Міндетбаев Амангелді

Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді

Қашанда ұрпақтар алмасуы заңдылық секілді. Өйткені, өмір –керуен деп жатады. Сондықтан бір орнында тұрмайды, ағын өзендей сырғи береді. Атаның орнын әке, әкенің орнын бала басып, адамзат тарихы осылай бір-бірінен ажырамас тізбекке жалғанып, ғұмыр кешіп келеді. Өткен ғасырдың ортасында болған Ұлы Отан Соғысы қаншама жанның өмірін қиып, мыңдаған шаңырақты ортасына түсірді. Тіпті кейбір жандар дүниеге есігін әлі ашпаған ұрпағын да бір көруге зар болып, бұл фәниден кете барды. Мұндай тағдыр иесі біздің бүгінгі кейіпкеріміз Аманкелді Міндетбаев туралы өрбімек. Оның азан шықырып қойылған есімі тұтас бір тарихпен байланысты.
1942 жылдың қазан айының 24 жұлдызында қазіргі Түркістан облысы Майдамтал ауылы, «Қаражон» елді мекенінде дүниеге келді.  Есімін әкесі Міндетбай ырымдап, сұрапыл соғыстан аман-есен келейін деген ниетпен Аманкелді қоюын ұрыс алаңында жазған хаты арқылы өтінген. Алайда сұм соғыс әкесін өмірден ерте алып кетті. Дегенмен оның өміржолы, артына қалдырған ізі өшкен жоқ. Өйткені батырдың жолын жалғар ұрпағы, текті тұяғы тарихта қалды.
Әкесін бір көрмей өскен Аманкелді Міндетбаев атасы Маханбеттің тәлім-тәрбиесінде болды. Ол асылдан қалған тұяқты еңбекқорлыққа, адалдыққа, қарапайымдылыққа баулып ер жеткізді. Ешкімге алақан жайдырмай, өзінің адал еңбегімен өмір сүруді үйретті. Құлағына халықтың өсиет әңгімелері мен қисса-дастандарын құйып өсірді. Сондай парасатты жанның қамқорлығын, ыстық ықыласын көріп өскен Аманкелді Міндетбайұлы өмірде өз орнын тауып, берекелі ғұмыр кешуде.
Ол Түркістан қаласы Ленин атындағы (қазіргі А.Байтұрсынов) жалпы орта мектебінде білім алып, еңбек жолын 1960 жылы Түркістан аудандық байланыс кеңсесінде телеграфист болып бастады. Арада бір жыл өткен соң 3-ші разрядты морзист-телеграфист жұмысын атқарды. Семей қаржы-эконономикалық техникумын «Бюджет есебінің бухгалтері» мамандығы бойынша аяқтап шығып, сол жылы отбасын құрады.
Өмірлік серігі, адал жары Раушан Шәкірқызымен бірге тату-тәтті, мағыналы ғұмыр кешті. Құдай қосқан жары, сүйеніші болған ол 2016 жылы маусым айында келместің кемесіне мініп, кете барды. Алайда аяулы жан барда бұл шаңырақтан дәм татпаған жан кем-кем болды десек артық айтқандық емес. Қашанда «Қонақ келсе-құт» деген ұстаныммен жүретін жары шаңырақтың шырайын кіргізіп отыратын. Амал қанша? Өмірден озса да Алланың берген ұл-қыздары мен немере-шөберелері көңілге медеу.
Бүгінге үлкен бәйтеректен тамыр тартқан перзенттері өз алдына Отан құрып, түтінін түтетуде. Барлығы жоғары білімді, қоғамға бір-бір кірпіш болып қаланып, түрлі салада еңбек етіп жүрген жандар. Халықаралық «Болашақ» стипендиясымен үш баласы шетелде білім алып, Қазақстанның әр қаласында  тер төгуде. Кенжесі Ерхан – IT саласында ғылым докторы (PhD). Ата-тегін жалғастырар немерелерінің алды Сүлеймен Демирел атындағы университетті бітіріп, Алматы қаласының қаржы саласында жұмыс істейді. Назарбаев университетінде екі немересі үздік оқуда, немерелері - Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «NURORDA» мектеп-лицейінің грант иегерлері, біразы «Білім-Инновация» лицейлерінде білім алуда.
Иә, мақтануға тұрарлық перзенттері бар Аманкелді ағаның өмірдегі басты миссиясы орындалғандай. Ол әрине, баға жетпес саналы, білімді ұрпағымен марқаяды. Бұл туралы өзі де: «Өмірдегі миссиям әке жолын жалғастырып, ұрпаққа жалғасын табыстау болса, ұрпақтарым өз әкемнің атын жалғап, даңқын асырып келеді, шүкір! Тағырыма ризамын! Бұдан асқан адам  баласында  асқақ арман жоқ шығар, сірә?»– дейді.
Ұлт тарихында ұрпақ болашағы үшін үлгілі іс тындырып, өзінің саналы ғұмырын елдің дамуы мен өркендеуіне арнаған, ел мүддесін өз мүддесінен биік қойған айтулы тұлғалардың өмірі мен қызмет жолы – бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін тағылымды мектеп, ғибрат, өнеге жолы. Өткен күннің шежіресіне көз жүгіртсек, ел басына күн туғанда етігімен су кешкен батыр ұлдар, елінің болашағы үшін тер төккен еңбек ерлері, халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағын асылындай сақтап, көзінің қарашығындай қорғаған жандар көп болған. Сондай асыл жанның бірі – Аманкелді Міндетбайұлының игі істері, жасаған ізгі амалдары халықтың көз алдында келеді.
Іскер азаматтың еңбек жолы 1964-1966 жылдар аралығында Түркістан аудандық медицина бірлестігіннде жалғасын табады. Бұл уақыт аралығында есепші болып жұмыс істейді. 1966 жылы білім саласына келіп: әуелі аудандық оқу бөліміне қарасты «ХХ Партсъезд» сегіз жылдық мектебінің есепшісі қызметін атқарды. 1967 жылы аудандық оқу бөліміне ауысып, одан орталықтандырылған бухгалтерия бөлімінде есепші, кейін бас есепшінің орынбасары, сонан соң бас есепшілік қызметінде болды. Сонымен қатар, білім бөлімінің кәсіподақ саласының есебінде қоғамдық негізде 1972 жылдан бері қоса атқарып келді. 1997жылы Түркістанның аудандары мен қаласының біріктірілуіне байланысты Түркістан қалалық білім бөлімінің бас есепшісі қызметіне тағайындалды.
Есепші болу үшін міндетті түрде дәлдік, нақтылық керек. Бір саннан қате жіберуді қызмет барысы көтермейді. Себебі бүкіл бір ұжымның есеп-қисабы, еңбеккерлердің айлығы одан өзге де қаржыға қатысты шарушылықтар есептен шатасуды кешірмейді. Бір саннан кілт кету, өміріңе де қауіп төндіруі мүмкін. Жыл бойы жиған абыройдан айырылуың да ғажам емес. Осындай жауапты қызметті, асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен атқара білген Аманкелді Міндетбайұылының дара жолы кейінгілерге өнеге. Істің дәлдігін, нақтылығын қалайтын оның бойында адами қасиеттер басым. Біреудің ала жібін аттамай, маңдай термен еңбек етуді ғана білді. Теріс жолға түсіп, ардан аттамау атасы Маханбеттің берген тәрбиесіне үлкен сын боларын жақсы түсінді. Сондықтан әке аманатына, атасының берген ұлағатты тәрбиесіне қашанда адалдықпен қарады. Дәл осындай ұстанымды өзінен өрбіген ұрпағына, немерелеріне де айтып, үлгі етіп отырады. Сонау қиын кезеңдердегі халық басына туған ауыртпалықты, бейбіт өмірдің қадірін ұғынуды балаларының санасына сіңіріп келеді. Өткеннен тағылым алып ержеткенде ғана бүгінгі ұрпақтың мейірімді, адал, еңбекқор болатыны анық.
Міне, сондықтан да болар Аманкелді ағаның ұл-қыздары жан-жақты білімді, зерек, алғыр болып ержетті. Қазақстанның өркендеп, гүлденуіне осындай азаматтарды өсіріп, тәрбие беру арқылы үлес қосқан абзал жанның өмірдегі басты байлығы, қоғам алдындағы еңбегі ақталғандай. Ұрпағымен мың жасайтын осындай жандар арамызда көп болса ғой деп тілек білдіреміз.
«Еңбек ер атандырады» дейді халық даналығында. Ұрпақтан-ұрпаққа өсиет қалдырған қазақ еңбек еткен әр ұлына сүйсіне қарап, болашағынан үміт артады. Қай қоғамда да еңбек адамы жоғары бағаланады. Елі үшін еткен еселі еңбегі Аманкелді Міндетбайұылын марапатсыз қалдырмады.
Олардың бірнешеуін атап айтар болсақ, облыстық білім департаментінің бірнеше рет «Құрмет грамоталарымен», облыстық қаржы басқармасының қорытындысы негізінде танылған «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен, «Республикалық кәсіподақ#саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Ел ардақтысы» медалімен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым қызметкерлері республикалық кәсіподағының «Құрмет грамотасымен», Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым қызметкерлері облыстық кәсіподағының «Құрмет грамотасымен», Түркістан қаласы әкімінің алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталып, құрмет төрінде болды.
Мадақ, марапат бұл еңбек адамының жұмысын қанаттандырады. Ары қарай жұмыс жасауына шабыт береді. Кейбіреулер үшін бір жапырақ қағаз болып көрінуі мүмкін. Алайда жыл бойы жасалған еңбектің бағалануы көңілге медет, қуаныш, алдағы күнге сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Жұмысқа деген жауапкершілікті екі еселей түседі. Марапат алдым деп масаттанып, тасымай баяғы қарапайым қалпынан айнымай, парасат болмысынан түспеген жан ұжымына да өз ортасына да, айналасындағы дос-жаранға да сыйлы. Көз алдындағы балаларының алдындағы асқақ абыройы мен адал еңбектің үлгісі. Осындай ізгі қасиеттерімен жұртшылыққа өнеге көрсетіп келетін оның беделі әрдайым жоғары бола бермек.
Білікті маман, іскер азамат қай уақытта да сұранысқа ие. 2007 жылдан құрметті зейнеткерлікке шықса да, бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп, көп жылғы жиған тәжірибесін кейінгі мамандарға үйретуден бір танбады.
Қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ кеңесінің ұсынысымен кеңестің бас есепшісі болып тағайындалып, он жылдай осы қызметті атқарады. Қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті жанынан құрылған ардагерлер кеңесін басқарды.
«Адамды адам еткен еңбек» деген халықтың қанына, жанына, сүйегіне сіңген сананың төрінен орын алған қағиданы «адамды адам етіп қалдыратын еңбек» деп осындай кісілерге қарата жалғастыруға әбден болады.
Өмір деген жарыс, өмір деген бәйге, өмір деген күрес, сын, сынақ. Осы тұрғыдан алғанда адамзатқа берілер баға да, парық та, нарық та өлшем де, сын да, мін де, көзқарас та, пікір де сан алуан болуы заңдылық. Адамға берілер ең дұрыс, ең әділ, шешуші баға оның еңбекке деген көзқарасы, еңбексүйгіштігі, қабілет-қарымы болуы тиіс. Бұл жеке адамға, отбасына, әулетке ғана емес, бүкіл қоғамға қажет қасиет. Осындай кәсіби біліктілігі жоғары, ардан аттамаған жандар қоғамда өзінің лайықты бағасын алып, құрметтеліп жатса мерейінің өскенін көрсетеді емес пе? Өткен жыл соңында осындай қошеметтің төресі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» медалінің берілуі арда азаматқа жасалған үлкен ілтипат деуге болады.
Аманкелді Міндетбайұлы ізденімпаздық пен еңбексүйгіштіктің өлшеміндей, келелі кеңестің, нәтижелі істің, сыпайы сыйлыстықтың қорығындай, адал достық пен шынайы махаббаттың шырақшысындай азамат.
Өкінішсіз өмір кешкен, білімді ұрпағымен кейінгі толқынның тізбегін, тарихын жалғар мәнді ғұмырдың иесі бір өзі. Оның еңбекке алаңсыз беріліп жұмыс істеуі, алдымен үйдегі шаруаны тындырып, жанына шуақ сыйлай білген жары Раушан Шәкірқызының қосқан үлесі көп. Маңдайына жазылған аяулысы бала тәрбиесінде болсын, қызметте болсын, түзде болсын әрқашан бір қолтығынан демеп жүрді. Қуанғанда бірге қуанып, мұңайғанда жанына жалау болып сүйеніші бола алды. Терең түсінушілік пен бір-біріне деген риясыз сезімдері атпалдай азаматтың атын шығарды, қоғамды ойып тұрып орын алуына септігін тигізді. Артына осындай өшпес із қалдырып кеткен ардақты ана, сүйікті әже болып өмірден кете барды...
Осы жерде Аманкелді Міндетбайұлының тағы бір қырын аша кетуді жөн санадық. Ол кісі шығармашылыққа жаны жақын жан. Оның қаламынан туған «Бабалар рухынан қуат алып» атты қысқаша жинақ кітапшасы, одан кейін «Ой толғау» жыр-жинағы бар. Өмірдегі жарты қазынасы болған жан-жарына деген сағынышын, құрметін, мөлдір сезімін осы өлеңдер тізбегімен білдіргісі келген болу керек.
Аманкелді Міндетбайұлы мен Раушан Шәкірқызының шағын мемлекетінің іргесі кең, керегесі кең болды. Парасат биігі бір төбе болған ардақты жандардан өрбіген ұрпақта ел сүйсінерліктей еңбекқор, зерделі, зейін сөзді санаға тоқи білген білімді азаматтар болды. Бір отбасынан үш бірдей халықаралық «Болашақ» стипендиянттарының шығуы тарихта сирек кездесетін оқиғалардың бірі. Сонысымен бұл үлкен әулет көпке үлгі, түсіне білгенге мол тағылым.
Тарихы тереңнен тартқан бәйтерек секілді Міндетбаевтар әулетінің тарихқа салған сара жолы, өзінше бір әлемі бөлек. Адамзат баласы білім мен ғылымы арқылы өзгелерден озық болары анық. Әсілі осындай білімді, саналы ұрпақтар тұрғанда елдің іргесі сөгілмей, өміршеңдігі ұзақ болары сөзсіз. Тәуелсіз елдің дамуына бұл әулеттің әрбір мүшесінің қосқан үлесі, берген тағылымы, жасаған ілкімді істері баршылық. Міне, сондықтанда жапырағын жайқалта жайған саялы ағаштай бұл отбасының береке бірлігі бекем, жарасымды тірлігі көпке үлгі.
Еліне еңбегі сіңген, халық үшін қажымай-талмай қызмет атқарған, өмірдің талай бел-белесінен өткен, қай істе де тәлім-тәрбиелік үлгісі мол Аманкелді ағамыз осындай ғибратты өмірімен, білімді ұрпағымен, жарты қазынасы болған жан-жарымен, адал еңбегімен, асқақ абыройымен  бақытты. Жақсы адамның үнемі халық арасында сый-құрметінің жоғары болатынын Аманкелді Міндетбайұылының жүрген ізі мен өнегелі тәрбиесі дәлелдеп тұрғандай.