Илесбекова Сусар Байдуалиевна – Оңтүстік Қазақстанның қасиетті Қазығұрт аймағында, Қаржан тауының етегіндегі Қосағаш ауылында дүниеге келген. Мұғалімдер әулетінде өсіп, ата-анасының жолын қуған жан. Әкесі Байдуәлі Шакирович пен анасы Гүлжахан Санакбаевна саналы ғұмырларын бала оқытуға арнаған ұстаздар еді. Қосағаш мектебінде 40 жыл бойы білім беріп, зейнетке шыққан абыройлы жандар. Сусар 9-сыныпты туған ауылында аяқтап, соңғы екі сыныпты Шымкенттегі Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясында оқыды. Ұстаз болсам деген бала арманы Тараз қаласындағы университетке жетеледі. ТарМУ-дың математика және информатика факультетінде білім алып, 2003 жылы мектеп партасына ұстаз ретінде оралады. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Үлгілі мектебінен бастады. Онда сегіз жыл шәкірт тәрбиелеп, кейін туған Қосағашына оралып, сол жердегі мектепте информатика пәнінің мұғалімі қызметіне кірісті. Бүгінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқаруда. Ұстаздық жолдың табысты болуы үшін алға үлкен мақсат қою керектігін Сусар Байдуалиевна жақсы біледі. Ең алдымен, өз саласында білікті маман болып, қоғамға қажет тұлға болуға талпыну қажеттігін түсінеді. Оған қоса жауапкершілікті сезіну, адамдармен жақсы қарым-қатынас орнату, әсіресе, шәкірттердің жүрегіне жол табу маңызды деп есептейді. Адалдық пен әділдік – өмірлік қағидаттарының бірі. Табысты ұстаздықтың бір көрінісі – осы қасиеттер арқылы көпшілікке үлгі болу, ұрпаққа дұрыс бағыт беру деп біледі. Сусар Байдуалиевна үшін тәрбие жөніндегі орынбасарлық қызметтің өз қиындықтары да жоқ емес. Бүгінгі баланың тәрбиесі – маңызды мәселеге айналған. Жас ұрпаққа сыртқы факторлардың әсері көп, телефон, интернет сияқты заманауи құралдар оларға қатты ықпал етеді. Бұл қызметтің қызығы да бар: оқушылармен табиғат аясына, саяхаттарға шығып, олардың жаңа қырларын тану – жүрегіне жылылық сыйлайды. Мектепте байқалмайтын таланттарды саяхаттар кезінде көріп, оқушылардың өнерпаздық қырларына куә болып жатады. Өмірлік ұстанымы – әр іске дұрыс шешім қабылдау. Кейде "әттеген-ай" дейтін жағдайлар кездессе де, әрбір қателіктен сабақ алуға тырысады. Өмірдің ақ пен қарасынан қорытынды жасап, алға нық қадаммен ұмтылады. Отбасында үш перзент тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Алматы қаласындағы ҚазҰУ-дың IT факультетінде білім алып, шетелде тәжірибеден өткен. Қызы да «Алтын белгі» иегері, қазіргі таңда Абай университетінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығында оқып жүр. Кіші ұлы мектепте, 10-сыныпта білім алуда. Балаларының жетістігіне қуанып, оларды мақтан тұтатын аяулы ана. Алға қойған мақсаттары да айқын – елдің игілігіне қызмет етіп, ұлтын сүйген, намысын бермейтін азамат болу. Білім беру жолындағы саналы ғұмырының әрбір сәтін шәкірт тәрбиесіне арнаған Илесбекова Сусар Байдуалиевна – көпке үлгі, өнегелі тұлға.