділігі мен іскерлігін аңғару қиын емес. Білгенін үйретуден жалықпайтын тау тұлғалы азаматтың бұл да бір жақсы қасиеті деп білеміз.
Бүгінде Пауалин мырза басшылық жасайтын мекеме көптеген нысандардың құрылысына қадағалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Олардың барлығын тізбелеп шығу мүмкін болмаса да бірқатарына тоқталып өтелік. Айталық, Шымкент қаласы, Бәйдібек би даңғылы бойындағы резиденция құрылысына инженерлік қызмет, Шымкент қаласындағы Қапал батыр көшесі бойындағы өткелді (мост) қайта құру нысаны бойынша инженерлік қызмет, Түркістан қаласын газ бен қамтамасыз ету құрылысы III-кезең (магистралдыжелі) техникалық қадағалау қызметі,  Түркістан облысының Түркістан қаласында №3 облыстық перинаталды орталық ғимаратына 150 орындық жалғастыра салынған жай нысанына техникалық қадағалау қызметі, Түркістан облысы, Арыс қаласындағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою барысында 16-сектордағы тұрғын үйлердің құрылысына инжинирингілік қызмет көрсету, «Шымкент қаласы, Азат шағын ауданында ауыз су жүйелерінің құрылысы» жұмыстарына техникалық қадағалау, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы ,Қайтпас 2 мөлтек ауданында орналасқан коронавирус пен ауыратын науқастарға арналған госпиталь құрылысына инженерлік қызмет, Отырар ауданынан Түркістан қаласының кіре берісіне дейінгі жолды күрделі жөндеуге техникалық қадағалау қызметтерін көрсеткен.
Жақсының жақсылығын айту біздің ұлттық мінезіміз. Оның астарында ел-халқы сыйлап, құрмет тұтқан адамның өмір жолын, кісілік келбетін кейінгі ұрпаққа өнеге ету бар. Адамзаттың данышпаны Абай: «Адамға керегі үш-ақ нәрсе: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат» деп айтқан екен. Осындай қасиеттерді бойына бала кезінен сіңіріп өскен Пауалин ағаның өмір жолы көпке өнеге. Мұндай ғибратты ғұмырдың әрбір кезеңінде кемел ой, келелі көрініс, кең тыныс, шалқар өріс жатады. Сол адам өмірінің жарқын беттерін өшірмей, өсиет-өнеге ету кейінгі ұрпақтың парызы болмақ.
–Мен дүниеге келгенде әкем 62 жаста екен. Ал мен биыл бұйырса берекелі қыркүйек айында 62 жасты еңсеремін. Осы уақытқа дейін қолымнан келгенінше таза жүруге, арзандамауға, аласармауға тырыстым. Өйткені, ел ырзығына адал болу, әке-шешемнің тәрбиесіне адалдық деген шешімім еді. Бір сөзбен айтқанда, өз мамандығыңды сүймей мандырымды тірлік болмайтынына өзіңді иландыру, селкеусіз сендіру. Осы жасқа келгенше жаманды да, жақсыны да көрдік. Адамды бір адастыратын мінез ол-ермелік. Біреудің пікір-тұжырымына ілесіп шаба беру дұрыс болмайды. Қандай қиындық кездескенмен, кедергіні кеудемен бұзып шығарлық жігерің, болуға тиіс. Өмірде қилы қиындық, сындарлы сәттерді өз басымнан өткердім. Соның көбін қасымдағы асыл жарым Ілескүлмен ақылдасып артқа тастадым. «Мен көрген қиындық әкем көрген ауыртпалықтың жанында не тәйірі? Ол сұрапыл соғыста елі мен жерін қорғап, жауға кеудесін тосты емес пе?» деген ойлар санамнан бір шыққан емес. Содан да шығар «Қиындық көрсең жасыма, жақсылық көрсең тасыма» – деген есті сөз менің ұстанымым болды.
–Мүмкіндігіңше бүтін ойлы, бір сөзді болғанға не жетсін?! «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер-шешеге қарап қыз өсер» демекші, ұлағатты ұрпақтың қанат жаюы ата-анаға қатты байланысты. Әке өзін ісімен, ана өзін мейірімімен көрсете алған үйде береке де, бақта ұйып тұрары сөзсіз. Ынтымағы бар отбасының ырысы кеміген тұсы бар ма? Ұлағатты ұрпақтың түп қазығы – ол ата-ана тәрбиесі. Өзімнің жүріп өткен жолдарым мен жылдарымда жеткен жетістіктерім үшін ата-анама қарыздармын, – дейді біздің кейіпкеріміз.
Шыр етіп осынау өмірдің есігін ашқаннан кейін, адам баласы отбасындағы жандардың мейірімі мен махаббатына бөленіп өседі. Сәби шағыңда сол мейірім мен махаббат қаншалықты берілсе, сенің өмірге деген махаббатың да соншалықты болмақ. Өйткені отбасы жылуы сенің өміріңнің қалыптасуының бірден-бір баспалдағы. Осы баспалдақты жұбайы Ілескүл Әмірбекқызымен бірге бірқалыпты адымдап басып келеді. «Жақсы әйел – ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел ерінің басын көрге сүйрейді» демекші, ер азаматтың, оның құрған отбасының берекесі әйел адамға байланысты. Өйткені ер азаматқа қашанда қолдау көрсетіп, болашаққа барар жолда оған демеу болатын – болашақ жары емес пе?
Иә, расында «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген сөз бар. Пауалин мырзаның қоғамды өзіндік орны бар азамат болып қалыптасуына, несібелі, ырысты болуына, абыройдың арғымағына мінуі адал жары Ілескүл апамыздың арқасы десек қателеспейміз. Ол кісі талай жыл білім беру саласының дамуына үлес қосып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаздыққа өмірін арнаған жан. Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі медалінің иегері, білімді педагог, мәртебелі мұғалім.
Қазақ үшін қасиетті Құранның сөзіндей үш ұғым бар. Ол – Жер ана, Отан ана және өз анаң. Ана өмірдің бастау бұлағы болғандықтан, оның ниеті барша адамзаттың тілегімен бірдей. Таңмен таласа тұрып, күн ұясына батқанша жер бетіне тыныштық, береке мен ынтымақ тілейтін де ақ жүректі аналар. Әйел – болашақтың, жас ұрпақтың болжаушысы, барлаушысы, тәрбиешісі. Ұлттың батыры, ақыны, патшасы мен баласы осы бір нәзік болмыстың ақ сүтімен жетіліп, тәрбиесімен өсіп-өнеді.
Ұлттық-салт дәстүр мен адамгершілік қасиеттерге негізделіп құрылған отбасының іргесі берік болары хақ. Мұндай отаудың сәні мен шаттығы жарасым тауып, ғұмыры да ұзақ. Міне, сондай отауда қол ұстасып, қатар жүріп отағасы Пауалин мырза екеуі асықтай ұл мен қызды өмірге әкеліп, оларға тәлім-тәрбие береді. Бірі білікті құрылыс саласының маманы болса, екіншісі ұлағатты ұстаз. Осынау қадірлі қос мамандықтың иесі бір шаңырақтың астында мәнді де, мағыналы өмір кешіп келеді. Қызын қияға, ұлын ұяға қондырып, ата-аналық парызын өтеген өнегелі жандар.
Қызын өрісіне, ырысына балаған халық емеспіз бе? Пауалин аға мен Ілескүл апайдың үкілеген қызы Гүльзира да бүгінде екі баланың анасы атанған. Ол бүгінде Түркістандағы облыстық сотта бас маман болып қызмет атқарады. Гүльзира Алпысбаева өз ісінің білікті маманы. Ал күйеубаласы Саттарханов Мақсат Сейілханұлы подполковник, Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі болып қызмет атқарады. Екеуінен өрбіген ұл мен қызы Нұрай мен Дархан ата-әжесінің сүйікті немерелері. Оқуда озат, үлгілі оқушылар. Немересі Нұрай волейболдан өткен жасөспірімдер арасындағы жарыстан үш дүркін чемпион атанғанын айта кетейік. Ал немересі Дархан да өнерден кенде емес. Ол өзінің бойындағы актерлік шеберлігін көрсетіп, жасөспірімдер арасында шағын кинотүсірілімдерге түсіп жүр.
Кенжебай Туғанбаев 2023 жылдың 11 маусымында 43 жасында дүние  салды. Бауыр еті баласынан ерте көз жазып қалу ата-ана үшін оңай емес. Тағдырдың жазуына шара бар ма? Десе де қазақта «Орнында бар оңалар» деп жатады. Ұлынан өрбіген үш қамшы ұстары мен екі кесте тігер немерелері жасыл құрақтай жайқалып өсіп келеді. Сымбат, Жасұлан, Руслан, Айару, Мұса есімді сүйкімді, балдай тәтті немерелері тұрғанда баласы Кенжебайдың ғұмыры ары қарай жалғаса береді деп ойлаймыз. Олардың әрбірінде Кенжебайдың жүрек дүрсілі, іс-әрекеті, жарқын бейнесі, тәтті қылығы көрініс береді. Амал нешік? Алла өзі беріп, өзі алады. Оған көнбеске амалың жоқ.
Өмірден өз орнын тауып, бір-бір шаңырақтың иесі атанған балаларына қарап, Алпысбаевтар отбасы – бала тәрбиесінің алтын қазығы, сыйластығы мол, ауызбіршілігі берік орнаған отбасы екенін аңғару қиын емес. Өйткені бала тәрбиесі ол дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Ұлын ұлтжанды, қызын инабатты, сыпайы етіп өсіру ол әр ата – ананың міндеті болып табылады. Балалары ата-анасын, үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелтіп, әдепті қалпымен өз жұмыстарын адал да тыңғылықты атқарып жатса одан артық бақыт бар ма?! Осының бәріне әсіресе отбасындағы тәрбиені ең бірінші орынға қойған тату-тәтті, бірлікте өмір сүріп жатқан қарапайымдылымен ерекшеленетін Пауалин мырзаның тағы бір қыры деуге болады. Сегіз қырлы, бір сырлы тау тұлғалы азаматтың мұнан өзге де біз білмейтін қасиеттері мен жан-жақты қыры жетерлік деп ойлаймыз.
Шаңырағының ақылшысы, арқа сүйері Пауалин мырза болса, оның береке-бірлігін тасытып, шаттығын толтырып отыратын Ілескүл апай екеуі бірін-бірі демеп, сүйеу болып, өмір бойы ынтымағы жарасқан, үлгілі отбасы қатарынан түскен емес. Сонау мектеп партасынан басталған мөлдір сезім, балалық сыйластық есейе келе үлкен махаббатқа ұласып, бір сыныпта оқыған Ілескүл апаймен шаңырақ көтереді. Міне, сол уақыттан бері өмірдің қиындығы мен қызықшылығын, ащысы мен тұщысын бірге өткеруде. Ұстанған бағытында «үлкенге ізет, кішіге құрмет» көрсетуді  тәрбиенің бастауы деп білген олар жора-жолдас пен сыйлас жандарға беделге ие. Сонымен бірге жастарға өмірлік тәжірибесімен аянбай бөлісуден тынған емес. Қасындағы жандарға қызметте жүріп тіршіліктің тірегі  осы бес күндік жалғанда өмірдің мәні мансапта емес, мақсатта екенін әлі күнге түсіндіріп келеді. Саналы ғұмырын сарабдал істерге арнауда.
Отбасы – әрбір адамның жылы ұясы, құтты мекені. Нағыз берекелі қазақи отбасы деп айрандай ұйыған, тату тәтті, бірлікте өмір сүріп жүрген қарапайым қазақ отбасыларды айтамыз. Осындай отбасының бірі –Алпысбаевтар отбасы. Олай болса, елге үлгі болар ғибратты ғұмыр кешіп, халқына адал қызмет етіп, сіңірген еңбегімен дараланатын жандардың бірі – Пауалин Туғанбайұлының парасаттылығы, еңбеккештігі, адамгершілігі кейінгі ұрпаққа үлгі. Сондықтан да болар өмірі өнегемен өрілген жанның есімін жаңа туған нәрестеге беру дәстүрі халқымызда кең етек алған. Осы ретте Жолшыбек ағасының ұлы мен келіні Нұрбол мен Айбарша өздерінің немерелеріне есім қою үшін Пауалин мырзаға қолқа салып, өтініш білдіреді. Мұндай құрметке тек лайықты жандар ғана ие болатыны рас. Осы мерейлі сәтте дүниеге жаңа келген ұл балаға Пауалин деп өзінің есімін беруді ұйғарады. Бұл қасиетті құраннан алынған есім болғандықтан оның жауапкершілік жүгін абыроймен алып жүру үлкен мәртебе деп білеміз. Болашағы жарқын, даңғыл жол болсын деп жақсы ырыммен қойылған есім арқылы еліміздің атын шығаратын үлкен азамат боларына сенеміз.
Еңбек ету арқылы әрбір жан өмірдің алтын кілтін, бақыттың тұтқасын ұстайды. «Еңбексіз адам өзінің бар адамдық қасиетінен және барлық құнынан айырылады. Адам өзінің жеке еңбегінсіз бір адымда алға ілгерілей алмайды, бір жерге тұрақтап тұрып қалуға да тиісті емес, ол адам қайта кері кетеді», – дейді К.Д.Ушинский. Ал біздің кейіпкеріміз Пауалин мырза өмірдің қандай да қиындығына қасқая тұруды тек еңбек арқылы жеңіп келеді. Осы талай жылғы бейнетті еңбегі еленіп, кеудесі жарқыраған медаль мен орденге толды. Айталық, 2016 жылы «Тәуелсіздікке 25 жыл» медалімен марапатталып абырой биігінен көрінді. Ал 2018 жылы «Жергілікті әскери басқару органдарына 100 жыл» мерейтойлық медалін өр кеудесіне тақса, 2018 жылы «Халық құрметі» медалін иеленді. Сондай-ақ, осы жылы, яғни 2018 жылы «Қазақстанның құрметті азаматы» атты орденімен марапатталып, мерейі үстем болды.
Тіршілікте ғибратты ғұмыр кешіп, өмірде де, қоғамда да өз орныңды табу – жалпыға бұйырмас зор бақыт. Қарымды еңбек ету – ол да бір береке бастауы, азамат болып қалыптасу – əркімге парыз. Тек ізденіс пен күрескерлік, талап пен табандылық қана адамды парықты істің парасатына бөлейді. Міне, осындай ізгі мұрат жолында іргелі іс атқарып, ел ағасына айналған Пауалин Туғанбайұлының өмірі мен кәсіби өсу жолы ізденіске толы. Сол ізденіс арқылы бүгінгідей дәрежеге, халқының құрметіне бөленіп келеді. «Қазақстанның құрметті азаматы» деген атағының өзі неге тұрады?
Пауалин мырза әкесі Туғанбай атадан  дарыған барлық жақсылық пен еңбекқорлықты бойына жинап, даналықты көкірегінде сақтап, осыдан туындаған азаматтық, қайраткерлік қажыр-қайратын жас ұрпаққа арнаған қайсар жан. Оның өнегелі өмір жолы, отандық құрылыс саласын дамытуға қосқан еңбегі, қарымды қабілеті мен азаматтық болмысы, биік парасаты өсер ұрпаққа үлгі-өнеге болып келеді.
«Сен дүние есігін ашқанда жылап кел­дің, басқалар қуаныштары қойындарына сыймай күліп қарсы алды. Кейін өзің бұл жалғаннан күліп кетіп, басқалар жылай­тын­дай өмір сүр», – дейді екен қытай ғұламалары. «Всег­да выбирайте самый трудный путь – на нем вы не встретите конкурентов», – деген Шарль де Голль сөзі де қытай даналы­ғы­мен үндес. Өмірдің мәні – мансапта емес, мақсатта. Десек те, Алла Тағаланың аманатқа берген аз өмірінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп, ел айта жүрер айтулы еңбек жасаудан, ұлт­т­ың ұлы, халықтың баласы болудан асқан бақ бар ма?!
«Өзін ойлаған – құлқынның құлы, халқын ойлаған – ұлы» деген дана халқымыз. Паулин аға халқын ой­ла­ған қайраткер!
«Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» деген Саққұлақ шешен бабамыз. биік болмысын, табиғатын, тума талантын тарқататын да айшықтайтын түйін осы. Бір сөзбен айтқанда, Паулин Алпысбаев өмірде де, қоғамда а да айқай-шусыз, дау-дамайсыз, ақырын жүріп, анық басып, арық айтып, семіз шығып, ауқымды істер тындырып келе жатқан бойында рухы, жүрегінде иманы мол жан.
Ұлтымызда «алтын сүйген азады, халқын сүйген оза­ды» деген аталы сөз бар. Халқын сүйіп, ғибратты өмір сүріп, жарасымды жанұяның үлгісін Ілескүл апаймен бірге көрсетіп келетін арда азаматтың өмірі жасқа ғана емес, жасамысқа да үлгі. Адамгершілікті ар тұтқан, адалдық жалауын желбіретіп жүрген ағамызға бүгінгі қоғам, қауым тарапынан көрсетіліп жатқан құрметтің бір себебі, міне осында деп білеміз.
Ендеше, бүгінгі мерейлі жасыңыз құтты болсын! Елге сіңірген ерен еңбегіңіздің мол зейнетін көріп, құрметке бөлене беріңіз жаны жомарт, жолы даңғыл, жайсаң аға дегіміз келеді!