Несібелі Жұбатқанқызы

Жүзінен мейірім төгілген

Сан мамандықтың ішіндегі ең мейірімді әрі мәртебелісі – медбике. Науқас жанның тезірек сауығып кетуіне көмек көрсетіп, сөзімен де, ісімен де демеу болатын – ақ халатты абзал жан. Қоғамға қажет мамандық иесі атану үшін оның бойында адалдық, жұмысына деген жауапкершілік және кішіпейілділік болуы міндетті. Себебі медбикенің қызметі адам өмірімен байланысты, әр минуты мен секунды халыққа пайда тигізумен өтетіндіктен аялы алақан иесінің басты қасиеті – оның мейірімді жүрегінде.
Әдетте, науқастанып қалған жандарға аялы алақанымен, жылы қабағымен қуаныш сыйлайтын медбикелер жө­нінде көп айтыла бермейді. Солардың бірі – Несібелі Жұбатқанқызы денсаулық сақтау саласында 40 жылдан бері еңбек етіп келетін білікті маман.
Ол 1962 жылы Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Тоқмансай ауылында дүниеге келді. Биік бәйтерегі өмірден ерте кеткенімен анасы дүниеге әкелген 5 қызын ешкімнен кем қылмай аялап өсірді. Бала кезінен зерек, адамдарға жаны ашып мейіріммен қарайтындықтан оның таңдауы медицина саласына түседі. Осылайша 1982 жылы Ақтөбе медицина колледжін аяқтайды. Алғашқы еңбек жолын Қайнар амбулаториясында 1984 жылдан бастау алады. Күні бүгінге дейін осы бір мекемеде аянбай еңбек етіп келе жатқанына 40 жыл уақыт болыпты.
–Бала күнімнен бауырмал, мейірімді болған екенмін. Анам дәл осы мамандыққа бейімділігімді байқап, медицинада білім алуыма ықпал етті. Ең алғаш науқасқа ине салуды, қан қысымын өлшеуді өндірістік тәжірибеде үйрендім. Біздің жұмыстың қиыны да, қызығы да, қорқынышы да бар. Бірақ үстіне ақ халат ілген әрбір әріптесімнің жүрегі жанашырлыққа толы екенін білемін. Мейірімсіз адамнан дәрігер шықпайды. Жүректе мейірім болмаса бұл салада орын жоқ, – дейді маман.
Расында бұл салада кез-келген адам қызмет етпейді. Өзінің жұмысына шын берілген, науқастарға жылы сөзін аямайтын мейірімді жандар ғана өмірін осы салаға арнайды. Сондықтан да болар Несібелі апай адал еңбегінің арқасында қаншама жанның алғысын арқалап, тұрғындардың құрметіне бөленіп келеді.
«Адамның басты байлығы – денсаулық» деген халық нақылын әрбір адам есте тұтса науқастар саны аз тіркелер ме еді? Өйткені, ауырып ем іздегеннен ауырмаудың жолын білген әлдеқайда жақсы. Дәл осындай ұстанымда жүретін мейіргердің тынымсыз еңбегіне қарап риза боласың. Кейіпкеріміз саналы ғұмырын осы салаға арнап, қаншама баланың дұрыс екпе алып, жүкті аналардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап олардың дені сау сәбиді өмірге әкелуіне себепші болып жүр. Еткен еңбегін ешқашан міндетсінген емес. Қайта көпшіліктің ризашылығын алуға талпынатын.
–Жұмыс барысында тек адал еңбек ету керек. Қызметіміз ана мен баланың өміріне тікелей қатысты болғандықтан, екеуінің де денсаулығының мықты болып, дүниеге келетін нәрестенің аман болғанын қалаймыз. Кейде жүктілігі ауыр өтетін аналар болады. Сондайда жауапкершілікті екі есеге арттырып, аман-есен сәбиін бауырына алғанға дейін қызметімізді жасаймыз. Өйткені мемлекетіміздің де басты байлығы – адам. Ал олардың денсаулығы әрине, бірінші орында болуы тиіс, – дейді медбике.
Медицина қызметкерлерінің әрбір күні тарих. Қызмет барысында түрлі кездейсоқ оқиғаларға да кезігіп жататыны рас. Бірде Несібелі апайға қыстың қақаған боранды күнінде ай-күні жетіп отырған жүкті ананы түн мезгілінде Қандыағаштағы ауруханаға апаруына тура келеді. Қайтар уақытта ешқандай жүретін көлік жоқ. Несібелі апайдың қиналып тұрғанын байқаған әріптестері сол ауруханаға жүкті әйелдің жанынан орын беріп, түнеп шығуына рұқсат етіпті. Бұл оқиғадан әрине, мейірімді жандардың әлі де көп екенін байқаймыз. Өзге жанның өмірін бірінші орынға қойып, өз өмірін қатерге тігетін осындай жайттар болып тұрады.
«Еңбек бәрін жеңбек» деген ұстаныммен жүретін Несібелі апай мамандығын мақтан етеді. Денсаулық сақтау саласының өркендеуіне үлес қосып, 40 жыл өмірін арнаған жанның әр ісінен үлгі алуға болады. Қазір өзі де зейнеткерлікке шықса да, кейінгі жастарға жол көрсетіп,  тәжірибе алмасады. Ал өзінің қызметтегі ұстазы Есенғалиев Ералы Мәмбеталиұлының еңбегін айрықша айтуға болады. Ардақты ұстазының үйреткендері қызмет барысында алдынан шығып, тәжірибеде қолданды. Осындай ізгі жандардан тәлім алып, өзі де жас мамандарға үлгі болып келеді.
Жауапты қызметте жүрген білікті маман, аяулы ана, немерелерінің сүйікті әжесі отағасымен бірге алтын асықтай балаларының өмірден өз орнын табуына жетеледі. Ата-аналық борышын да орындап, әрбір баласының қоғамға бір-бір кірпіш болып қалануына жағдай жасады. Бүгінде өсіп-өнген әулетте отағасымен бірге бақытты күндердің куәсі болуда.  Туған-туысқа, ауыл-аймаққа, әріптестерге сыйлы берекесі тасыған отбасы биыл «Мерейлі отбасы» номинациясын иеленді. Қызмет барысында да министрліктен бастап, облыстық, қалалық, аудандық дәрежеде түрлі марапаттардың иегері атанған.
Қазіргі таңда зейнетке шықса да тәжірибелі маманның денсаулық саласына берері әлі көп. Өйткені білікті маман қай кезде де сұранысқа ие екенін уақыттың өзі дәлелдеуде. Халық саулығы үшін аянбай қызмет етіп жүрген Несібелі Жұбатқанқызы сүйікті мамандығының арқасында әлі де талай алғысқа бөленетіні сөзсіз.