Игілік Баян Қалдыбекқызы

Тартымды күйші, тәлімді ұстаз — Игілік Баян Қалдыбекқызы
Әр адамның өмірінде ерекше бір сәттер, маңызды тұлғалар, айқын бағыт-бағдарлар болады. Игілік Баян Қалдыбекқызының өнер жолындағы алғашқы ұстаздары өз отбасы болды. Әкесі халық әндерін сырлы үнмен шырқап, әжесі немересіне қазақтың дәстүрлі әлдиін айтқанда, кішкентай Баянның жан дүниесіне күй мен ән өнерінің жарық сәулесі еніп, болашақ тағдырына жол ашқандай еді. Сәл кейінірек домбыраның үнін жүрегіне сіңіріп, ата-анасының қолдауымен өнерге бағытталған бала осы аспапты үйреніп, жан дүниесі күйге толы тұлға болып қалыптасуға бет алды.
7-8 жасында домбыра үйірмелеріне қатысқан Баян, уақыт өте келе Қызылорда қаласының музыка мектебі мен музыкалық колледжіне түсіп, өз талантын шыңдауды жалғастырады. Бұл оқу орындарында алған білім оның өнеріне тереңдік пен шеберлік сыйлап, күй әлеміне деген махаббатын күшейтті. Домбыра тарту шеберлігін шыңдау мақсатында 1994 жылы Алматыға қоныс аударып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Осы оқу ордасында ҚР халық әртісі, күйші-профессор Қаршыға Ахмедияровтан тәлім алған жас көп ұзамай өзінің табиғи талантымен танылып, өнер жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Халықаралық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленуі оның рухын шыңдап, болашаққа деген сенімін арттырды.
Игілік Баянның өміріндегі тағы бір маңызды кезең – ғылыми және зерттеу жұмыстарына арналған уақыты болды. Өнер саласындағы білімін жетілдіруді мақсат етіп, ол 2016-2018 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығы бойынша магистратурада білім алып, «Алтай (Шыңжаң, ҚХР) қазақтарының ХІХ-ХХІ ғ. күйшілері» тақырыбында диссертация қорғады. Бұл тақырыпты зерттеуі қазақ күйшілерінің тарихы мен мұраларын сақтау ісіне зор үлес қосып, өз халқының музыкалық қазынасын болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатын көздеген ізденуші екендігін дәлелдеді.
Өмір жолында Игілік Баян сан алуан зерттеу еңбектерін, күй жинақтарын жарыққа шығарды. Олардың ішінде 2011 жылы жарияланған «Алыстағы шұғыла» атты күй жинағында Шыңжаң қазақтарының 62 күйі нотаға түсіріліп, CD жазбасымен бірге шықты. Бұл еңбегі қазақ халқының мәдениетіне қосқан құнды үлес ретінде танылды. 2020 жылы «Өр-Алтай қазақтарының музыкалық қазынасы» монографиясы жарық көріп, ұлттық мұраларды зерттеу мен танымдық қызметін байытты. Оған қоса, «Ертіс толғауы» мен «Домбыра мен фортепианоға арналған шығармалар хрестоматиясы» жинақтары баспадан жарық көрді.
Күйші әрі ұстаз ретінде өнерге қосқан еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2021 жылы Игілік Баян Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, 2023 жылы Жоғары оқу орындарының қауымдастығы тарапынан «Үздік ғылым қызметкері» атағына ие болды. Ал 2024 жылдың наурызында «Болашақ» бағдарламасының грантын жеңіп алып, Италияның Флоренция қаласында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алып, әлемдік тәжірибемен өз білімін кеңейтті.
Қазіргі таңда Игілік Баян Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық қызмет атқарып, жас домбырашыларды өнер әлеміне жетелеуде. Шәкірттерінің әрқайсысына күй өнерінің тереңдігін, мәнін, рухани биіктігін түсіндіруге бар күш-жігерін салып келеді. Ұстаз ретінде шәкірттерінің жүрегіне күй өнерін дарыту арқылы қазақ халқының болашақ ұрпағына ұлттық мұраны аманаттауды өзіне парыз санайды.