Рахыметов Рахима Төленқызы

Ұстаз болу – жүректің батырлығы
Ұстаз... Бұл қарапайым сөздің астарында ұлт болашағына бағыт сілтеп, ұрпақ тәрбиесіне бар күш-жігерін арнайтын ерекше тұлғаның бейнесі жатыр. Ұстаздық – білім мен тәрбие арқылы болашақтың іргетасын қалау, қиындыққа төзімділік танытып, әр шәкірттің бойына адамгершілік ұрығын себу.
Рахыметова Рахима Төленқызы – осындай қасиетті жолды таңдап, өмірін ұстаздық қызметке арнаған жан. Ұрпақ тәрбиесіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығы туған отбасы берген өнегеден бастау алған. Әкесі Рахметов Төлен мен анасы Моғаззамия Хасенжанқызы еңбеккор, дана жандар. Төлен мырза 40 жылдық, ал Моғаззамия ханым 35 жылдық өмір жолын еңбек жолына арнап, "Еңбек ардагері" атанған.
Ұстаздық қасиет бұл әулетке тән құндылықтардың бірі деуге болады. Рахима Төленқызының атасы Құлмағанбет Әбікеш, ағалары Құлмағанбет Махмұд пен Құлмағанбет Ихсан және апасы Рахметова Гүлжан да ұстаздық жолда қажырлы еңбек еткен. Сонымен қатар, қайын атасы Байбосынов Тауыш өмірін ұстаздыққа арнап, білім мен тәрбие саласында талай шәкірттің санасын оятқан. Мұндай ортаның тәрбиесін көріп өскен Рахима Төленқызы үшін ұстаздық жолға түсу табиғи заңдылық еді.
Өмірін білім мен тәрбиеге арнаған ұстаз еңбек жолын Арқалық қаласындағы Б.Майлин атындағы №3 мектепте математика және физика пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Шығармашылық қабілет пен өнерді жанына серік ете отырып, ақын-термешілер байқауында жүлделі орынға ие болып, композитор Шәміл Әбілтаевтың батасын алған. Арқалық педагогикалық институтында білім алып, қосымша қазақ ұлттық аспаптар ансамблінің жетекшісі мамандығын меңгерген. Қобыз бен домбыраны серік еткен ұстаз өнер мен білімнің тығыз байланысын шәкірттерге үлгі ете білді.
Рахима Төленқызы үшін отбасының қолдауы – ұстаздық жолындағы басты тірек. Жолдасы Байбосын Құрманғали отбасының қамқоршысы ретінде әрдайым жан жылуын сыйлап келеді. Балалары: Байбосынов Хасенхан, Байбосынов Адильхан, Сейдах Рамазан, Құрманғали Жандос, Құрманғали Дархан – әрқайсысы өз саласында жетістіктерге жеткен жандар. Келіндері Әбдіғали Ақмаржан, Жұмақан Таншолпан, Айтжан Гүлсара да ұстаздық жолды таңдаған жанашыр азаматшалар. Бүгінде 11 немере өсіп келе жатқан бұл отбасы – береке мен бірліктің жарқын үлгісі.
Шығармашылық пен ізденіс әрдайым ұстаз қызметінде басты орында тұрады. Шәкірттерге білім берумен қатар, олардың бойындағы қабілеттерді дамытуға, адамгершілік пен рухани құндылықтарды ұялатуға күш салу – өмірлік мақсат. «Өнерлі өрге жүзеді», «Талаптыға нұр жауар» деген даналық сөздермен жас ұрпақтың санасын тәрбиелеу – өмірлік қағидаға айналған.
Ұстаздық жолындағы ең үлкен жетістік – шәкірттердің биіктерден көрінуі. Әрбір шәкірт өмірден өз орнын тауып, қоғамға қызмет ететін тұлға ретінде қалыптасса, бұл – ұстаз еңбегінің ақталғаны.
Халық даналығы «Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді. Бұл қағида ұстаздың өмірлік ұстанымына айналған. Ұрпақ тәрбиелеу арқылы болашаққа қызмет ету – ең үлкен мәртебе.
Ұрпаққа рухани бай, өнері мен білімі жарасқан азаматтарды тәрбиелеу – Рахима Төленқызының ұстаздық жолындағы басты міндеті. Мұғалім үшін шәкірттерінің жетістігі – ең үлкен қуаныш, ал олардың өмір жолындағы жарқын жетістіктері ұстаздың мақтанышы болып табылады.
Рахима Төленқызының өмір жолы мен еңбегі ұстаздықтың шынайы бейнесін көрсетеді. Оқу мен тәрбиені үйлестіре отырып, жас ұрпақтың санасына адамгершілік ұрығын себу – бұл ұстаздың басты міндеті. Талмай ізденіс пен қажырлы еңбек арқылы көптеген шәкіртке бағыт-бағдар берген ұстаз әрдайым құрметке лайық.
Мұндай қызметтің негізінде тек білім ғана емес, үлкен жүрек, шексіз төзімділік пен шәкіртке деген махаббат жатқаны анық. Рахима Төленқызы – осындай ұлы қасиеттерді бойына жинақтаған ұстаздың жарқын үлгісі.