Мұхамбетқалиева Айгүл


«Еңбектің зейнетін көру де – бір бақыт»

«Өскелең ұрпақ саулығы – ұлт болашағы» деп бекер айтылмаса керек. Дана халқымызда «жақсы дәрігер ауруды жазады, жаман дәрігер ауруға ауру қосады» деген даналық сөз бар. Медицинаның атасы Ибн Сина: «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз» деген. Міне, осындай игі қасиет дәрігердің бойынан табылса онда ол халықтың сүйіктісіне айналады.
 Біздің кейіпкеріміз, білікті дәрігер Мұхамбетқалиева Айгүл ұзақ жыл медицина саласының дамуына үлес қосып, бүгінде зейнет жасында болса да өзінің жылдар бойы жиған тәжірибесін жас мамандарға үйретіп келеді. Үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласын жетік меңгерген, халықтың сүйіктісіне айналған дәрігер. Сондықтан да болар, күні бүгінге дейін білікті маман ел игілігі үшін қызмет етуде.
    Мұхамбетқалиева Айгүл 1961 жылы қаңтар айының 1-жұлдызында қарапайым отбасында дүниеге келді. Ата-анасы мұнай саласында еңбек етіп, зейнетке шықты. Бұл күнде дүниеден өтіп кетсе де соңында ұлағатты ұрпағы мен жақсы естеліктерін қалдырып кеткен. Осындай салиқалы жандардың бүгінгі өрісін кеңейтіп отырған Айгүл Мұхамбетқалиева да халық денсаулығын жақсартуға үлес қосып келеді. Ол 1978 жылы М.Горький орта мектебін бітіріп, осы жылы Ақтөбе медициналық мемлекеттік институтына оқуға түседі.
1984 жылы педиатрия мамандығы бойынша диплом алып, туған ауылы Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық селосына педиатр мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Қаншама баланың денсаулығына жауапты болып, саланың өркендеуіне үлес қосты. 2012 жылы денсаулық сақтау саласында тың өзгеріс болып, қолданысқа жалпы телімдік дәрігер қызметі енеді. Заман талабына сай 6 айлық курстан өтіп, жалпы телімдік дәрігер болып ауыл халқының денсаулығының жақсаруына еңбек етті.  Тұщықұдық дәрігерлік амбулаториясында 2020 жылы зейнеткерлік жасқа жетсе де, бірақ ауылға жас мамандардың аз келуіне байланысты, әлі еңбекжолын жалғастыруда.
Жақсы дәрігер болу үшін адамның ауруын ғана емес, жан-дүниесін де түсіну керек. Ем іздеп келген науқасқа жылы шырай танытып, үнемі күліп қарсы алатын білікті маман пациенттері үшін де сыйлы әрі ондай маманды арнайы іздеп келетіндер де көп. Өйткені, тәні ауырған адамның жанын да емдей білген маман жұртшылықтың құрметіне бөленері хақ. Сол үшін де ақ халақтты абзал жандарға көрсетілер құрмет ерекше.
            Біздің бүгінгі кейіпкеріміз антына адал, ауыл халқының алғысына бөленген Айгүл Мұхамбетқалиева өзінің жылдар бойы жиған тәжірибесін кейінгі келген жастарға үйретуден жалыққан емес. Оған келушілер өздерін жайдары мінезімен, орамды әзілімен қарсы алатын дәрігерге көңілдері толып, ризашылықтарын білдіруде. Шын мәнінде, жақсы дәрігер жабырқап келген жанның көңілін тауып, онымен әңгімелесіп, жағдайын да зерделей білуі керек. Сол кезде ғана емдеу процесі оң нәтижесін беретінін жақсы біледі.
           Дәрігерді ауыл тұрғындары зор қуанышпен қарсы алады. Себебі, білікті маман, жақсы адам айналасына әрдайым сыйлы, құрметті. Осындай сыйластыққа, құрметке бөленіп жүрген дәрігер де бақытты болмақ. Өйткені, ол адамның жүрегіне жол таба білген жан.
             Дәрігердің өмірлік ұстанымы – зейнеткерлік жасқа жетсе де, одан әрі қарай да күш-жігерін халықтың денсаулығын түзетуге арнау. Өзін жақсы көретін тұрғындармен, ұжыммен бірге болу. Біліктілігін жастарға жол көрсетуге арнап, тәжірибесімен бөлісіп отыруды жөн санайды.
Біздің кезімізде кітапханадан кітапханаға барып, ізденіп, тәжірибелі мұғалімдермен араласып, білмегенімізді сұрастырып оқитын едік. Көзбен көріп, қолмен ұстап білімді жинақтау арқылы көп нәрсе есте қалатын. Жас дәрігерлер білмегенін сұрастырып, адамдармен араласып, жақсы жағынан көріне білсе, жақсы маман болып қалыптасады деп ойлаймын. Ерінбей, ізденіп, тәжірибе алмаса білу керек. Ең бастысы, кішіпейіл, қарапайым, адами жоғары қасиеттерге ие болса, жақсы дәрігердің қатарынан көрінеді деп сенемін. Ауылда дәрігер мамандығымен жұмыс жасау қиыншылығы да, қызығы да мол жұмыс, күн-түн демей адамдардың денсаулығын қорғау жолындағы еңбектің зейнетін көру де – бір бақыт,  – дейді ол.
             Дәрігердің еңбегі бағаланғаны – өзіне мәртебе, әрі қарай да оған рухани жігер мен күш беретін сенім. Білікті маманның талай жылғы еңбегі ескеріліп құттықтау марапаттарға ие болған.
Қазіргі таңда аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже атанған Айгүл ханым екі ұлын үйлендіріп, олардан немере сүйіп, бақытқа кенелуде. Қызы да анасының жолын жалғап педиатр мамандығын таңдап, 4 жылдан бері аудандық ауруханада бала дәрігері болып еңбек етеді. Қызынан 2 жиені бар.
Мамандықтың ең қадірлісі – дәрігерлік. Ақ халат киіп, антқа адал болу, халық денсаулығы үшін еңбек ету екінің бірінің қолынан келмейді. Медицина саласын таңдаған адамға ептілікпен қатар үлкен жүректілік те қажет-ақ. Осы ретте еңбегі еленіп, тұрғындар алғысына бөленіп келетін Айгүл Мұхамбетқалиеваның медицина саласындағы орны айрықша деп білеміз.