ЕҢБЕКТЕНГЕН ДӘРІГЕРДІ ЕЛ АЛҒЫСЫ ТІКТЕЙДІ «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты» деп Шопенгауэр айтқандай, адамның ең қымбат байлығы – денсаулық. Ал денсаулықтың қорғаны – дәрігер. Рас, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ақ халаттыларды іздей бастаймыз. Жаны ауырған әрбір адамға қол ұшын беруге дайын тұратын ізгі ниетті жандар ортамызда баршылық. Соның бірі – медицина ғылымдарының кандидаты, көптеген медициналық ғылыми еңбектердің авторы, бүгінде қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы – Усенов Ғани Құралбайұлы. Дәрімен де, сөзімен де адам ауруына шипасын беріп, көңілге сәуле сеуіп жүрген жанның жақсы істері қағаз бетіне түсіп жатса, айып бола қоймас. Жалпы, медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саланың бірі. Сол себепті кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты меңгеру оңай емес екенін мойындайды. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында қателесуіне болмайды. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілін жетік меңгеруі міндетті. Халық денсаулығының мықты болуы – медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында екені белгілі. Осы ретте, денсаулық саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленген білікті дәрігермен тілдеспек болғанымызда, алдымызда кезекте тұрған науқастардың көптігін айтып, кейін хабарласуымызды сұрады. Осыдан-ақ Ғани Құралбайұлының өз ісіне берілгендігін, жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтынын аңғардық. Еңбек иесінің балалық шағы аспанмен астасқан таулы аймақ оңтүстік өлкесінде өтті. Заманында анасы – мұғалім, әкесі – инженер маманы қызметін атқарыпты. Текті әке мен анадан алған тәлім жас Ғаниды сонау саралы, мақсатты өмір жолына жетеледі. Әр бала кішкентай кезінен қиялшыл болады ғой. Кейіпкеріміз де бала күнінен дәрігер болуды армандаған жанның бірі. Ол сол арманына жету үшін алғашқы студенттік шағын кең мен қазбаға бай өлке арайлы – Ақтөбе өңірінен бастады. Арман қуып осынау шаһарға келген жас жігіт мұндағы қазыналы қара шаңырақ, іргелі білім ордасы – Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнының білікті оқытушылары оның нақ осы салаға деген қызығушылығын арттырып, көкірек көзіндегі жасырынып жатқан білтесін тұтатты. Сөйтіп, 1995 жылы «Жалпы медицина» факультетін тәмамдаған студент әрі интернатурада жылға жуық уақыт уролог мамандығы бойынша білімін шыңдайды. Осылайша, оқу орнының қабырғасында алған білімін алдағы өмір жолында игіліне пайдалануға білек сыбана кіріседі. Ғани Құралбайұлының алғашқы еңбек жолы тарихқа бай өлке, киелі Түркістан қаласынан басталды. Кіндік қаны тамған өлкеге қайтып келген перзент Түркістан қалалық ауруханасына уролог-дәрігер маманы ретінде жұмысқа қабылданады. Мұнда жүріп тәжірибесін шыңдады. Аурухананың кәсіби білікті мамандарынан алған тәлімі де аз болмады. Жылдар бойғы еселі еңбектің арқасында алғашқы дәрігерлік баспалдақтан сүрінбей өтіп, нақ осы саланың екінші сатысына көтерілді. Яғни, 1997 - 2002 жылдар аралығында Шымкент қаласының амбулаториялық хирургия және травматология орталығының урологы қызметіне ауысып, жұмыс атқарды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін кейіпкеріміз алдына келген пациенттеріне мейлінше қамқорлық танытты. Жанына араша болуға, еміне дауа іздеуге тырысты. Дегенмен, жас маманның мұндағы қызметтік миссиясы ұзаққа созылмады. Ол нақ 2002 жылдың наурызында Қ.А.Ясауи атындағы МКТУ клиникасының гемодиализ бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Жалпы дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер адам өмірінің арашасы екенін білуге тиіс. Сондықтан ел тілегін жанына демеу еткен, Гипократ антына адал дәрігерге арада 10 жыл өткенде аталмыш клиникадағы лауазымды, әрі құрметті қызметі ұсынылды. Осылайша, Ғани Құралбайұлы клиника директорының бірінші орынбасары қызметіне өсті. Бұдан өзге де білікті маман иесінің лауазымды қызметтерді тізгіндегенін айта кеткен жөн. Мәселен ол бір кездері №2 қалалық аурухананың бас дәрігерінің емдеу-профилактика жөніндегі орынбасары, «Глэдис» клиникасының директоры әрі бас дәрігері болды. Тіпті, 2020 жылы шырайлы Шымкент шаһарындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің ішкі аудит жөніндегі орынбасары сияқты басшылық қызметтерді атқарды. Ал жыл басынан бастап қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы лауазымына лайық деп танылып, қазіргі уақытта да нақ осы аурухананы басқарып отыр. Басшымын деп кабинетінде отырып алмай, таңнан қара кешке дейін жанына шипа іздеген науқастың қас-қабағын қарап ем-домын жасап жүрген азаматтың мәртебесі қашан да биік екені сөзсіз. Басшылығы – бір төбе, азаматтығы – бір төбе! Абыройлы қызмет пен бірге ғылыми ізденісті қатар алып, қазақ медицинасына үлес қосып жүрген кейіпкеріміз «Бүйрек жеткіліксіздігінің терминальді сатысындағы науқастарды емдеуде қолданылатын артериовенозды фистуланы қалыптастыру әдістерін оңтайландыру» тақырыбында, Алматы қаласы ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2011 жылдың 4 мамырдағы шешімімен «Медицина ғылымдарының кандидаты» диссертациясын қорғап, ғылыми дәрежесі берілді, яғни өз саласының кәсіби, білікті маманы. Осы уақытқа дейін көптеген зерттеу кітаптарын жазып, монографияларды жарыққа шығарды. Ғылыми ізденіс үстіндегі 12 жылдан астам уақыт шеңберінде 35 ғылыми мақаласы түрлі ғылыми журналдарда жарық көрді. Әсіресе, Ғани Құралбайұлының «Бағдарламалық гемодиализге жүгінген науқастарға білекке артериовенозды фистула жасау әдісі» атты зерттеу жұмысы бүгінгі ҚР бойынша алынған инновациялық патент медицина саласындағы тың жаңалықтардың бірі әрі бірегейі. Жаны – жайсаң, қолы – алтын маман иесінің жылдар бойғы теккен тері еленіп, жеткен жетістігі де ұшан-теңіз. Түрлі марапат пен құрметті төсбелгілері толағай. Айталық, ол: 2011 жылғы «ҚР Денсаулық сақтау ісінің Үздігі» медалін иеленді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы» марапатына лайықты деп танылды. Әрі 2022 жылы ҚР Медицина қызметкерлері қоғамының «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін еншіледі. Ал былтыр ҚР Медицина қызметкерлері қоғамының «Денсаулық сақтау ісінің Үздігі - 2023» төсбелгісін тақты. Мұндай мәртебелі марапаттарды кез келген маман иесі ала бермейді. Нағыз жүзден – жүйріктері ғана иелене алады. Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген Ғани Құралбайұлының бүгінде арқа сүйер, үміт артар 3 баласы бар. Олар да әкесінің жолын қуып дәрігер маманы болуға ынталы. Қазір 2 ұлының бірі – әкесі сынды уролог-дәрігер қызметін атқарады. Бұл орайда ұлының әкесінен үйренері көп-ақ... Кейіпкеріміздің 2-ші ұлы мүлдем басқа салаға назар аударған. Яғни, ІТ инженер мамандығы бойынша білім алып жатқан студент. Ал қызы психолог маманы. Өз мамандықтарымен орындарында абыройлы қызмет атқаруда... Қазақ халқын да: «Жақсы әкенің аты – балаға қырық жыл азық», деген керемет аталы сөз бар. Ендеше, Ғанидей әкесін көріп, оқ жонар ұл мен қыздың болашағы да жарқын болары сөзсіз. Дегенмен, әкенің арманы отбасының жарқын келешегі ғана емес, елдің ертеңі... Бұл ретте кейіпкеріміздің:
«Алдағы мақсатым: Қазақстан Республикасының азаматтарына жоғары сапалы медициналық қызметтер көрсететін заманауи инновациялар мен технологияларды пайдалана отырып, білікті мамандармен жасақталған бәсекеге қабілетті емдеу-профилактикалық медициналық ұйымын құру. Әрі өзімнің ұстанымдарым мен мәндерім арқылы сапаға бейілділік, кәсіпқойлық, тәлімгерлік, командалық жұмыс арқылы науқастарға қызмет көрсету...» деген ой оралымдары есімізде.
Жалпы бұл кісі туралы азды-көпті сөз қозғап, ой-пікірімді ортаға салып отырғаным, әрбір адамның өзіне тән қадір-қасиеті, қанына сіңген, жанымен бірге жаралғандай болып қалатын мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, өрісі, сырттан байқалатын сабырлылығы мен сырбаздығы ерекшеленіп тұратындығы. Жалпы өзінің табиғатында, айналасына мейірімділік шуағын шашқан, үлкен жүректі жан. Баршамыз мойындайтын тіршілік заңының бірі, азаматтық қадірін көтеріп, ел алдында жүзін жықпайтын адам – сүйген жары деп білемін. Оның ыстық ықыласы, еңсесін көтерер демеуші, тек жанашырлық емес, азаматтық мәртебесін көтере білгендіктен, үйдегі жұбайының да орны бөлек. Қай мезгілде барсаңыз дастарқаны жаюлы, қонақжай, қазақ әйелдеріне тән қалпынан айнымайтыны тағы бар. Абыройлы ағаның мағыналы, мазмұнды өмірі, ұрпақтарына өнеге болуға лайықты. Баға жетпес қазына адам денсаулығын қорғау, дәрігер міндетін ар міндеті деп білетін ақ желеңді жандардың өмірі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа аманат ету болса, бұған ол кісінің өнегелі өмірі дәлел бола алады. Ендеше, Ғани Құралбайұлына мағыналы да, парасатты ғұмыр, еңбекте шығармашылық табыстар тілейміз. Дәйім ел медицинасының дамуы жолында тыңғылықты еңбек етіп, ақжолтай жаңалықтардың жаршысы болсын, деген ниеттеміз!!!