Гумарова Эльмира Саматқызы

Адалдықты ту еткен медицина маманы

Бүгінгі жаңа технологиялар, компьтерлер қаншалықты дамыған заман болса да, адамның еңбегіне, оның мейірімі мен жылы сөзіне ештеңе де тең келмесі анық. Білімді, әрі білікті дәрігерлер әрдайым қажет. Сондықтан бүгін де, ертең де медицинаны майталман мамандарсыз елестету мүмкін емес.
Біздің кейіпкеріміз – Гумарова Эльмира Саматқызы бірнеше жыл денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі дәрігер. Ол – өз ісіне берілген маман. Адам бойында мейірімділік, жауапкершілік, адалдық және тұрақтылық сияқты қасиеттер болу керек деп түсінеді. Ол медицинаға адамдарға көмектесем, дәрігер болам деп келді. Содан бері қызметін адалдықпен, үлкен жауапкершілікпен атқаруда.
Гумарова Эльмира Саматқызы 1977 жылы наурыз айының 28- жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданында, Аңқаты ауылында дүние есігін ашты. 1994 жылы Аңқаты ЖОББ мектебін бітіріп, Орал медициналық училищесіне түсіп, 1996 жылы медбике маманы атанды.
Күні бүгін қандай жетістікке жетсе де оны ата-анасының берген тағылымды тәрбиесі деп түсінеді. Ұлағатты жандардан жақсы қасиетті бойына сіңіріп, адалдық, кішіпейіл болуды әкесі мен анасынан үйренді. Өмірдегі биік бәйтерегі, асқар тауы Мукашев Самат жүргізуші болып еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Анасы Мукашева Ханшайым есепші болып қызмет атқарып, қазір зейнеткерлік демалыста. Ардақты жандар өмірге алтын асықтай үш перзент әкеліп, оларды қатарынан кем қылмай өсірді. Қазіргі таңда әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, еңбек етуде. «Ағасы бардың жағасы бар» демекші, Қайрат ағасы әрқашан қамқор болса, сіңілсі Гульнара сырлас құрбысындай.
Медицина саласындағы алғашқы еңбек жолы  Калмыков ауылындағы ауруханада специализациядан кейін акушер болып бастайды. Өз мамандығын құрмет тұтып, мақтан ететін Эльмира Саматқызы әрдайым халықтың көңілінен шығуға талпынып тұрады.
–  Халыққа адал еткен жұмысымның нәтижесінде, үнемі олардың алғыс пен ықыласына бөленіп келемін. Сонымен қатар, басшылар еңбегімді бағалап, әртүрлі көптеген жетістіктерге жеттім.  Ауылдық жер болғандықтан, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, шақырып жатқан науқасқа қиындықпен жаяу баруға тура келеді.  Мейлі күн дауылды боран, суық жаңбыр немесе қатты ыстық болса да ауырғанның жанынан табыламыз. Өз басым науқастың сырқатын шын жүрекпен сезінемін. Денсаулығы жақсарып, жағдайы қалыпқа келсе, бірге қуанып, көмегімнің тигеніне шаттанамын, – дейді білікті маман иесі.
Расында ақ халатты абзал жандардың еңбегі өлшеусіз. Қашанда халыққа пайдам тисін деп қызметіне адал қарайтын жандар көпшіліктің алғысына кенелетіні анық. Осы ретте кейіпкеріміз өзінің қызмет барысындағы естен кетпес әсерлі әңгімесін айтып берген еді.
Жұмысқа жаңадан орналасқан кезде әрине, түрлі оқиғалар кездеседі. Десе да жас маман екеніне қарамастан тез шешім қабылдап, дереу іске көшу керек. Бірде науқас жедел шақырту жасайды. Ол ай-күні жетіп, толғағы келген, яғни босануға дайын отырған аяғы ауыр келіншек екен. Жедел түрде аудандық ауруханаға жеткізуге жолға шығады. Жолда толғақ уақыты жиілеп, көлік ішінде босандыруға тура келеді. Қасындағы жолдасынан көмек сұрағанда оның есі танып, талып қалады. Қайсысына көмек көрсетерін білмей, абыр-сабыр күйге түседі. Бірақ, өз қызметін адал атқарып, дүниеге егіз екі ұл баланың келуіне себепші болады. Міне, осындай өмірлік тәжірибе оның жылдар бойы жасаған еңбегінің арқасында толыса түсті.
Бүгінде өзі де қызметімен бірге отбасылық өмірді қатар алып, аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже атанды. Өмірде, тұрмыста анасының жақсы қасиеттерін үлгі тұтса, медицина саласында әпкесі Каресова Аймекеннің әр ісінен өзіне тәжірибе алады.
 Қиындығымен қатар қызықшылығы бірге жүретін өмірде жолдасы да медицина саласында еңбек етеді. Тулебаев Азамат жедел-жәрдем жүргізушісі. Жедел шақыртуға дер уақытында апару осы кісілердің міндеті. Өз қызметіне мығым отағасы жұмыс пен үй тіршілігінде әрдайым қолдау көрсетіп жүреді. Үлкен балалары Мақсот та өз алдына отбасы бар. Қазіргі уақытта ата-анасына немере сүйдіріп, оларға қуаныш сыйлап келеді. Одан кейін Қабдол мен Кәрім атты егіздерді дүниеге әкелу бұйырады. Бүгінде олар 5- сынып оқушылары, ата-анасының үміт етер перзенттері.
Жас мамандардың білікті  маманнан үйренері көп. Оның қызметтегі тәжірибесі мен өмірлік жиған-терген білімі сан ұрпақтың қажетіне жарар мол байлық. Іске мығым, қашанда жаңалыққа жаны құмар Эльмира Саматқызы бүгінде медицинадағы ең соңғы технологияларды меңгеруге ұмтылып тұрады.
«Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратыны, әрине, денсаулық. Осы «олжаны» сізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін медицина қызметкерлері.
Білікті  де білгір маман Эльмира Саматқызының алдағы арман мақсаты көп. Ол барлық мүмкіндікті пайдаланып, өзінің жеке емханасын ашуды көздейді. Ауырған жанның еміне шипа, дертіне дауа боларлық ең алдыңғы қатарлы денсаулық мекемесін ашуды мақсат еткен тәжірибелі маманның алар асуы әлі алда деп білеміз. Әрбір ісіңіз берекелі болып, медицина саласының өркендеуіне үлес қоса бергейсіз!