Оңғарұлы Наурызбай

Еңбектен тапқан бақытын


Азамат ісімен,  әрекетімен көрікті дейміз. Демек, кез келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі ол не бітірді, не тындырды деген сауалды өзімізге-өзіміз қоюымыз заңдылық. Белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанышына айналып, халық құрметіне бөленіп жүрген азаматтар баршылық. Сондай азаматтың бірі, өнегелі ғұмыр иесі Оңғарұлы Наурызбай жайлы бүгін оқырмандарымызға кеңінен әңгімелейтін боламыз.
Оңғарұлы Наурызбай 1958 жылы 14 наурызда Түркіменстан Республикасында көне Ургенч деген ауданда дүние есігін ашты. Ата-анасы Оңғар мен Рәзия көреген, жан-жағына сыйлы, көпшіл, парасатты жандар болған. Халқымыздың барлық салт-дәстүрін ұстанатын олар қонақжай, кеңпейіл ақкөңіл адамдар болған. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, адамзат баласы үшін ата-анадан артық өмірде ешкім жоқ шығар. Асқар таудай әке, мөлдір бұлақтай ана, жайқалған құрақтай бала — отбасының негізгі өзегі. Отанның өзі отбасынан басталатындығын ескерсек, қоғамдағы әрбір әулеттің еліміз үшін қосар үлесі зор. Ал олардың арасындағы сәулетті, дәулетті отбасылар қашанда өзгеге үлгі болуы тиіс. Олар – қоғамның айнасы іспеттес. Шаңырақ бүтіндігін осы күнге дейін сақтап, соңынан ерген тұяқтарын аяққа тұрғызып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген отбасы қашанда көпке үлгі болары анық
Осындай ғибратты отбасында дана адамдардан туған Наурызбай аға әулеттің кенже баласы болды. Оның алдында үлкен апасы Қалампыр, ағалары Ошақбай, Жұмабай, Исатай есімді бауырларының ізінен еріп өмірге келген шаңырақтың кенжесі. Өкінішке орай қазіргі таңда апасы да, ағалары Жұмабай мен Исатай да келместің кемесіне мініп кеткен. Алайда «орнында бар оңалар» дегендей, бауырларының артында қалдырған ұрпағы, бала-шағасы асқар тауының ошағын сөндірмей, өсіп-өнген отбасына айналған. Бүгінде арқасүйер ағасы Ошақбай ағасы әрдайым қамқорлығын көрсетіп, қолдап келеді. Ол кісі Ақтау қаласында өз отбасы мен балаларының ортасында салиқалы өмір сүруде.
Наурызбай аға өмірге келгеннен кейін 1959 жылы ата-анасы Жетісай жаққа Қараөзек деген жерге қоныс аударады. 1962 жылы Гагарин қаласына көшіп келеді. Бұл уақыттары аталған қала Қазақстанның жері болған деседі. 1982 жылға дейін Өзбекстан Республикасына арендалық жер есебінде пайдалануға берілген. Алайда сол арендалық жер кейін қайтарылмай Өзбекстанның меншігіне өтіп кетеді.
«Туған жердің тасы да ыстық, топырағы да ыстық» демекші, Науызбай аға отбасымен бірге 1999 жылы елге оралып, шырайлы Шымкент қаласына көшіп келеді. Бүгінде мегаполисте бала-шағасы мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Жақсының жақсылығын айтып, ғибратты ғұмырдан ғажайып тәлім үйрену қазақ халқының ежелгі ұстанымы. Өз еліне ұлтан боп, халқына лайық еңбек еткен жанды қазақ қашанда дәрежесін арттырып, дәргейіне бас ұрмаса да дәріптеуін жеткізіп отырған. Сондай жанның бірі Наурызбай аға жаратылысынан сабырлы, бір сөзді, кең жүректі адам. Отбасында төрт ұлдың ішіндегі кенжесі болғанына қарамастан еңбекке ерте араласты. Өйткені, әкесі мен алдындағы ағаларының бағыт-бағдары оны жастайынан еңбекқор, ізденімпаз болуға баулыды. Жастайынан бойына сіңірген ізгі қасиеттер кейін үлкен өмірге қадам басқанда алдынан шығып, қажетіне жарады. «Еңбектің наны да тәтті болатынын» сонда түсінді. Бүгінде талай жыл еткен еңбек пен төккен тердің тәтті жемісін татып құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан.
Қайнаған еңбектің ортасында жүріп еңсесін тіктеген жандар қашанда алғыс арқалайды. Әсіресе туған елдің өркендеуі үшін жұмыс жасап,­ талай жыл тер төкті. Наурызбай мырза құрыш қолды құрылысшы, еліміздің құрылыс саласының өркендеуіне үлес қосты. Әсем де зәулім үйлер мен ғимараттардың, әлеуметтік нысандардың инженерлік жобалау жұмыстарын жасап, саланың өркендеуіне бір адамдай үлес қосты. Қиын да жауапты салада талай жыл қажырлы еңбек етті. Расында да, ерінбей еңбек еткеннің көп белесті бағындырары белгілі. «Еңбек етсең – емерсің» деп бекерге айтылмаса керек. Ежелден еңбек еткен, қол қусырып қарап отыруды білмейтін елдің баласы мұның бәрін жақсы біледі.
Адамды көркейтетін – істеген ісі, халық үшін атқарған қызмет деңгейі, елге болсын деген талпынысы, жанашырлығы, нәтижелі жұмысы. Міне, осы үдеден шығып келе жатқан Наурызбай Оңғарұлы аудан, облыстың  өркендеуі мен гүлденуіне дамуына еңбек сіңірген жан. 1976 жылы «ПМК-15» трестінде қарапайым жүк тасушы болып еңбек жолын бастайды. Одан кейін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге барады. Екі жыл Кеңес әскерінің қатарында болып, қайтадан еңбек жолын жалғастырады. Еңбек ете жүріп, гидромелиоративтік техникумға оқуға түседі. Оқуын ойдағыдай аяқтап, мамандығы бойынша жұмыс істейді. 1985 жылы «Гагарин СПМК тресінде, одан кейін де бірнеше мекемелерде еңбек етеді. Ал 2004 жылы «Су жоба» құрылыс» ЖШС мекемесінде, 2016 жылы «CRB Construction» ЖШС-де бас инженер жобалаушы болып еңбек етеді. Қырық жылдан астам уақыт еңбек жолында талай асулардан асып, биіктерді бағындырды.  Лайықты еңбек бағаланып, алғыс хаттар иеленді. Шынында да бақытын еңбектен тапқан адамдар ғана оның берекесі мен зейнетін көретіні анық. Осындай жандардың арқасында елімізде ырыс пен ынтымақ салтанат құра береді деп ойлаймыз.
«Адам өмірін сәнді де салтанатты, мәнді де мағыналы ететін құндылық – еңбек. Адал еңбектің мәні ешқашан жоғалмайды. Әрбір адам биік арманына еңбектің арқасында қол жеткізеді». Еселі еңбек қана ер азаматтың абыройын асқақтады. Жұмыс барысында кездескен қиындыққа мойымай, алға қарай ұмтылып талай жыл тер төккен Наурызбай ағамыз бүгінде сол бейнетті жылдардың тәтті жемісін татуда.
Дүниеде адам екі таңдаудан жаңылыспау керек деп жатады. Оның бірі мамандық таңдау болса, екіншісі өмірлік серігін адаспай табу да бір ғанибет. Осы ретте Наурызбай аға екі таңдауынан да сүрінбей өтіп, тілеуі орындалған ардақты жан десек қателеспейміз. Себебі жұбайы Ержанова Мәрия  апамызбен бір шаңырақ астында 40 жылдан астам баянды өмір кешуде.
Отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығында, жақсылығы мен қуанышында қатар жүріп келетін олар 1980 жылы шаңырақ көтеріп, арада үш жылдан соң тұңғыш перзенті Анарды дүниеге әкеледі. Ата-анасының мәпелеген аяулы қызының ізінен еріп көп ұзамай дүниеге Серік есімді шаңырақтың ат ұстары өмірге келіп, әулеттің қуанышын еселей түседі.
Ер азамат – отбасының тірегі, қорғаушысы, дамытушысы, жетілдірушісі, яғни шаңы­рақтың аман сақталуының кепілі, жауапты тұлғасы, діңгегі. Отбасында әкенің орны бөлек. Әйел-ана – шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, ұйытқысы, тірегі, тұрмыстың сәні мен салтанаты. Аналық пен адалдықты аялап, азаматының қадір-қасие­тін бағалап, абырой-атағын асқақ­тататын да әйел адам. Яғни әйел – отағасымен бірге шаңы­рақтың түтінінің түзу шығуына жауапты тұлға. Сондықтан да болар отанасы Мәрия апай талапшыл, өз ісіне мығым, тазалық пен адалдықты сүйетін жан. Жанұяның ауызбіршілігін, татулығын ойлаған ардақты ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Мамандығы – есепші. Бүгінде зейнетке шықса да осы салада қызмет етіп келеді.
Жалғыз ұлы, өмірінің мәні, ұрпағының жалғасы болған Серік 2009 жылы өзінің жары Әсиямен отау құрып, ата-анасын қуантып, әулетке ибалы, инабатты келін түсіреді. Осы уақыттан бері арада 14 жылдай уақыт өтіпті. Құдасын құдайындай сыйлайтын ұлттық салтымызбен екі әулеттің сыйлыстығы мен жарасымдылығының артқанына осынша уақыт болған екен. Құдасы Серікбай мен құдағиы Зүлфиямен сол уақыттағы таныстық бүгін бауырмалдыққа ұласып, ортақ балаларының жақсылығы мен қуанышына бірге куә болып жүрген жайлары бар. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деп осындайда айтылса керек-ті.
«Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» деген жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, шағырақтың иесі Серік те әкесінен алған тағылымды тәрбиенің ізін жалғап келетін жігіт. Қазіргі таңда Әсия екеуінен өрбіген төрт перзенті бар. Көпбалалы отбасына айналған олардың шаңырағын шаттыққа толтырған Аппақ, Ұлмекен, Әмірхан, Әмина есімді алтын асықтай ұл-қыздарды тәрбиелеп келеді. Барлығы да оқуда озат, тәрбиелі, өнегелі жандар. Ата-әжесінің көз қуанышы, жанының саясы, көзінің нұры болып жасыл құрақтай жайқалып өсуде.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Алып бәйтеректің тамырынан бастау алған Наурызбай ағаның ұрпағының жалғасы Серік ата-анасының үміт артқан ұлы, әулеттің ізбасары. Оның жары Әсия да кішіпейіл, үлкеннің алдын кесе өтпейтін сыпайы, биязы, адал келін. Қазір өсіп-өнген шаңыраққа айналып, отбасының берекесі мен бірлігін ойлаған аяулы анаға айналды. Ерінің бір жағында жүріп, ата-енесінің тілін тауып, татулықты ту етіп, әулеттің ұйытқысы да болуда. Өмірге әкелген перзенттерінің білімді, зейінді болуына көңіл бөліп, олардың үлгілі, өнегелі, тәрбиелі ұрпақ болуына да ықпал етеді. Әйел қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербете отырып өз отбасының ұйытқысы да бола біледі.
Наурызбай мырзаның бойында бірнеше өнер тоғысқан. Нағыз «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат деуге лайық жан. Бірде ол кісінің гитара тартып, әдемі әуезді орындап отырғанын көрсеңіз, енді бірде пианиноның пернелерінде шебер ойнайды. Шығармашылыққа жаны жақын. Әдеби кітаптарды жиі оқып, зердесін дамытқанды жақсы көрсе, енді бірде нағыз суретшідей қылқаламмен сырлы бояумен сурет салып, жан тыныштығына бөленгенді ұнатады.
«Адамның бір қызығы бала деген, баласыз көңіл шіркін толар ма екен» деп Абай ақын айтпақшы, өмірінің мәні мен сәніне айналған немерелерін қатты жақсы көреді. Олардың әрбір қылығына сүйсініп, басқан қадамына қолдау көрсетіп, жеткен жетістіктеріне марқайып отырады.
Мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған әулеттің отағасына айналған Наурызбай аға бүгінде асқаралы 65 жасқа келді. Осынау жылдар ішінде өкінбестей өмір сүріп, жұбайы Мәрия апамен саналы салиқалы ұрпақ өрбітіп, мағыналы, ғибратты өмір кешіп келеді.
Әрбір адал ниетті адам өз ғұмырының мәнді де мағыналы, атқарған ісінің жемісті де табысты болуын бар жанымен қатты қалайды. Иә, адал еңбегіңмен, қалтқысыз қызметіңмен ғана ел-жұрттың алдында абыройың артады, беделің биіктейді, сый-құрметке бөленесің. Мұндайда туған-туысыңа да, жора-жолдасыңа да қадірлісің, тіпті, отбасыңның алдында да жүзің жарқын болады. Айналаңа жақсы жандар үйіріліп, үлкен үлгіңді алады, өне бойы өнегеңнің өрісін кеңейтеді. Осындай ғибратты өміржолы бар Наурызбай Оңғарұлының азаматтық болмысы, қарапайым мінезі, еңбекқорлық қасиеті кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екені сөзсіз.
Шаңырағының ақылшысы, арқа сүйері болса Наурызбай аға бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен, түн ұйқысын төрт бөлген Мәрия апа екеуі бірін-бірі демеп, сүйеу бола жүріп, ынтымағы жарасқан, үлгілі отбасы қатарынан десек қателеспейміз.
Ұстанған бағытында «үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді – тәрбиенің бастауы деп білген ол жора-жолдас пен ағайын-туыстың арасында абыройлы, сыйлы.  Саналы ғұмырын сарабдал істерге арнауда.
         Жақсының жақсылығын айту біздің ұлттық мінезіміз. Оның астарында ел-халқы сыйлап, құрмет тұтқан адамның өмір жолын, кісілік келбетін кейінгі ұрпаққа өнеге ету бар. Адамзаттың данышпаны Абай: «Адамға керегі үш-ақ нәрсе: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат» деп айтқан екен. Осындай қасиеттерді бойына бала кезінен сіңіріп өскен Наурызбай ағаның өмір жолы көпке өнеге. Мұндай ғибратты ғұмырдың әрбір кезеңінде кемел ой, келелі көрініс, кең тыныс, шалқар өріс жатады. Сол адам өмірінің жарқын беттерін өшірмей, өсиет-өнеге ету кейінгі ұрпақтың парызы болмақ.
Біз кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолы, тау тұлғасы, азаматтық асыл қасиеттері жайында тоқталып өттік. Оның әлі де еліне берер пайдасы, іс тәжірибесі жетерлік деп ойлаймыз. Асқаралы алпыс бестің төріне озған ағамызға зор денсаулық, қажымас қайрат, мәнді де салиқалы қарттық өмір тілейміз!