Казбекова Айдана Дүйсенбекқызы

Казбекова Айдана Дүйсенбекқызы – әр сәтін мазмұнды өткізіп, еңбегінің нәтижесін ел игілігіне арнаған ардақты жан. 1990 жылдың 22 тамызында Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының көркем табиғат аясында орналасқан Ақжар ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштарлық танытып, туған жеріндегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте оқыды. Мектеп қабырғасында өткізген сегіз жыл өмірінің маңызды кезеңіне айналды. Кейін отбасылық жағдайларға байланысты Өскемен қаласына қоныс аударып, жаңа ортаға бейімделді. 2008 жылы №15 орта мектепті үздік аяқтап, болашақ мамандығын анықтауға нық қадам жасады.
Жоғары білім алу мақсатында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің "Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану" мамандығына түсті. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Құрылыс саласы ел дамуына елеулі үлес қосатын, шығармашылық пен шеберлікті ұштастыратын кәсіп ретінде ерекше қызықтырды. Осы мамандықты меңгеру арқылы келешекте игі істер атқаруға ниеттенді.Кейіннен, 2020-2022 жылдары Сәтбаев атындағы университетте білімін жалғастырып, техникалық ғылымдар магистрі дәрежесін иеленді.
Айдана Дүйсенбекқызының өмір жолында ата-анасының рөлі ерекше. Әкесі Туржанов Дюсембек Құмарбекұлы 1954 жылы дүниеге келген. Өмірін Тарбағатай ауданының салық инспекциясына арнап, онда бөлім басшысы болып қызмет етті. Еңбегіне адал жан қазір құрметті демалыста. Анасы Смагулова Гульжан Смагулқызы да 1954 жылы туған. Гульжан ханым статистика бөлімінің басшысы болып, өз ісінің нағыз маманы атанды.
Айдана отбасындағы екі баланың бірі. Үлкен әпкесі Дуйсенбекова Ботагөз Дүйсенбекқызы дизайнер мамандығын игерген. Әке-шешесінің адалдығы, әділдігі мен еңбекқорлығы өмірлік бағыт беріп, болашаққа сенімді қарауға үйретті.
2012 жылы тұрмысқа шығып, жаңа мәртебеге ие болды. Жұбайы Айзар Бақытбекұлы – полиция капитаны, өз ісінің білгір маманы. Ерлі-зайыптылар үш ұлды тәрбиелеп өсіруде. Үлкен ұлы Айжас 2013 жылы дүниеге келген. Музыка әлемінде үлкен жетістіктерге жетіп, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Екінші ұлы Алихан 2015 жылы туған. Каратэ мен шахматқа қызығушылық танытып, спорттық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Ең кенже перзенттері Алиар 2021 жылы дүниеге келді, отбасылық бақыттың символы.
Кәсіби жолында Айдана Дүйсенбекқызы үлкен белестерді бағындырды. Университет қабырғасында оқып жүрген кездің өзінде жобалау ұйымында жұмыс істеп, құрылыс жобаларын әзірлеу ісіне белсенді атсалысты.
2019 жылдан бастап Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ жанындағы Жоғары IT колледжінде ұстаздық қызмет атқарады. Педагог ретінде болашақ құрылыс мамандарын тәрбиелеуге, олардың кәсіби қабілеттерін дамытуға зор үлес қосып келеді. Жастарды біліммен қатар өмірлік құндылықтарға баулуға ерекше мән береді.Мұғалім үшін басты қуаныш – шәкірттерінің жетістігі. Айдана Дүйсенбекқызының жетекшілігімен білім алған студенттер ірі құрылыс компанияларына жұмысқа орналасып, өз саласында беделді маман атануда. Олардың республикалық деңгейдегі байқауларда гранттар ұтып алуы – педагог еңбегінің жемісі.
Құрылыс саласының ерекшелігі – оның мәңгілік екендігінде. Адам қолымен жасалған ғимараттар мен құрылыстар – тарих бетінде мәңгі сақталатын із. Осы саланың қиындығы мен сұлулығын қатар сезінген ұстаз студенттеріне болашақ кәсібіне саналы түрде қарауды үйретуге бар күшін салады.
Өмірлік ұстанымы адалдық, еңбекқорлық және жаңашылдыққа негізделген. Өз ісіне деген махаббат пен жауапкершілік болашаққа нық қадам басуға жол ашады. Бүгінде құрылыс саласындағы жаңа технологияларды меңгеруді, тұрақты даму идеяларын қолдауды және оларды өмірге енгізуді мақсат етеді.
Казбекова Айдана Дүйсенбекқызы үшін отбасының жылуы, шәкірттерінің табысы мен қоғамға қосқан үлесі – өмірдің басты құндылықтары. Өзі жүрген жол өзгелерге үлгі болып, болашақ ұрпаққа бағдаршам боларына сенім мол.