Абсултанов Байғабыл

Туған жерін түлеткен арда азамат

Адамдық парасаттың биігінен аласармаған, табиғат берген болмыс -бітімнен ажырамаған ел ішінде арда азаматтар әлі да бар. Олардың ел өмірін жақсартуға, қоғамды алға сүйреуде еткен еселі еңбегі орасан. Сондай тау тұлғалы азаматтың бірі – Абсултанов Байғабыл 1953 жылдың 25 мамырында Қазалы ауданы, Карл-Маркс колхозында дүниеге келген.
Әкесі Жасақбаев Әбсұлтан 1920 жылы Қазалы ауданы Жаңатал елді мекенінде дүние есігін ашқан. Жетіжылдық білім алғаннан кейін Рабфак-ты бітіріп, 1940-1942 жылдар аралығында ұстаздық қызметте болған. КПСС мүшесі. 1942-1950 жылдары ауылдық кеңестің хатшысы, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған. Тыл майданын да шаруашылықтың ұйымдастыру  жұмыстарымен де  айналысқан.             
1941-1945 жылдары Ұлы отан соғысы кезіндегі тылдағы қажырлы еңбегі ескеріліп «Ерен еңбегі» үшін медалы мен және мақтау қағаздарымен марапатталған. 1950-1978 жылдар аралығында бас есепші, дүкен меңгерушісі,пошта бөлімшесінің меңгерушісі, май тарату базасының меңгерушісі, мал өнімдерін дайындаушы, гидротехник қызметтерін атқарған.
Ауылшаруашылық саласында еңбек етіп, ауыл экономикасын көтеруде өзінің лайықты үлесін қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Көп жылғы қызметінің нәтижесінде аудандық, мекеме мақтау қағаздарымен бағалы сыйлықтарымен марапатталған. Еңбек жолында бірнеше рет ауылдық кеңестің депутаты болып сайланған.
Ал анасы Жасақбаева Алма 1926 жылы туған. Ерінің тапқан табысын ұқыптылықпен жаратып, бала тәрбиесімен айналысқан аяулы жан. Шаңырақтың шаттығы мен берекесін келтіріп, 11 баланы дүниеге әкелген «Алтын құрсақты» ана.  Оның 5-уі ер, 6-уы қыз бала. Бүгінде перзенттерінің барлығы қоғамда өз орнын тапқан жайсаң жандар.
Байғабыл аға отбасында ұлдың үшіншісі. Алдында арқа сүйер екі ағасы, бір апасы бар. Ізінен ерген іні-қарындастары қашанда жанынан табылып,қолқанатына айналған. Ол 1960 жылы №88 «Октябрь» атындағы орта мектепке барып, 1970 жылы осы мектепті бітіріп, Қазалы ауылшаруашылығы техникумының «ауылшаруашылығын механикаландыру» бөліміне түседі. Азаматтық борышын 1971-1973 жылдар аралығында Кеңес Әскері қатарында өтеп, оқуын қайта жалғастырады. 1975 жылы Қызылорда ауылшаруашылығы техникумын аяқтап техник- механик,1991 жылы өндірістен қол үзбей Алматы қаласындағы Еңбек Қызылту орденді Қазақ ауылшаруашылығы институын бітіріп, инженер-механик мамандығын игереді. Оқу бітіргеннен кейін жолдамамен Қазалы ауданындағы «Октябрь» күріш совхозына техника қауіпсіздігінің инженері болып жұмысқа орналасады. Бұл жерде 10 жылға жуық совхоздағы барлық жұмыс орындарының техника қауіпсіздігі ережелерінің қатаң сақталуын бақылауға алып, жолға қоя білді. Білікті маманның жұмысқа деген жауапкершілігі арқасында өндірісте жарақат алу көрсеткіші төмендеді. Арнайы кабинет жабдықталып, барлық өндіріс орындарында уақытылы техника қауіпсіздігі ережелері таныстырылып, көрнекі құралдарымен қамтамасыз етілді.
         1976-1986 жылдар аралығында «Октябрь» атындағы күріш совхозында қызмет атқарған кезде директорға ұсыныс жасап, ауданда бірінші болып машина ауласын орталық шеберханадан бөлек шығарып, ауылшаруашылық техникаларын сақталуына көңіл бөлініп, жақсы жолға қойылды. Бұл кезде Байғабыл аға совхозда машина ауласының меңгерушісі қызметінде болатын. Аудандық семинарда жүлделі орынға ие болған. Машина трактор шеберханасының меңгерушісі қызметін атқарған кезде совхоз директорына ұсыныс жасап, механизаторларға жағдай жасау мақсатында және сапалы, тиімді жұмыс істеу үшін шеберханаға жылу жүргізіліп қыстың аязында жылы жерде жұмыс жасауға мүмкіндік туды. 1986-1988 жылдар аралығында Совхоз директорының орынбасары қызметінде мал азығын дайындау кезінде облыстық, аудандық ауыспалы Туларын бірнеше рет жеңіп алды. Совхозда мал азығынның мол қоры дайындалды. 1988-1991 жылдар аралығында Кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарған кезде совхоз дирекциясымен партия ұйымен бірлесе жұмыс жасаған. Егіншілер мен малшылар және механизаторларды ынталандыру мақсатында социалистік жарыстарды ұйымдастыру, олардың тиімді жұмыс жасауына, дала қостарында механизаторлардың дұрыс демалуына жағдай жасаудың нәтижесінде совхоз үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Совхоздың экономикасы артып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Ауылды көркейту жұмыстары жолға қойылады. 1991-1992 жылдар аралығында Совхозда бас инженер қызметін атқарған кезде де техникалардың тоқтаусыз жұмыс жасауына, машина-трактор паркін пайдалану коэфициенті 90 пайыз қамтамасыз етілді.Техникаларды сапалы жөндеу мен тиімді пайдаланудың арқасында науқандық жұмыстардың (егісті егу,егін жинау) қысқа мерзімде жинап алуға мүмкіндік жасағанын біреу білсе, бірі біле бермейді. Совхоз егіннен мол өнім алып, облыста 100 мың центнер күріш өндірушілердің қатарына қосылды.
      Жұмысқа жанын салып, үлкен жауапкершілікпен атқаратын білікті маман қай кездеде сұранысқа ие. Бағабыл Абсултанов аудандық «Агропромтехника» бірлестігінің бас инженерлік қызметіне шақырылып, осы мекемедегі  азғана уақыт ішінде аудан шаруашылықтарынан жөндеуге келген тракторлар мен басқа да қосалқы бөлшектердің сапалы жөнделуіне, шаруашылықтарға сервистік қызмет көрсету жұмыстарын ұйымдастыруға ықпал жасады. Аудан әкімі Нажмадин Мұсабаев Ғ.Мұратбаев колхозына төрағалық қызметке колзозшылардың жалпы жиналысына ұсынып, колхозшылар бірауыздан қолдап, төрағалыққа сайланады.
         Бұл уақытта Одақ тарап сырттан қосалқы бөлшектер және басқа шаруашылыққа қажетті құрал жабдықтар қамтамасыз етілмей тұралап тұрған кез. Шаруашылық егіннен өз дәрежесінде өнім алмаған. Мал басы қосалқы бөлшектерге айырбасталған. Колхозшыларға айлық берілмеген. Кейбір колхоз мүшелерінің үйінде жейтін наны болмаған күндер болды. Электр жарығы жоқ. Аудан басшысының қолдаумен егілетін егінге тұқыммен жанар-жағар майлармен қамтамасыз етіліп, мол өнім  алуға атсалысады. Соның нәтижесінде халықтың тұрмысы жақсара бастады. Айлықтың есебінен салы берілді. Салыны айырбастап тұрмысына қажетті заттарын алды. Әлеуметтік төмен отбасыларға колхоз есебінен көмек жасалды.
        Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарындағы ұмытылмас мына оқиғаны Байғабыл аға былайша еске алады:
–         Мектепте электр жарығы жоқ, жылу болмай сабақ тоқтайтын дәрежеге жетті. Қиындықтан шығудың жолын қарастырып колхоз тарапынан пеш салатын ұсталарға еңбек ақысына салы беріліп, 20 пеш салынып тығырықтан шықтық. Ауыл орталығында бұрын дүкен болған ғимарат бос тұрған болатын. Ауыл ақсақалдары келісіп, мешітке бейімдеп беруге ұсыныс айтты. Олар қол көмектерін беріп, колхоздан жұмысшылар беріліп 4-айда жөндеу жұмыстарын аяқтап, мешітті пайдалануға бердік. Орталық алаңға колхоз есебінен «Ер есімі- ел есінде» атты 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысында қайтыс болғандырға арнап ескерткіш орнатылды.Алға ауылдық округіне әкімі қызметіне аудан әкімі Айтбай Көшербай тағайындаған кезде маған ауыл тұрғындары «Бірқазан» каналын тазартып беру жөнінде көптен айтып жүрген ұсынысы бар, соны қолға аларсың деген болатын. Бірінші кезекте осы жұмысты қолға алу керек. Себебі ауыл тұрғындары «Бірқазан» каналын аяқ жағында орналасқан «Айтбай» учаскесіне бақша егеді екен, канал көп жылдардан тазартылмаған,су жүрмей, егілген дақылдарға су жетіспей қиындық көріп келеді екен. Аудан әкіміне кіріп қаражат мәселесін шешіп каналдың техникалық паспорты мен сметалақ жобасын жасаттырып, облыстық мәслихаттың сесиясына ұсыныс жасалып, облыстық мәслихаттың депуттары қолдап 26 млн теңге қаражат бөлінді. Канал тазартылғаннан кейін  «Айтбай » учаскесіне 200 - тұрғын бақша дақылдарын екті. Аудандық семинар ұйымдастырылып, ауыл округ әкімдері қатыстырылып атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Қазір тұрғындар игілігіне пайдаланып отыр» – дейді.
Иә, тоқырау жылдарындағы қиындықты еңсере алған ел азаматтарының ісі ерлікпен тең деуге болар. Жоғары жақтағы басшылардың тілін тауып, жоқтан бар жасай алған олардың еңбегі өлшеусіз. Сол кездерде ауылдан облыстық мәслихат депутаттығына тексеру комиссиясының төрағасы Ж.Шәріпов ағаның көмегі көп тиген екен. Көшелерге алғаш болып жарық шам орнатылды. Көркейту көгалдандыру жұмыстары қолға алынып ауыл жасыл желекке бөлене бастады. Әлеуметтік отбасылары есепке алынып, тиісті көмек жасалды. Ауылда жастар жұмыссыз. Сыртқа жұмыс істеуге кеткен. Жалғыз Тажмұратов Төремұраттың қожалығы күріш егеді. Қожалық 350 гектар күрішке қажетті 50-60 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Жұмысқа жарамды қалған тұрғындар бос жүр. Тығырықтан шығу үшін ауыл ақсақалдары мен ақылдаса келе, жер үлестері бар тұрғындармен жалпы жиналыс өткізіп, бос жатқан жерлерді пайдалану үшін ауылға инвестор тарту керек екенін түсіндіреді. Ауыл ақсақалдары А.Томаев, С.Манауов, Н.Абсултанов, М.Орынбаевтар болып, «РЗА» АҚ президенті С.Имандосовқа келіп, барлық жағдайды түсіндіріп ауылға инвестор болуға ұсыныс жасалады. Ол кісі көп ойлана келе, инвестор болуға келісімін береді. Келісім алғаннан кейін аудан әкімі Айтбай Көшербайға болған жағдайды айтып, ол кісінің де келісімін алады. Келесі 2010 жылы «РЗА» АҚ екі бригада ұйымдастырып, 1000 гектар күріш егіледі. Ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына, уақытылы еңбекақыларын алуларына мұрындық болған Байғабыл аға бұл ісін «атақ үшін емес, туған елімнің гүлденіп, өркендеуі жолындағы атқарған азаматтық паразым» деп біледі. Бұған алдыңғы толқын ағалары аудан әкімдері Жарылқасын Шәріпов, Самұрат Имандосов, Нажмадин Мұсабаев, Айтбай Көшербай, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Р.Жанаев, совхоз директорлары Ж.Нұрмағанбетов, О.Рахметов, Қ.Әлімбаев, М.Дүйсенов замандастары мен басқада жаны ашитын кісілердің көмегі көп тигенін де жасырмайды.  Қажет кезде ақыл кеңестерін беріп, істеген еңбегін бағалап, қызметке сатылап өсуіне зор ықпалын тигізді.
Байғабыл Абсултанов 1975-1986 жылдар аралығында «Октябрь» күріш совхозында техника қауіпсіздігінің инженері, машина ауласының меңгерушісі, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, 1986 жылдың мамыр айынан 1991 жылдың қазан айына дейін «Кеңес Одағының Батыры Үрмаш Түктібаев» атындағы совхозда совхоз директорының орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы, бас инженер қызметін атқарған. 1991 жылдың қазан айынан 2010 жылдың ақпан айына дейін Қазалы аудандық агропромтехника бірлестігінің бас инженері, Қазалы аудандық топырақ құнарлығын арттыру бірлестігінің төрағасы, Жаңа-Қазалы поселкалық көп салалы коммуналдық-шаруашылық мекемесінің бастығы, Ғани Мұратбаев атындағы колхозының төрағасы, «Жаңабасшылық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қызылорда облысы бойынша еңбек инспекторы, Қазалы аудандық сәулет және қала құрлысы бөлімінде жетекші маман, Алға ауылдық округінің әкімі, 2010 жылдың ақпан айынан 2016 жылдың мамыр айында зейнетке шыққанға дейін Қазалы аудандық мәслихат аппаратында ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аппарат басшысы қызметтерін атқарған.
        Қызметтің түрлі баспалдағынан өткен Байғабыл Абсултанов ауданның экономикалық - әлеуметтік дамуына, елдің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбектері елеусіз қалмады. 2019 жылы «ҚР Ауылшаруашылығы саласының Үздігі» төс белгісімен 2020 жылы Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атағын иеленген және Облыс әкімінің Құрмет Грамотасы, Облыстық Мәслихат хатшысының Алғыс хатымен, әр жылдары аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, Аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының Алғыс хатымен, Мәслихаттардың 20 және 25 жылдығы мерекелік төс белгісімен, Қазалы ауданының «Құрметті ардагері» төс белгісімен марапатталған. Зейнет демалысына шыққан соң да Қоғамдық негізде Әйтеке би кенті әкімдігінің жергілікті қоғамдастық төрағасы, кәсіпқой емес медиатор,аудандағы алқа билер алқасының мүшесі. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Кент тұрғындарының ұсыныс пікірлерін орындауға атсалысып кент әкімшілігімен бірлесіп шешімін табуда. Жастарға ақыл кеңестерін бере  отырып, өмірлік іс тәжірбиесімен бөлісіп отырады. «Димаш Байғабылов» шаруа қожалығының басшысы. Жылқы шаруашылығымен айналысады.
Қазіргі таңда берекелі шаңырақтың ұйытқысы болған жұбайы Абубакирова  Жаңылған екеуі 2 ұл, 2 қызды дүниеге әкеліп, олардан немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Үлкен ұлы Абсултанов Қайрат 1977 жылы туған. 1999 жылы Алматы қаласындағы зооветеринналық институын бітірген. Еңбек жолын 1999-2020 жылдар аралығында «Жаңабасшылық» жауапкершілігі серіктестігі директорының орынбасары, №226 мектепте оқытушы, Қазалы аудандық статистика бөлімінде бас маман, Жалағаш аудандық статистика бөлімінің бастығы, Қызылорда облыстық статистика басқарма бастығының орынбасары, Қазалы аудандық «Темірбанк » филиалының бастығы, Қызылорда қалалық тұрғын үй,коммуналдық шаруашылық бөлімінде бас маман,сектор меңгерушісі, бастығы, Қызылорда қалалалық жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы, Қызылорда облыстық жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары, Қызылорда облыстық әкімдігінің Іс басқармасының бастығы, Қызылорда облыстық жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары, болып қызметтер атқарған. 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап Арал ауданы әкімінің орынбасары. Жұбайы Дүйсен Жаңылған да жоғарғы білімді маман. Екеуі 3қыз тәрбиелеп өсіруде. Үлкен қызы Байғабылова Аймерей Алматы қаласындағы Әл Фараби атындағы Ұлттық университетінің бірінші курс студенті.
Қызы Абсултанова Эльмира 1979 жылы туған. Қызылорда қаласындағы Қорқыт-Ата универститетін бітірген. Мамандығы қазақ тілі пәнінің оқытушысы. Қазалы қаласындағы №17 мектептке қазақ тілі пәнінің 1- катогориялы мұғалімі Жұбайы Таласбаев Мәди жол полициясы қызметінде. Үлкен қызы Абілғазы Аяжан Ақтөбе қаласындағы Мед.институтның бесінші курс студенті. Екінші қызы Абілғазы Салтанат Алматы қаласындағы Әл Фараби атындағы Ұлттық университетінің бірінші курс студенті.
Абсултанова Гулжан есімді қызы 1984 жылы туған. Жезқазған қатынастар универститетін бітірген.Мамандығы экономист. Қазалы аудандық пошта мекемесінде қызмет жасайды. Жұбайы Зайнагиев Көбейсін екеуі 3 ұл,1қыз тәрбиелеп өсіруде. Өмірлік серігі Казмұнайгазда қызмет жасайды. Үлкен ұлы Зайнаги Нұрталап Облыстық прокуратурада қызмет атқарады. Екінші ұлы Зайнаги Ернұр Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы универстетінің бірінші курс студенті.
Отбасының кенжесі Абсултанов Мұрат 1986 жылы туған. Алматы қаласындағы Тынышбаев атындағы көлік коммуникация темір жолшылар универститетін бітірген. Инженер мамандығын игерген. 2008 жылы №5 кәсіптік лицейде шебер, мұғалім. 2013 жылдан Қазалы аудандық тұрғын үй,коммуналдық шаруашылық және жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман, бөлім бастығының орынбасары, 2018-2019 жылдар аралығында Қазалы аудандық сәулет және қала құрлысы бөлімінің бастығы, 2019 жылдың қараша айынан бастап Қазалы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы болып қызмет атқарып келеді. Жұбайы Алкеева Фарида Аудандық ауруханада акушерка болып жұмыс істейді. 3 қыз,1 ұл тәрбиелеуде.
Жастайынан еңбекпен ысылып өскен Байғабыл аға бүгінде ауылдың беделді, абыройлы азаматтарының бірі. Туған жерінің көркеюіне қосқан орасан зор еңбегі ел аузында айтылар есті әңгімеге, тарих беттерінде жазылар елеулі оқиға болып қалары анық.