Адалдық пен Мейірімге Толы Ғұмыр Өмір – ізденіс пен талпыныстан тұратын ұзақ сапар. Әрбір адамның жүріп өткен жолы – жүрегінде сақталған асыл естеліктері мен жасаған еңбегінің айғағы. Абдирайымова Бибігүл Нарзуллақызы бар ғұмырын мейірбике мамандығына арнап келеді. Саналы ғұмырындағы атқарған еңбегі – шынайы адалдық пен мейірімнің көрінісі. 1977 жылы Шардара қаласында дүниеге келген Бибігүл Нарзуллақызы бала күнінен ата-анасының еңбекқорлығын, адамгершілігін бойына сіңіріп өсті. Әке – Нарзулла ауыл шаруашылығында адал еңбек еткен шопан болса, ана – Мысқал бүкіл өмірін отбасына, балаларының тәрбиесіне арнаған жан. Қарапайым да қайырымды ата-ананың тәлім-тәрбиесі болашақ мейірбикенің өмірлік ұстанымына айналды. Орта мектепті тәмамдаған соң, медицина саласын таңдауды жөн көрді. 1996 жылы Жетісай медициналық колледжіне оқуға түсіп, 1999 жылы арман қуған жас маман үлкен өмірге қадам басты. Алғашқы еңбек жолы Шымкент қаласында басталды. 2001 жылы облыстық балалар ауруханасында нәрестелер бөлімінде қызмет атқару бұйырды. Сәби жанына араша түсіп, олардың өмірі үшін күресу – бұл қызметтің жауапкершілігін еселеп арттыра түсті. 2002-2005 жылдары облыстық туберкулез ауруханасында жұмыс істеген кез – кәсіби тұрғыда шыңдалған кезең болды. Ал 2005 жылдан бастап жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде мейірбике қызметі атқарылуда. Еңбек жолында кездескен қиындықтар мен күрделі жағдайлар төзімділікті арттырып, нағыз кәсіби маман ретінде қалыптасуға септігін тигізді. Сол жылы өмірлік серік – Асылбеков Асетпен шаңырақ көтерді. Отбасылық өмірде де бақытқа кенеліп, бүгінде екі қыз тәрбиелеуде. Гаухар мен Ұлжан – ата-анасының мақтанышы. Үлкені шетелде білім алып, болашағына нық қадам жасап жатса, кенжесі мектеп қабырғасында үздік оқушылардың қатарында. 2017 жылы атқарылған еңбектің нәтижесінде аға мейірбике қызметіне тағайындалу бұйырды. Әсіресе, 2020 жылғы пандемия кезінде медицина саласындағы қиындықтарды еңсеруде алдыңғы шептен табылды. “Асар” медициналық орталығында аға мейірбике ретінде жұмыс істеп, өз борышын абыроймен атқаруға бар күш-жігерін салды. Бұл уақыт – мамандыққа деген адалдық пен жанкешті еңбектің тағы бір дәлелі. 2023 жылдан бері жұқпалы аурулар ауруханасының бірінші бөлімшесінде мейірбике қызметі жалғастырылып келеді. Ал кәсіби білімді жетілдіру мақсатында Шымкент медициналық академиясында бакалавриат бойынша оқу жалғасуда. Бұл – медицина саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашу үшін жасалған тағы бір қадам. Мейірбике болу – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауымен таңдалған қасиетті міндет. Әрбір науқастың өмірі үшін күресу, жанына жылу сыйлау – ең басты парыз. Еңбек жолы – адалдық пен мейірімділіктің, жанашырлық пен төзімділіктің үлгісі. Науқастың сауығып, жүзіне күлкі үйірілген сәттен артық бақыт бар ма?! Таңдалған жолдың дұрыстығы уақытпен дәлелденді. Өмірдің мәні – адам жанына араша түсіп, мейірім мен қамқорлық сыйлау. Алдағы мақсат – осы ізгілік жолынан айнымай, өз ісінің шебері атану.