Гүлнұр Бекжанқызы

Туған жерге еңбек еткен дәрігер

Тіршілік үшін судың маңызы қандай жоғары болса, адам өмірі үшін ақ халатты абзал жандардың рөлі өте жоғары. Адам өмірін құтқарып, екінші өмір сыйлайтын ақ халатты абзал жандардың еңбегі өлшеусіз. Дәрігер атану сөз жүзіндегі білімділікті ғана емес, жүректегі батылдық пен төзімділікті қажет етеді.
Дертіне шипа іздеп келген әр адам дәрігерге өмірін сеніп тапсырады. Ал бір адамның өмірін өз мойнына алу – оңай іс емес.                 Жауапкершілігі зор мамандықты бала кезінен арман етіп, қазір осы салада абыройлы қызмет етіп келетін Гүлнұр Балмурзина 1981жылы қазан айының 21-ші жұлдызында Атырау облысы, Исатай ауданы, Аққыстау ауылында дүниеге келді. 1998 жылы Абай атындағы орта мектепті бітіріп, Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина академиясын педиатр мамандығы бойынша 2005 жылы аяқтайды.
          Өнегелі жандардың өрісін ке ңейтіп, бүгінде мақтанышына айналған Гұлнұр Бекжанқызының жеткен жетістігі ең алдымен ата-анасының берген тәлім тәрбиесінің арқасы деуге болады. Өйткені жарық дүние сыйлаған асқар тау әкесі мен аяулы анасы елге сыйлы, өз істерімен кейінгі ұрпаққа үлгі көрсеткен жандар. Әкесі Балмурзин Бекжан байланыс саласының маманы, еңбек ардагері. Анасы Ғалымқызы Малиха мұғалім-педагог. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі. Аққыстау ауылындағы өнегелі білім ордасында  40 жыл мұғалім болды. Қазіргі уақытта еңбек ардагері, зейнеткер.
           Осындай  ғибратты ғұмыр иелерінің ізін жалғаған Гүлнұр Бекжанқызы ел игілігі үшін қызмет етіп, медицина саласының өркендеуіне үлес қосуда. Алғашқы еңбек жолын Исатай аудандық орталық емханасында телімдік педиатр маманы бойынша бастайды. Кейін Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылдық амбулаториясында 2 жылдай қызмет етіп, 2007 жылы отбасылық жағдайға байланысты туған жері Аққыстауға оралады. Күні бүгінге дейін Исатай аудандық емханасында жалпы тәжірбиелік дәрігер қызметін абыроймен атқарып келеді.
Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры – таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін дәрігердің жетістікке жету жолы халық денсаулығы үшін аянбай еңбек етуімен өлшенсе керек-ті.
– Бала мен ана денсаулығын бақылау мен үшін үнемі басты міндетім деп ойлаймын. Дәрігерлік қызметімде талай қуанышты да, қиын жағдайлар да кездесіп жатады. Баласы ауырып келген ананың сауыққаннан кейінгі қуанышы, көзіндегі нұры, аналық алғысы – мен үшін баға жетпес бақыт. Қызмет барысында ауыр халде келген науқастарды облыс орталығына жедел жеткізу сәттері болады. Ол кезде әрбір минуттың өзі – құнды. Адам өмірі үшін күресудің үлкен міндет екенін тағы бір сезінесің, – дейді ол.
Қоғамдағы барлық мамандықтың өзіндік жауапкершілігі бар. Бірақ дәрігерлік мамандығының жауапкершілігі екі есе десек артық айтпағандығымыз болар. Себебі дәрігер – адам өмірінің арашасы болғандықтан оларға артылар жүк ауыр. Бұл ретте бұл мамандықтың қыр-сырын біліп, сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ақ халатты иыққа іліп алу шарт емес, жаның да кіршіксіз таза болуы шарт. Міне, сондай жанның бірі – Гүлнұр Балмурзинаның тұрғындарға деген ыстық ілтипаты, жылы сөзі әрқашанда үзілген емес. Дәрігердің әрбір күні – тәжірибеге толы. Сондай бір күні кезекшілікте тұрған Гүлнұр Бекжанқызына алыс ауылдан келген ананы босандырып алу бақыты бұйырады. Екі бірдей адамның өміріне жауапкершілікпен қарап, оның сәтті болуына себепші болғанын әркез қуанышпен еске алады.
Оның бойындағы қарапайым қарапайымдылық, сабырлылық, мейірімділік сынды қасиеттер ардақты анасынан дарыған. Барлық ізгілікті анасынан алған дәрігердің қазіргі таңда жұртшылыққа сыйлы, абыройлы болуының сыры осында жатқандай.
              Қастерлі мамандығымен қатар отбасылық өмірді бірге алып жүрген жанның жолдасы Жарылғасов Айымбет әрқашан  оны қолдап, қиын сәтте қасынан табылатын, отбасына қамқор, балаларына мейірімді әке. Тұңғышы Әмина Түркия елінде білім алып жатса, Шұғыла мен Сұлтан мектеп жасындағы балалар. Үлгі отбасына сырттай қарап сүйсінесің.
«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты» деп Шопенгауэр айтқандай, адамның ең қымбат байлығы – денсаулық. Ал денсаулықтың қорғаны – дәрігер.  Ден­саулық саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөлен­іп жүрген білікті дәрігер Гүлнұр Бекжанқызының әрбір ісі – үлгі, өнеге.