Әлия Рысбекқызы

 Сынаптай сырғыған заманның өмiр-өзен жылнамасынан әдетте, әр пенденiң жүрiп өткен жолы үңiлген жанға әр қырынан сыр шертiп тұрады. Әсiресе, бұл – жастайынанеңбек етіп, ылғи да алға ұмтылып отырған жандарда анық байқалады. Мынау өмiрдiң жақсылығын да, жоқшылығын да көрiп, ыстық-суығына төзiп, адами болмыс-бiтiмi мен парасатын, адамгершiлiк асыл қасиетiн қандай мансапқа болмасын айырбастамастан адалдықты, елге, жерге деген шынайы махаббатты ту еткендер үшiн ол тiптi алыстан-ақ «мен мұндалайды».
Сондай ғибратты ғұмырдың иесі Әлия Рысбекқызы 1964 жылы мамыражай мамыр айының 25-жұлдызында Алматы облысы, Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылында дүние есігін ашады.
Қарапайым отбасында өмірге келген оның ата-анасы да еңбектен бақытын тапқан жандар. Әкесі Адыбаев Рыскен Адыбайұлы мал бағып, төрт түлікті түлеткен малшы болған. Ал анасы  Адыбаева Райхан аспазшы болып жұмыс істеген. Балаларын адал еңбегімен асырап, жақсы қасиеттерді дарытып, тағылымды тәрбие берген. Ата-анасының өнегелі тәлімін алып, өрісін кеңейткен Әлия Рысбекқызы өзінің алғашқы еңбек жолын 1983 жылы Алматы қаласы Медеу ауданындағы Ардагерлер госпиталінен бастайды. Ол жерде бір жыл қызмет етіп, кейін басқа салаға ауысады.
Бүгінде бала тәрбиесі мен оның болашағының жарқын болуы жолында тынымсыз еңбек етіп келетін білікті маман. Осы күнге дейінгі жетістігін қызметтегі адалдығы мен ұстамдылығы мен ұқыптылығының арқасында бағындырған. Әрине, әр саланың өзіндік қиындығымен қатар қызықшылығы, жауапкершілігі болатыны анық. Мамандығын жанындай жақсы көретін Әлия Рысбекқызы бұралаңы көп жолда біршама қиындықты артта қалдырып, қазір соның жемісін татып отырған жан.
–    Әр адам бұл өмірге келгенде белгілі-бір миссияны атқарып кетеді. Менің маңдайыма бала тәрбиелеу, оларды өсіру, емдеу, оқыту, ана орнына ана болып мейірімге бөлеу, қамқорлық таныту жазылған екен. Жылдар бойы жасаған еңбегің жақсылықпен қайтып, балапандардың аяққа тұрып, өз өнерімен, білімімен қуантса одан артық бақыт жоқ. Біз еңбек ететін саланың жауапкершілігі зор. Оның артында адам тағдыры, балалардың болашағы тұр. Осы ретте айта кетейін, бізге бағыт-бағдар беріп, саланың қыр-сырын үйретуде Шынтай Асанұлы мен Алия Қабиқызының осы салада да, өмірде де көмектері көп болды. Кез-келген сәтте ақыл-кеңестерін айтып, қол ұштарын созған өте керемет жандар. Мен оларды әрдайым үлгі тұтамын, – дейді Әлия Рысбекқызы.
Қай кезде де әйел заты қызметпен қатар отбасының да ауызбіршілігін, татулығын ойлайды емес пе? Бұл ретте өнегелі отбасының тұтқасын ұстаған ана, немерелерінің сүйікті әжесі екенін айта кетелік. Бақытты отбасы дегенде көпшілігіміздің көз алдымызға қайратты әке, мейірімді ана, баланың шат күлкісі келеді. Шынында да солай. Отбасының бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Отбасы мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр. Бүгінде жолдасы Сатыбалды Құрақбаевпен шаңырақ құрғандарына 40 жыл толды. Осынау уақытта өмірге алтын асықтай 2 қыз бен 3 ұлды әкеліп, оларды өсіріп , тәрбиеледі. Жапырағын жайған саялы бәйтеректей өсіп-өніп, әрқайсысы өз алдына отау көтеріп, берекелі тіршілік кешуде. Олардан өнген немерелер де тәтті қылықтарымен ата-әжесін баурап алады.
Ата-бабамыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, адам өмірінде отбасы тәрбиесінің мәні мен маңызын баса айтады. Расында да, отбасы – өмірге жаңа келген сәбидің тұңғыш ұясы, алғашқы ұстазы. Аяғын апыл-тапыл басқан ол ненің ыстық, ненің суық, бір сөзбен, ненің жаман, ненің жақсы екенін осы өзі өмірге келген отбасынан біліп өседі. Ұрпаққа сана себер сәуледей әрқайсысы өз жолын таңдап, бүгінде тек білікті маман ғана емес, адами тұрғыда кемелденген азаматтар биік белестерді бағындырып отырған жайы бар.
Осындай ғибратты өмір кешіп, отбасында ғана емес, қызметте де үлкен жетістікке жетіп, биік белесті бағындырған Әлия Рысбекқызының әлі де ойлаған арман-мақсаты көп.
–    Алға қойған мақсатым ұл қыздарымды қолдап, барынша көмек қолын созу. Отбасының бақытты болуы, аман-саулығы қоғамның негізі болатын бір бөлшегі ретінде әрқашан маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп халқымыз да бекер айтпаса керек. Жанұяның береке бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде екені сөзсіз. Ал бақытты әрі берік шаңырақ – еліміздің игілігі мен өркендеуінің кепілі. Зейнеткерлікке аман-есен шығып, жолдасыммен бірге ұл-қызымыздың жақсылына қуанып, шөбере-шөпшек сүйсек деген асыл арманым бар, – дейді ағынан жарылып.
Адам өмірі оның қанша жыл жасағанымен емес, өмірдегі игі істерімен, артындағы ұрпаққа қалдырған өлшеусіз өнегесімен өлшенеді. Әлия Рысбекқызы еңбекте де, отбасында да жарқын із қалдырып отырған жан деп білеміз. Оның бойындағы қайсарлықты, рухани құндылықты, жаңалыққа деген құштарлықты көруге болады. Рухани байлықты өміріндегі сарқылмайтын, алға қарай талпындыратын, сайып келгенде қанат бітіретін ең асыл қазынасы деп біледі. Бойындағы қарапайымдылығы, жүзіндегі мейірімділігі – қанмен берілген қасиет. Адамгершілік, мейірімділік, ізгілік, парасаттылық, адалдық – оның негізгі қағидалары. Әр адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Өз нәпақасын ешкімге жалтақтамай, адал еңбекпен ғана табуға ұмтылған осындай еңбек адамдары қашанда сый-құрметке лайық.