Бағдат Сырлыбайұлы Байболов — еліміздің сумен жабдықтау және су бұру саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол 1984 жылдың 23 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданына қарасты табиғаты көркем Ұзынарық ауылында дүниеге келді. Балалық шағы ауылдың қарапайым тіршілігімен астасып, еңбекқорлық пен табандылықты бойына сіңірген ортада өтті.
Бағдат Сырлыбайұлы білімге деген ынтасымен ерте көзге түсті. 1990–2001 жылдар аралығында туған ауылындағы Қ. Байболов атындағы орта мектепті табысты аяқтап, 2002 жылы Шымкент қаласындағы Халықаралық қазақ-араб университетіне оқуға түседі. 2006 жылы “Тарих, құқық-экономика негіздері” мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады. Кейін кәсіби өрісін кеңейту мақсатында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Су ресурстары және суды пайдалану” мамандығы бойынша екінші жоғары білім алады.
Еңбек жолын 2006 жылы “Құрсай су” ЖШС-де қарапайым жұмысшы ретінде бастаған Бағдат Байболов еңбектің қадірін тереңінен түсініп, әрбір сатыдан абыроймен өтті. 2009 жылы ол Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне шақырылып, Көкшетау қаласындағы №5510 әскери бөлімінде мерзімді әскери борышын өтеп, қызметін кіші лейтенант шенінде аяқтады.
Әскерден оралған соң еңбек жолын қайта жалғап, 2012 жылы “Шұғыла” ЖШС-де бақылаушы қызметін атқарады. 2014 жылдың соңында Шымкент қаласы әкімдігінің “Су құбыры және канализация басқармасы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына (МКК) жетекші маман болып қабылданып, өзінің жоғары кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында 2015 жылы бас инженер лауазымына көтеріледі.
2017 жылдың 14 тамызында оған үлкен сенім артылып, аталған мекеменің директоры қызметіне тағайындалды. Бұл жауапты лауазымды Бағдат Сырлыбайұлы 2019 жылдың маусымына дейін абыроймен атқарды.
2020 жылы ол қайтадан “Су құбыры және канализация басқармасы” МКК-ға директордың су тарту құрылыстары мен кәріз желілері жөніндегі орынбасары болып қабылданды. Кәсіби тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында 2021 жылы осы бөлімнің басшысы лауазымына ауыстырылды.
2023 жылы қысқа уақыт “Берен” ЖШС-де инженер болып еңбек еткеннен кейін, сол жылдың қазан айында өзінің білімі мен тәжірибесін туған мекемесіне қайта арнап, қазіргі таңда “Су құбыры және канализация басқармасы” МКК директорының міндетін атқарушы қызметінде табанды еңбек етуде.
Бағдат Сырлыбайұлының 19 жылдан астам уақытты қамтитын кәсіби жолында су жүйелері саласындағы басқару, қаржы және техникалық даму бағыттары бойынша мол тәжірибе жинақталған. Ол әрдайым өндірістің тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға ерекше көңіл бөледі.
Отбасында Бағдат Сырлыбайұлы үлгілі жар және қамқор әке. Жұбайы — Қалибекова Алмагүл Абдуәлиқызы, білікті дәрігер, бүгінде қалалық емханада қызмет етеді. Екі ұл өсіріп отырған өнегелі отбасы қоғамға өз үлестерін қосып келеді.
Бағдат Сырлыбайұлы Байболов — адал еңбек пен кәсіби шеберлікті ту еткен азамат. Ол өз ісіне деген жауапкершілігімен, үздіксіз даму мен жетілдіруге ұмтылатын қасиетімен әріптестерінің құрметіне бөленген тұлға.