Өмірі өнегемен өрілген
Өмірдің іргетасы ананың қолымен қаланады. Өз отбасының беріктігі мен шаңырағының биік болуы үшін нәзікжандыларға кейде таңдаған мамандығынан да бас тартуына тура келеді. Мұндай үлкен тәуекелге екінің бірі бара бермесі анық. Осыдан елу жыл бұрын енді ғана өнер әлемінде жұлдызы жарқырап келе жатқан Айгүл Қабиқызының алдында екі таңдау тұрды. Бірі – сахнаның төрі, көрерменнің ыстық ықыласы, кино әлеміне ашылған даңғыл жол болса, екіншісі – медицина институтын енді бітіретін болашақ дәрігер Ильяс Отанұлымен отау құрып, өнерден бас тарту болатын. Тағдыр екінші жолды бұйыртып, тосыннан үлкен сый жасады. Сол кездегі таңдауына ешқашан өкінбеген Айгүл Қабиқызының өнегелі өмірі көпке үлгі.