Нұрмахан Бахов Амандықұлы

Парасатты жанның пайымды өмірі

Бұл өмірге келген соң, әрбір адам ғибратты ғұмыр кешіп, үлгі аларлық ісімен артыңда із қалдыруы маңызды. Адамның адамшылығы да осында жатса керек. Алдына биік мақсаты мен аласармас арманы бар адам ғана өзі қалаған табысқа, жетістікке қол жеткізеді. Олардың өзгелерден артықшылығы – еңбексүйгіштігі мен адалдығы. Мұндай жандар арамызда баршылық.
Біз бүгін кәсіпкер Нұрмахан Бахов Амандықұлы жайында әңгіме өрбіткелі отырмыз. Ол 1974 жылы 6 мамырда Кентау қаласында дүниеге келген. Орта жүздің Қоңырат руының Саңғылбиінен тарайтын бүгінгі  сегізінші ұрпағы. Алдыңғы аталары Есенгелді Қошқаров, Аққабақ, Баймырза, Құбағабыл, Әшірбек, Бақ, әкесі Амандық секілді алып бәйтеректің тамырынан тарайды. Үлкен атасы Бақтан екі ұл және екі қыз өмірге келген. Бақ атасынан  Сағындық мен Амандық өрбиді. Сағындық әкесінен төрт бала, төрт қыз, ал Амандықтан 8 ұл өмірге келеді. Алайда оның қазір 6-ның көзі тірі.
Әкесі Амандық Кентау қаласының маңындағы Шуақтас деген елді мекенінде туып өскен. Анасы Ұлдар Жарылқапқызы да осы өңірдің тумасы. Екеуі шаңырақ көтеріп, өмірге 8 ұлды қатарынан әкеліп, оларға тағылымды тәрбие, өнегелі өмір сыйлайды. Анасының есіміне байланысты ма, әлде Алланың қалауы солай болды ма, өмірге бірыңғай ұл бала туылады. Қазір олардың 6-уы бар.
«Алып анадан туады» деп бекерге айтылмаса керек. Қадірлі жандар  ұрпағының бүгінгі жалғасы болған арыстай азаматтарды бағып-қағып, бойындағы бар асыл қасиетін дарытып, бағыт-бағдар береді. Үлкен ұлы Мейірхан, одан кейін, Нұрмахан, Нұрлан, Шарбатхан, Дәулетхан, Дархан бүгінгі уақытта өз отанының тұтқасын ұстап, алды немере сүйіп, үбірлі-шүбірлі болған. Өкінішке орай, ата-анасы өмірден ерте озды. Балаларының қызығына кенелер кезде кенеттен келместің кемесіне мініп кете барды. Амандық атаның өмірден озғанына 15 жылдай уақыт болса, Ұлдар апа осыдан 4 жыл бұрын дүние салыпты. Дегенмен, «Орнында бар оңалар» демекші, артында қалған ұрпағы әке шаңырағын шайқалтпай, түтінін түтетіп отыр.
Осындай өнген-өскен үлкен әулеттің екінші перзенті Нұрмахан Амандықұлы 1980 жылы Кентау қаласындағы №15 сегіз жылдық мектептің табалдырығын аттайды. Ал 1988 жылы №1 Ы.Алтынсарин атындағы мектепке барып, 9-10 сыныпты осы білім ордасында оқып тәмамдайды. Алтыншы сыныпта жүргенде-ақ еркін күреспен айналысып, биік белестерді бағындырған. Ол уақытта Одақтың кезі болатын. Спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне дейін көтеріледі. Спорт десе ішкен асын жерге қоюға бар бозбала арман қуып, бұл саланың кәсіби маманы болуды ойлайды.
Мектепті аяқтаған бойда ата-анасынан бөлек өмір сүруге дағдаланды. Жастық жалынмен оқу білімге құштар болып, спортқа ден қойды. Еліміздің үлкен қалаларының бірі Қарағандыны бет алып, 1990 жылы ондағы спорт мектебіне оқуға түседі. Екі жыл оқып, кәсіби спортшы маманы болып шығады. Өмір арнасы бір ағыспен ақпайтыны белгілі. Бір ғана спорт саласынан алған құжат мамандық емес. Солай 1992 жылы Қарағанды Мемлкеттік университетінің «Физика, математика» факультетіне оқуға түсіп, оны 1996 жылы аяқтайды.
Жоғары оқу орнының соңғы курсында, яғни 1995 жылы Қарлығаш Төлендиевамен бас қосып, Қарағанды қаласында отау құрады. Студент кезінде бір бөлмелі үйде тұратын болса, бір басы екеу болған соң, екі бөлмелі үйге қолжеткізеді. Сол уақытта жары Қарлығаш та Қарағанды қаласындағы медициналық университетінің студенті болатын. 1996 жылы аталмыш оқу ордасын бітіріп, дәрігер мамандығын игеріп шығады.
Оқу мен отбасыны қатар алып жүру алғашында қиын болғанымен, дүниеге бірінші перзенттері Сабина келген соң, өмірдің мәні тереңдеп, мазмұны арта түскендей болады. «Қыз өмірдің гүлі» деп дана халқымыз, қыз баланы расында өрісін кеңейтіп, өмірін мерекеге айналдырар нәзік гүлге теңеген. Сол үкілеген үміті Сабина қазірде тұрмыс құрып, ата-анасына Нұртас есімді жиен сыйлып, күйеубала Азаматпен бірге тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Нұрмахан Амандықұлы отбасымен Қарағанды қаласында 1998 жылға дейін тұрып, Павлодар облысының Екібастұз қаласында жеке кәсібін жүргізіп, үш жылдай осы өңірде тұрақтайды. Алайда, бұл жер өміріне ешқандай өзгерістер әкелмегендіктен, бір жағы ата-анасының қалауымен, ағайынның айтуымен елге оралады. 2001 жылдың өзінде әлі елдегі жағдай мәз емес, жұмыссыздықтың белең алып тұрған уақыты болатын. Жас отбасы өмір сүруге қолайлы болар деген ниетпен шырайлы Шымкент қаласын таңдайды. Міне, сол кезден бері бұл қалада өсіп-өніп, кәсібін дөңгелентіп келеді.
Кәсіпкер болғанға дейін, 2003 жылдан 2011 жылға дейін жергілікті «Алма TV» деген үлкен корпорацияда жұмыс істейді. Бастапқыда жай техник болып, одан кейін 2005 жылы инженер, 2008 жылы осы мекеменің техникалық директоры қызметіне дейін көтеріледі. Бұл қызметте екі жылдай абыройлы еңбек етеді. Кім біледі, сол уақытта таныс құрбысының бір ауыз сөзі түркі болмағанда әлі күнге дейін біреудің қол астында жұмыс істеп жүре берер ме еді? Бірде кездесіп қалған танысы: «Сіздің миыңызбен өзге адам табыс тауып жатқанда, неліктен өз миыңызбен сол ақшаны өзіңіз таппасқа?» деген сөзі өмірін күрт өзгертуге себепші болады. Иә, сөздің құдыретін жан-тәнімізбен сезінетін халықтың ұрпағымыз ғой. Бір ауыз сөз адамдардың да, тіпті, мемлекеттің де тағдырын шешкенін тарихтан білеміз. «Бір ауыз сөз мұхиттарды жалғайды, бір ауыз сөз ұран болып самғайды» деп ақын Кәкімбек Салықов жырлағандай, бір ауыз сөз ғаламат күшке ие екенін осыдан-ақ байқауға болады.
Жалпы, бұл өмірде жетістікке жеткен адамдардың барлығы дерлік бір саланың білгірлері cаналады. Бірақ жетістікке жету үшін тек қана ынта немесе тілек жеткілікті ме? Әрине, жоқ. Кейде көптеген жетістікке
жетіп жатқандарды естіп таңданамыз. «Біз де сондай бола аламыз ба? Немесе біздің де қолымыздан келер ме екен?» деп ойланамыз. Түптің түбіне келгенде, ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ. Ол үшін тек қана өзіміздегі қасиеттеріміз бен мінезімізді танып, басқара алсақ болғаны. Біздің кейіпкеріміз Нұрмахан аға да өзінің білімі мен біліктілігіне сеніп, тәуекел атты нар қайықтың ескегін қорықпай есіп, жарқын болашағы үшін дұрыс шешім қабылдады. Сөйтіп, жұмыстан-бір ақ күнде кетіп қалды.
«Биік мансап – биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да қонады» деп Абай Құнанбайұлы айтып кеткендей, Нұрмахан Амандықұлының бүгінгі белесі, қолжеткізген жетістігі оңай келе салмады. Бір сөзбен айтар болсақ, жетістік – бір уақыттың жемісі емес. Өмірдің соқпақты жолдарынан, кедір-бұдыр кедергілерінен шаршамай, шалдықпай өткенінің арқасында осы күнге жетті дей аламыз.
Солай 2011 жылы кәсіпкерлік саласына бет бұрады. 2013 жылға дейін серіктес болып бірлесе жұмыс істесе, одан кейін жеке өз алдына «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС-нің негізін қалайды. Қазіргі кезде 50 адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Іскерлігі мен еңбекқорлығының арқасында осы күнге дейін табысты мекеменің тізгінін ұстап, кәсібін дөңгелентіп отыр.
–        Кей адамдар ойлағандай кәсіпкер бола салу оңай дүние емес. Оның артында бірнеше жылғы маңдай тер мен өзіңе сенген қаншама адамның жауапкершілігі тұр, – дейді бізбен әңгімесінде Нұрмахан аға.
–        Кәсіпкер болудың жүгі ауыр. Нар атанға артылғандай жауапкершілігі бірнеше есе көп болады. Себебі, бұрын тек өзің мен өзіңнің отбасыңды ойласаң, қазір көп адамның өмірі, олардың жарқын келешегі менің жауапкершілігімде. Жай бір мекемеде немесе мемлекеттік қызметте жүрсең күнделікті 8 сағатыңды, міндеттелген жұмысыңды істеп қайтасың. Ал кәсіпте бәрі басқаша. Өзіңе сеніп келген жұмыскерлердің айлық табысының уақытылы берілуі, олардың өмірінің қауіпсіздігі, әл-ауқатының артуы деген секілді үлкен мәселелер 8 сағаттық уақытпен өлшенбейді. Ол үшін күндіз-түні еңбек етуің керек, – деп сөзін жалғады. Кәсіпкер болудың қыр-сырына үңіліп, тұщымды ой айтқан Нұрмахан Амандықұлы алдағы жоспарымен және енді кәсіп бастаймын дегендер үшін ақыл-кеңесімен бөліскен еді.
Кәсіпкер болғандықтан көптеген елдерге іс-сапармен барып, олардың экономикасын зерттеп жүру қажеттігі туындайды. Нұрмахан Амандықұлы 2015 жылдан бері Үндістан, Қытай елдерінде болып, олардың тыныс-тіршілігіне бір кісідей қаныққанын айтады. Кәсіп бойынша Қытайда көбірек болыпты. Әлемді аузына қаратып, алпауыт ел атанған Қытайдың зауыттары мен фабрикаларында, өндіріс орындарында болған.
–                       ҚХР-да өз кәсібін ашамын деп талаптанған жанға арнайы индустриялық аймақтан жер береді. Ол жерде кәсіпкер үшін барлық жағдай жасалған. Тек құрал-жабдығың болса жетіп жатыр. Екінші, салықтан үш жылға дейін босатады. Одан кейін Үкіметтің берген жерін сатып алуға мүмкіндік береді. Шығарған өнімін шетелге экспорттаса, 12 пайыз үстемесін қайтарып береді. Ал бізде мұндай қамқорлық жоқ. Кәсібін енді бастаймын дегендердің аяқтан тұрып кетуі өте қиын, – дейді кәсіпкер.
         Нұрмахан Амандықұлы басқаратын серіктестік өткен жылды үлкен табыспен аяқтаған. Айталық, Шымкент қаласында өткен қалалық тауар өндірушілер байқауында ІІ орынға табан тірейді. «Атамекен» Ұлттық палатасы мен жергілікті әкімшіліктің «Үздік тауар өндіруші» номинациясын да иеленеді. Былтыр желтоқсан айында республикалық «Алтын сапа», «Парыз» секілді номинациялар бойынша өткен байқауда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Алтын сапа» марапатын алады. Бұл бір ғана мекеме басшының еңбегі емес, оның соңында тұтас ұжым, сондағы әрбір қызметкердің маңдай тері тұр. «Мемлекет басшысының қолынан алған марапат кеудеге мақтаныш ұялатып қоймай, алдағы күнге зор жауапкершілік жүктейді», – дейді бір сөзінде кәсіпкер.
«Еңбек бәрін де жеңбек деп» ата-бабамыз басынан өткерген соң айтқан болар. Әсіресе, істің көзін тауып, оны ширатып, ары қарай дөңгелентіп әкету екінің қолынан келе бермесі анық. Мұндай да ер адамға тәуекелшіл қасиет керек. Сонымен бірге еңбекқорлық пен тынбай іздену, бәсекелестерден озық шығу тән. Осы қасиеттерді бала кезінен бойына сіңіре білген Нұрмахан Амандықұлының өмірде әттеген-ай, дегізерлік ішкі өкініші де жоқ емес секілді. Ол – жарық дүниеге әкеліп, бағып-қаққан, «Меккеге үш рет арқалап апарсаң да еңбегін қайтара алмайтын» ата-ананың қадірін кеш ұғып, ең жақын жандарымен бірге көп уақыт өткізе алмауы.
«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, расында өмірдегі ең жақын, біз үшін от пен суға түсуге даяр ата-анамызды жанымызда мәңгі жүретіндей көреміз. Түн ұйқысын төрт бөліп өсірген ана мен баласының болашағы үшін белі бүгілгенше еңбектенетін әкенің перзент үшін қашанда орны бөлек. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген сөздің мәнін, ата-анасы өмірден ерте өткен адамдар ғана түсінеді. Өйткені, олар барда біз ешқандай уайымсыз өмір сүреді. Жауапкершілік жүгін соншалықты сезіне бермеді. Алайда аяқ асты келген ажал ғана қадірлі жандардың қадірін ұқтырып, оларға деген шексіз махаббатты еселей түсіреді. Бұл жалған өмірден біреу ерте, енді бірі кеш кетер. Дегенмен, ата-анасы барда мәңгі бала болып қалатынын адамдар кеш ұғынып жатады.
Әке қашанда асқар тау, арқа сүйер ақылшың, тірегің. Ер бала үшін әкенің орны, оның ақылы, жөн сілтеуі, бағыт-бағдар көрсетуі маңызды. Дана халқымыз «Әкесіз жетім – құр жетім, анасыз жетім – тұл жетім» деп бекерге айтпаса керек. Нұрмахан аға әкесінен ерте қалғанда өзін есейіп кеткендей сезінгенін айтады. Бір күнде балалық мінезді тастап, бойын жиып, үлкен кісілердей ойланатын болған. Десе де, анасы барда алаңсыз жүрген ол, төрт жыл бұрын жарық өмірге әкелген аяулы жанынан айырылғанда шынымен бұл жалғанда жалғыз қалғандай сезінді. Күндердің соңынан күндер, айлардың соңынан айлар, тіпті бірнеше жылдар өтсе де ата-анасына деген сағынышы еселеп артып, оларға деген перзенттік махаббаты өшкен емес. Тек жүректі ауыртар бір өкініші – осы екі қадірлі жанның балаларының рахатын көрер шақта өмірден ерте кеткені еді.
Адамда кейде алысқа көз тастап, терең ойға шоматын сәттер болып тұрады. Сондай сәттерде осы ой мазалап, көңілі жабырқау тартатын кездер жоқ емес. Қазір айналасындағы дос-жаранға : «Қолыңнан келгенше ата-анаңмен хабарласып, жағдайын сұра. Олардың көңілін аула. Ең болмаса жылы сөзіңмен жанына медеу болуды ұмытпа» деген ақылын жиі айтып тұрады.
Бүгінде Нұрмахан аға бір әулеттің асқар тауы, сенім артар отағасы, қамқор әке, жанашыр қайыната, сыйлы құда болып отыр. Жары Қарлығаш Төлендиевамен бірге 30 жылға жуық жұбайлық өмірдің қиындығы мен қызықты сәттерін, ағы мен қарасын, қуанышы мен қайғысын бірге өткеріп келеді. Қарлығаш Төлендиева – білікті дәрігер, шаңырақтың берекесі мен бірлігін ту еткен қазақ әйелі, аяулы жар, сүйікті әже. Бүгінде мұнай компаниясында санитар-эпидемиолог дәрігері болып қызмет етеді.
 Өмірге Сабинадан кейін екі атұстарын әкеліп, бүгінде олар да ер жетіп, азамат болды. Үлкен қызы Сабина мен күйеубаласы Азамат өнегелі, үлгілі отбасы. Олардан өрбіген жиен немересі Нұртас тәтті қылығымен жақындарын өзіне баурап алады. Нағашы ата-әжесіне еркелеп, қуанышқа кенелтеді.
Үлкен ұлы Нұрсұлтан құқық қорғау академиясын бітірген. Оқуды аяқтаған соң үйленіп, Ақтау қаласында шекара қызметінде жұмыс істеуде. Келіні Айжан екеуі қазір сол қалада тұрып жатыр. Кіші баласы Әділеттің есімін әділ, шыншыл болсын деген ниетпен қойыпты. Ол Шымкент қаласындағы №64 гимназиясының 10 сынып оқушысы.
Нұрмахан Амандықұлының алға қойған жоспары өте көп. Соның бірі – туған жері Кентау қаласының өркендеп, дамуына үлес қосуды мақсат етуде. Әр адамның кіндік қаны тамып, туып өскен елі жер жәннатымен тең емес пе? Өйткені бүгінде ел таныған азаматтар мен батырлардың тіптен ғалым мен қарапайым ауыл тұрғындарының естен кетпес жұлдызды сәттері сол өлкемен тікелей байланысты. Ал, еліміздің әрбір тауы мен өзені тұнып тұрған тарихқа толы екенін ескерсек, азаматтардың сол құндылықтарды құрметтеп, оның кез келген дүниесінің гүлденуіне, жандануына үлес қосуы бекер емес. Бұл туған жерінің алдындағы перзенттік борышының өтеуі болар деп түсіндік. Сонымен бірге мешіт салып, өнеркәсібін одан әрі кеңейту, жұмысшылар санын арттырып, халықтың әл-ауқатының жоғарылауына қол ұшын созу. Мұқтаж жандарға көмектесіп тұру да оның әдеттегі атқаратын сауапты істерінің тізбегінен түскен емес.
Алдағы жоспардың ішіндегі тағы бір үлкен жобалардың бірі – кәсіптік білім беретін оқу орнын ашу. Бұл игі істері жайында Нұрмахан Амандықұлы өзінің пікірін білдірген еді.
– Мұндай ауқымды тірлікті қолға алуға қоғамдағы бірқатар түйінді мәселелер түрткі болды. Расында көп жастар мектеп бітірген соң мамандық таңдауда қателесіп жатады. Әлі күнге дейін өзі қаламаған мамандықта ата-анасының бағыттауымен оқып жатқандар баршылық. Ал адам сүйікті ісін жақсы көріп жасағанда өмірде үлкен белестерді бағындырады. Қоғамның сұранысындағы мықты маман иесі атанады. Қарап отырсаңыз, қазіргі буынның ішінде жұмысқа деген құлшыныс жоқ. Ал біз секілді өндіруші мекемелеріне жұмысшы мамандар жетіспейді. Егер мемлекет тарапынан қолдау тауып жатса, осы мәселені өзіміз шешіп, арнайы кәсіптік білім беретін оқу орнын ашсақ па деген ниеттеміз. Әрине, бұл – алдағы күннің еншісіндегі ауқымды істеріміздің бірі. Өйткені, мемлекетіміздің өркендеп, гүлденуі үшін мықты жұмысшы мамандар керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз ісінің шебері, нағыз еңбек адамдарының қажет екенін әрдайым айтып келеді, – дейді ол.
Иә, білімге салған инвестицияның қайтарымы мол. Біздің халықта «Кәсібі бардың нәсібі бар» деген тамаша нақыл сөз бар. Соған қарағанда, кәсіп пен нәсіп ажырамас егіз ұғым сияқты. Қолыңнан іс келсе, қарның тоқ, келешегің жарқын болмақ. Ал қолыңнан ештеңе келмесе, ешкімге өкпелеудің керегі жоқ. Сондықтан да бүгінгі күні баланы жастайынан кәсіпке баулудың маңызы зор. Бірақ кәсіптің де кәсібі бар екенін естен шығармағанымыз абзал. Бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға жастарды баулып, оларды жұмыспен қамту мәселесін де шешуді қолға алуды жоспарлап отырған Нұрмахан Амандықұлының адал ниетіне нұр жаусын дегіміз келеді. Өзінен кейінгі буынның да болашағын ойлап, солар үшін игі істі жүзеге асыруға нар тәуекел еткен іскер азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
«Өзін ойлаған – құлқынның құлы, халқын ойлаған – ұлы» деген дана халқымыз. Нұрмахан Амандықұлының бұл мақсатынан оның туған жерге деген риясыз ыстық ықыласын байқадық. «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» деген Саққұлақ шешен бабамыз. Біздің кейіпкеріміздің биік болмысын, табиғатын, талантын тарқататын да айшықтайтын түйін осы.
Тіршілікте ғибратты ғұмыр кешіп, өмірде де, кәсіпте де өз орныңды табу – жалпыға бұйырмас зор бақыт. Қарымды еңбек ету – ол да бір береке бастауы, азамат болып қалыптасу – əркімге парыз. Тек ізденіс пен күрескерлік, талап пен табандылық қана адамды парықты істің парасатына бөлейді.
Шолпан жұлдызының бір беті ғана көрінеді, ал екінші беті жердегілерге құпия. Ол жеті ғасырда бір-ақ мәрте жарқ етеді. Жарық дүние деп аталатын мына өткінші жалғанның да біз біліп болмаған құпиясы соншалық көп. Жарық дүние мен табиғаттың жарты жаңқадай ғана болса да, киелі бір бөлшегі адам жаны әлемнен де күрделі. Егер ол адам талантты, қанатты болса, күрделілік одан сайын ұлғая түспек. Осындай сырты нұрлы, іші сырлы азамат Нұрмахан Амандықұлының өнегелі өмір жолы кейінгілерге ғибрат болары сөзсіз.
Әр адамның ғибратты ғұмырынан өзіңізге қажетті бір жарқын сәулені іздеп, одан үлгі ала білсеңіз, демек біздің редакцияның өз мақсатына жеткені деп түсінеміз. Ал мұндай жандар арамызда баршылық. Тек дер кезінде лайықты бағалап, жұртшылыққа таныта алсақ болғаны.