Орманшының қызы – ұрпақ тәрбиелеу жолындағы адал ұстаз Чикабаева Гүлмира Ашимханқызы – Алматы облысы Кеген ауданының табиғаты көркем Қайыңды сайында орманшының отбасында дүниеге келген. Ұстаздықтың ізгі жолына түскен ол, өз өмірін өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруге арнады. Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университетінің Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі факультетін бітірген Гүлмира Ашимханқызының тағдыры балғын шәкірттермен тоғысты. Әкесі Жекеев Ашимхан – Жалаңаш орман шаруашылығында ұзақ жылдар орманшы қызметін атқарып, өзінің адал еңбегімен елдің құрметіне бөленген жан. Ал анасы, Кененбаева Рысжан, үй шаруасымен айналыса жүріп, жеті баланы тәрбиелеп өсірген. Осындай қарапайым да үлгілі отбасында тәрбиеленген Гүлмира Ашимханқызы еңбек жолын 1991 жылы А.Нүсіпбеков атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Ұстаздық қызмет жолында жетістікке жету үшін қажымай, талмай еңбек ету керек деген ойда. «Баланың болашағы – ұстаздың қолында» деген сенімді ұстана отырып, мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге әріп танытып, сауат ашу мұғалімнің ұлы міндеті деп біледі. Бастауыш сынып мұғалімінің алдынан өткен әрбір сәт ерекше қызықты. Балалардың аңғал, пәк жүректерімен әр күнін жарқын әрі мәнді етеді. Ұстаздық жолында үлгі тұтар тұлғалар туралы айтқанда, Гүлмира Ашимханқызы ұстаздық жолын бастағанда қолдау көрсеткен Мұхаметжан ағайын ерекше еске алады. Ал бүгінгі таңда білім саласындағы жаңашылдықтың жаршысы, заманауи ұстаз Асхат Аймағамбетовты да үлгі етеді. Отбасында аяулы жары, екі баласы, келіні және екі немересі бар. Өзі үшін ең үлкен мақсат – шәкірттерінің бойына адалдық пен адамгершілік дарыту, білім нәрімен сусындату. Гүлмира Ашимханқызы саналы, сауатты ұрпақ тәрбиелеп, ұлтымыздың келешегіне аянбай үлес қосу жолында еңбек етуді өзіне мақсат етіп қойған абыройлы ұстаз.