Мұхтар Мықтыбекұлы

Парасаты биік азамат

Еліміздің әр саласында жетістікке жетіп, абырой биігінен көрініп келетін азаматтар баршылық. Сондай жанның бірі – туған жердің түтінін түтетуде тынбай қызмет етіп келетін білікті маман Мұхтар Мықтыбекұлы.
                Ол 1985 жылы мамыражай мамыр айының 29- жұлдызында Жамбыл облысы, Жанатас қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылындағы «Абай» орта мектебіне барып, 2003 жылы«Кұралай» орта мектебін бітірді. 2004-2006 жылдар аралығында «Болашақ» жоғары колледжінде, 2017-2020 жылдар аралығында М. Сапарбаев институтында «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, тәмамдап шықты.
Ата-анасының өнегелі тәрбиесін бойына сіңіріп, әрбір өсиетін құлағына құйып өсті.
Асқар тау әкесі Дүйсенбаев Мықтыбек Айықтанұлы еңбекпен шыңдалып, токарлық салада ұзақ жыл қызмет еткен. Токарлық цехта басшылық қызметтер атқарып, тәуелсіздік жылдарында типографияда жұмыс істеген. Жай токарлардың қолынан келмейтін істің барлығын осы кісі жасайтын болған. Бүгінде зейнетке шықса да, халыққа қызметін жасап еңбек етуде. Анасы Дүйсенбаева Райхан Нұрбайқызы ұзақ жылдар бойы балабақшада тәрбиеші қызметін атқарған. Қазіргі таңда екеуі де зейнеткерлер.
           Осындай парасатты, еңбекқор, адал жандардың тәрбиесін алған Мұхтар Мықтыбекұлы да ата-анасын әркез құрмет тұтып, өзіне үлгі етеді. Алғашқы еңбекжолын қарапайым құрылысшы болудан бастап, қазіргі таңда білікті заңгер маманына айналды. 2007-2008 жылдар аралығында Түлкібас аудандық «Тері – венерологиялық ауруханасы» мекемесінде әр түрлі жұмысшы қызметін атқарды. 2008-2012 жылдар аралығында Түлкібас аудандық «Қаржы полиция» мекемесінде күзет қызметін жасады. 2012 -2013 жылдар аралығында «Түлкібас» кредиттік серіктестік ЖШС- де күзет қызметін атқарды. Ал 2013 жылдан бері қазіргі уақытқа дейін Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Түлкібас аудандық орталық аурухансы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорында заңгер болып қызмет етеді.
             Жетістікке жетудің үш құпиясын бізге дейін өмір сүрген ғұламалар айтып кеткен көрінеді. Ол: басқалардан көп білу, өзгелерден көп жұмыс істеу, басқаларға қарағанда аз нәрсе күту. Осы қарапайым қағидаларды естен шығармай, әрдайым ізденіс үстінде жүретін білікті маман қызметте жетістікке жетуінің сырымен ой бөліскен еді. 
   Қандай да бір істі тындырымды да тыңғылықты істеу де өз алдына жетістік. Ойдағыдай істелген іс, жоспарланғандай атқарылған жұмыс, мұрат етілгендей орындалған арман – жетістіктің нақ өзі.  Кез келген жеңістің жеңіл жолмен келмейтіні белгілі. Қай саланы алып қарасақ та өзіне тән жауапкершілігі мен ауыртпашылығы, қалтарыс-бұлтарысы болады. Содан болар аты тарихта қалған тұлғалардың қай-қайсысы да күрескер, алған бетінен қайтпайтын табанды, еңбекқор. Әр адамға жетістікке жетуде осындай табындылық пен еңбекқорлық қасиеттер керек,– дейді Мұхтар Мықтыбекұлы.
               Қай салада қызмет етсеңіз де алдымен өз мамандығын жақсы көрген жан ғана биік белестерді бағындыра алады. Әрине, жұмыс болған соң оның жауапкершілігінен бөлек, түрлі қиындықтары мен қызықты сәттері болады. Заңгерлердің өмірінде де сондай сәттер жиі болып тұрады. Біздің кейіпкеріміз өзінің жұмысқа алғаш келген кездегі сот отырысын жиі еске алады. Бұл оның қызмет жолындағы ұмытылмас бір сәт еді.
            «Жігітте де жігіт бар, Азаматы бір бөлек.
Жылқыда да жылқы бар,Қазан аты бір бөлек» – демекші бүгінгі таңда жігіттің төресі, нағыз азамат десе де артық етпейді. Қазақтың қарапайым баласы өзінің ұстанымдарына берік. Осы күнге дейінгі жүріп өткен жолына әрдайым есеп беріп, алдына қойған мақсатын тағы бір айқындап алатын қасиеті бар.
–Менің өмірлік ұстанымым – осы күнге дейін сүріп келген ғұмырымызда жаңылғанымыз да бар, кейде керсінше жетістікке жеткен сәттеріміз де бар. Жаңылысқан сәтте «Түйеден құлаған жығылмас» деп, жігерленіп, «жеңілудің өзі жетістік» деген ұстанымен биікке ұмтылып келемін. Менің өмірімдегі маңызды жандар – маған өмірлік азық боларлық тәрбие берген ата-анам, туған бауырларым және отбасым. Бірінші ата-ананды, өзінді құрметтеу және өзгелерге құрметпен қарау. Екінші – жақындарымды ренжітпеу және кешірімді болу. Үшінші «ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос». Төртінші ұстаным– қарсыласымның намысына тимеу. Бесінші ұстаным – әділдік бар жерде жеңіс бар. Ал жеңіс – бақытымның шыңы.Жоғарыда аталған ұстанымдарым дұрыс шешім қабылдай алғанымның дәлелі болар. Ең маңыздысы – дұрыс шешім қабылдай білу. Осы ұстанымдарым арқылы бақытымның шыңы – жеңіске жететінімді дәлелдегім келеді, – дейді біздің кейіпкеріміз ағынан ақтарылып.
Бүгінде қызметімен қатар өнегелі, берекелі отбасының тірегіне айналған Мұхтар Мықтыбекұлы жарына қамқор, балаларына мейірімді әке екенін айта кетелік. Өсіп- өнген көпбалалы отбасының берекесін келтіріп, ұйытқысына айналған жары Дүйсенбаева Жұлдыз Шиеріқызымен бірге алтын-асықтай ұл-қыздарды дүниеге әкеліп тәрбиелеуде. Үлкен қызы Ақбота мен үлкен ұлы Мұхаммед ата-анасының қолғанаттары. Одан кейінгі қыздарыАйтолық пен Аружан да қызғалдақтай құлпырып өсіп келеді. Ұлдың кішісі Махамбет ата-анасының үміті болса, одан кейінгі Раяана, Рабия, Алияесімді кішкентайлар жанұяның еркелері.
–Көпбалалы отбасы – ол бақытқа, шаттыққа толы жанұя, береке-бірліктің, сыйластық пен татулықтың, адамгершілік құндылықтардың тоғысқан жері. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бала – үйіміздің берекесі, көз қуанышымыз, жүрегіміздің жұбанышы және ұлтымыздың баға жетпес құнды қазынасы, – дейді ұрпағымен мақтанып.
Расында адам өзінің ұрпағымен мың жасайды. Біздің кейіпкерімізді қай жағынан алып қарасақ та кейінгілерге үлгі болатындай азамат. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің төресі деуге лайық жан. Ол балаларының болашағы жарқын, келешегі кемел болуы үшін әрдайым қолдау көрсетіп, әрбірінің өмірден өз орнын табуына әкелік қамқорлығын аямайтынын айтады.
Иә, әрбір әке үшін мұнан асқан бақыт жоқ шығар. Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырағыңыз биік, керегеңіз әрдайым кең болсын деп тілек білдіреміз!