Мейірбике – науқастың саулығына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашырының бірі. Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруына тікелей байланысты екені анық. Осы орайда, ақ халаттылардың айнымас серігіне айналып, науқастардың дертіне дауа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысы Жұқанова Алмагүл Бақтиярқызының еңбегін ерекше атауға болады. Жұқанова Алмагүл Бақтиярқызы 1970 жылы шіліңгір шілде айының 3-жұлдызында Атырау облысы, Балықшы ауданы, Дамбы ауылында дүниеге келді. Атасы Жұқан Ұлы Отан соғысына қатысқан, ұлағатты ардагер. Осындай елін сүйген батыр, тау тұлғалы жанның бүгінгі ізін жалғаған салиқалы ұрпағы да сан салада қызмет етіп, абыройлы еңбек етуде. Әкесі Жұқанов Бақтияр 1942 жылы қыркүйек айының 5 жұлдызында өмірге келген. Өкінішке қарай өмірден ерте кеткен. Десе де ол өзінің еңбекқорлығымен, адалдығымен, ақкөңілдігімен жақындарының мәңгі есінде қалғанынын айта кету керек. Ардақты анасы Ғазизова Қалампыр 1943 жылы шілде айының 17-жұлдызында дүние есігін ашқан. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты ана. Отағасынан ерте айырылып қалса да, бір өзі екі ұл, үш қызды бағып-қағып, өмірден өз орындарын табуға үлкен еңбек сіңірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінде балаларының рахатына кенелуде. – Анам мен үшін биік тұлға! Осы уақытқа дейін аянбай еңбектеніп, бізді асырап бақты, егін шаруашылығында да,балық шаруашылығында да еңбек етті. Қаншама қиындық көрсе де жігері мұқалмай, адал еңбек етті. Ақкөңіл, жібек мінезді анамызға әрқашан бас иемін, – дейді Алмагүл Бақтиярқызы. Иә, адалдық пен мейірімділік, еңбекқорлық пен парасаттылық, ақжарқын көңілділік, сыйластық, сұлулық, жібектей мінез, ерекше қамқорлықты анасының ақ сүтімен бойына дарытқан ұрпағы да елге сыйлы, қадірлі , абыройлы болып көптің батасын алып жүр. Алмагүл Жұқанова Атырау облысы, Балықшы ауданы, Дамбы ауылындағы 10 жылдық Амангелді орта мектебіне 1977 жылы 1-сыныпқа қабылданды. Сабақты жақсы оқып, үлгілі, екпінді оқушы болды. 1985 жылы 8-сыныпты бітіріп, арман қуып ол кезде, Гурьев медициналық училищесіне Медбике мамандығына оқуға тапсырады. Жолы болып, емтиханнан ойдағыдай өтіп, аталған оқу орынына оқуға түседі. 1988 жылы оқу орнын аяқтап, мейіргер мамандығын игеріп шықты. Осы жылы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен Маңғышлақ облысы, Ақтау қаласына, жұмысқа жіберіледі. Ал 1989 жылы туған жеріне, Атырау қаласына оралып, алғашқы еңбек жолын туған жерінде, Балықшы аудандық балалар ауруханасына медбике болып жұмысқа орналасудан бастайды. 1994 жылы Қалалық балалар емханасына ауысып,мектеп мейіргері болады. 2014 жылы емханада өзгерістер болып, №1 қалалық емханаға ауыстырылады. Қазіргі таңда №1 емханаға қарасты, Атырау қалалық №3 мектеп-гимназиясында еңбек етіп келеді. Оқушылармен, олардың ата- аналарымен,мектеп ұжымымен бірлесіп еңбек етіп келеді. –Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Сол себепті мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды, дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде. Медицина саласына сіңірген еңбегі еленіп, бірнеше Алғыс хаттар,мақтау қағаздарымен марапатталған. Айталық, 1991 жылы 7 наурызда емхана басшылығынан 8 наурыз мерекесі күніне алғыс алды. 1991 жылы 12 маусымда емхана басшылығынан медицина қызметкерлері күніне алғыс иеленді. 1993 жылы 16 маусымда емхана басшылығынан медицина қызметкерлері күніне алғыс алды. 2002 жылы 14 маусымда кәсіби мерекеге орай әкімшілік атынан алғыс алды. 2014 жылы мектеп әкімшілігінен 8 наурыз күніне мадақтау қағазын алды. 2016 жылы «Ас- адамның арқауы» тақырыбында өткен шарада ІІ дәрежелі диплом иегері болды. 2019 жылы мектеп әкімшілігінен «Белсенді еңбегіңіз үшін» деген алғыс хат алды. 2020 жылы мектеп әкімшілігінен 8 наурыз күніне алғыс хат алды. 2021 жылы Қалалық 1 емхана атынан медицина қызметкерлері күніне Құрмет грамотасыналды. 2021 жылы Қалалық 1 емхана атынан медицина қызметкерлері күніне Құттықтау хатын иеленді. Бүгінгі таңда жоғары дәрежелі мейірбике, өз ісіне адал қызметкер. Жұмыстың жеңіл-ауырына қарамастан өз ісіне жауапкершілікпен қарауды ұстанады. – Қызығы мен қиындығы мол мамандығым өзіме ұнайды, талай жақсы адамдармен әріптес атанып, қызметтес болдым. Ең бастысы, өз ісімді жақсы көріп қана қоймай, төзімді болу керек екенін жақсы түсінемін. Еңбек жолымда әртүрлі қызықтар да, қиындықтар да кездесті. Қызметте жүрген әр минут, әр сағат, әр күндер мен үшін өте сәтті де бақытты өтуде десем артық айтқаным емес. Бүгінде заман ағымына сай орта буын медицина қызметкерлеріне қойылатын талап деңгейі де жоғарылады. Қазіргі заманауи медбике жоғары білікті, терең білімді болуы қажет, – дейді өзінің талай жылғы тәжірибесімен бөлісіп. Алмагүл Бақтиярқызы абыройлы қызмет ете жүріп, отбасының құндылығын да ұмытпады. Ол 1997 жылы Кабдулов Сәрсенбай Меллятұлымен тұрмыс құрды. Жолдасы ақкөңіл, адал ақжарқын жан. Сегіз қырлы бір сырлы жігіт ағасы. Ол 1977-1982 жылдар аралығында Оралдағы ауыл шаруашылығы институтында білім алды, мамандығы инженер-механик. Екеуі Бекзат есімді ұл тәрбиелеп, үлгілі отбасы атануда. Болашағынан көп үміт күттіретін Бекзат – Батыс Қазақстан инженерлі-технологиялық университетінің1-курс студенті. Әрдайым өзінің ата-анасын үлгі етіп, өнегелі өмір жолын мақтан ете білген мейіргердің алға қойған мақсат –мұраты көп. Ол ең алдымен отбасының татулығы мен бірлігін бірніші орынға қоятын ардақты ана. Одан кейін талай жылғы тәжірибесін жастарға айтып, бағыт-бағдар беру. –Жастар үшін ең бастысы – білім. Себебі білімді азамат өзін еркін сезінеді, болашаққа сеніммен қарайды және қай бағытта қозғалу керек екенін біледі. Әрбір жас осыған ұмтылуы тиіс. Әрине, мамандық таңдау – күрделі мәселе. Еңбек адамның адами қасиеттерін, тұлғалық қабілеттерін қалыптастыратын шешуші күш. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі баршаға ғибрат, – дейді жүзінен мейірім төгілген мейірбике. Гиппократ антына берік ақ халатты жандардың еңбегі қашан да өлшеусіз. Өзінен бұрын өзгенің денсаулығының жақсарғанын қалайтын абзал жанның бірі де бірегейі – Алмагүл Бақтиярқызының ел медицинасының ілгерілеуіне қосқан үлесі зор. Білім білігі, тәжірибесі мол маманның әлі берер тәлімі ұзағынан болғай!