Раушан Жилкибаевна Нихамбаева – қазақтың еңбекқор және үлгілі аналарының бірі. 1966 жылдың қаңтар айында Жезқазған облысының Ағадыр ауданында, табиғаты көркем Ақшатау кентінде дүниеге келген. Отбасындағы сегіз ағайындының бірі ретінде өмір есігін ашқан бала күнінен-ақ алғырлығымен, жауапкершілігімен ерекшеленді. 1983-1985 жылдары Балқаш медицина училищесінде білім алып, медицинаның негіздерін меңгерген жастың мақсаты – халыққа қызмет ету, денсаулық сақтау саласында аянбай еңбек ету еді. Осы арманымен 1985 жылы Жезқазған облысының Ақтоғай ауданына барып, санэпидстанция мекемесінде «аса қауіпті инфекция» қызметіне жұмысқа орналасып, қауіпті дерттердің алдын алу мен халық денсаулығын сақтау жолында тер төге бастады. Еңбекпен қатар өміріндегі жеке бақыты да кемелдене түсті. 1988 жылы шаңырақ көтеріп, көпбалалы ана атанды. Алты баланы – төрт қыз бен екі ұлды өмірге әкеліп, оларға ұлағатты тәрбие бере алды. Балаларының әрқайсысы өз салаларында жоғары білім алып, бүгінде ел игілігі үшін қызмет етуде. Қайратты ана ретінде 2007 жылы мемлекет тарапынан «Күміс алқа» марапатына ие болды. Бұл марапат – көп балалы ананың отбасылық өміріндегі үлкен еңбегі мен абыройының айқын белгісі. 1988 жылы Раушан ханымның келін болып түскен шаңырағы Ақтоғай ауданындағы халыққа сыйлы, үйінен қонақ айырылмайтын отбасылардың бірі еді. Атасы Ноғаев Әбіл Ноғайұлы Ұлы Отан Соғысының ардагері, аудандық партия мүшесі, экономика, ауыл шаруашылығы саласында жоғары қызметтер атқарған абыройлы кісі еді. Бірнеше мәрте аудан үшін жасаған ерең еңбегі үшін еңбек ері атағын алған. Екінші анасы Беркімбаева Марфуға Беркімбайқызы алтын құрсақты ана, 9 баланы дүниеге әкелген бақытты жан. Балалары әр салада қызмет жасаған. Осы үлкен қасиетті шаңырақтан шыққан балалар әкім, дәрігер, экономист, құрылыс, ұстаз ағартушылық саласында қызмет атқарған. Бүгінгі таңда тамырын тереңге жайған бәйтерек сияқты осы шаңырақтан шыққан жандардың ұрпағы өсіп өніп анамыз немере шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Алла тағала Раушан ханымға екінші анасының жолын нәсіп етіп, көп балалы ана атанды. Раушан Жилкибаевна тек отбасында ғана емес, қызметте де қажырлы еңбек етуімен ерекшеленді. 2006 жылы Ақтоғай ауданының орталық ауруханасында төтенше жағдай қызметінде жұмыс істей бастады. Аудан көлеміндегі маңызды тоғыз қызметтің ішінде, медицина саласындағы жетістіктері жоғары бағаланып, кәсіби біліктілігімен ерекшеленді. Отанға, халқына деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығы оны алға жетелеп, үлкен істерге бастады. Кадр бөліміндегі жұмысын да үлгілі деңгейде атқарды. 2009 жылдан 2021 жылға дейін кадр бөлімінің инспекторы лауазымын абыроймен атқарып, қызметкерлер құрамын ұйымдастыру мен бақылау, кәсіби команда қалыптастырудағы рөлі маңызды болды. Құзыреттілігі мен кәсібилігі қызметтестері мен басшылық тарапынан жоғары бағаланды. Ал 2021-2024 жылдары арасында медицина саласындағы «Азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар» қызметінде еңбек етіп, осы бағыттағы жұмыстарға өз үлесін қосты. Раушан Жилкибаевнаның отбасы да ерекше құрметке ие. Жолдасы Ноғаев Жасқайрат Абилович – математика мен физика саласындағы жоғары білімді ұстаз. Қарапайым еңбекпен шәкірт тәрбиелеген абзал жан көптеген жылдар бойы оқушыларға білім нәрін сусындатып, олардың арасынан республикамыздың түкпір-түкпірінде беделді лауазымдарда қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеп шығарды. Раушан Жилкибаевнаның әке-шешесі де бірегей еңбек иелері. Әкесі Ниханбаев Жылқыбай Жолтайұлы 1937 жылы дүниеге келіп, ұзақ жылдар бойы Ақшатауда шахтада бұрғылау шебері болып қызмет еткен. Өз ісінің білгірі ретінде облыс көлемінде танылып, бірнеше мәрте социалистік еңбек ері атанып, КПСС партиясының мүшесі болды. Анасы Наханова Дәніш Наханқызы да елге сыйлы жан еді. 1942 жылы өмірге келген ол, алтын құрсақты ана ретінде ел арасында ерекше құрметке ие болды. Раушан Жилкибаевна өзінің еңбек жолында талай білікті мамандармен жұмыс істеп, олардың шеберлігінен үлгі алған. Кезінде өз ісінің майталмандары, жоғары санаттағы дәрігерлер мен медбикелермен бірге қызмет атқарып, көп нәрсені үйренгенін ерекше мақтанышпен еске алады. Балалар педиатры Балтабаева Алтын Балтабаевна және жоғары санаттағы медбике Абзалбекова Күлпаш Тілепбекқызы сияқты білікті жандармен бірге жұмыс істеу оның кәсіби біліктілігін арттыруға үлкен септігін тигізді. Өкінішке орай, олар бүгінде ортамызда жоқ, бірақ олардың еңбегі мен мұрасы мәңгі есте. Раушан Жилкибаевна өз саласында әрдайым жаңашылдыққа ұмтылды. Бүгінгі күні Қарағанды университетінде «психология» мамандығы бойынша білімін жалғастыруда. Жасы ұлғайса да, білімге деген құштарлық оны алға жетелеп, жаңа белестерді бағындыруға ынталандыруда. Бұл – өмір бойы өз-өзін дамыту мен жаңа білімге ұмтылу жолындағы үлгі-өнеге. Қазіргі уақытта тек ана мен кәсіби маман ғана емес, бақытты әже. 13 немересінің шаттығына бөленіп, олармен бірге бақытты сәттерді бөлісіп келеді. Немерелеріне ата-аналық қамқорлық пен ұлағатты тәрбиенің нағыз үлгісін көрсетуде. Еңбегі ел арасында жоғары бағаланып, облыстық “Аманат” партиясының құрмет грамотасымен, аудан әкімінің мақтау қағаздарымен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірнеше мәрте мақтау қағаздарымен марапатталған. Бұл марапаттар оның еңбекқорлығы мен өз ісіне деген адалдығының айқын дәлелі. Раушан Жилкибаевна үшін қызметтегі жетістіктің басты кілті – өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік пен басқаларға пайдасын тигізуге деген ұмтылыс. Ол медицина саласында жұмыс істеген жылдары бойы осы қағиданы ұстанып, өзінің кәсіби міндетін мінсіз орындап келеді. Алдағы жоспарлары да айқын – ол алдыңғы буын қалдырған игі істерді жалғастырып, аудан халқына қызмет ету жолында өз еңбегін жалғастырмақ. Халқының алғысына бөленіп, қызметінен ләззат алу – оның өміріндегі ең үлкен құрмет.