Жеңісбек Мәуленқұлов

Туған жерін түлеткен тау тұлға

Әрбір адал адам өз ғұмырының мәнді де мағыналы, атқарған ісінің жемісті де табысты болуын қалайды. Осы жолда аянбай тер төгеді. Иә, адал еңбегіңмен, қалтқысыз қызметіңмен елдің алдында абыройың артады, беделің биіктейді, сый-құрметке бөленесің. Мұндайда айналаңа жақсы жандар үйіріліп, үлгіңді алады, өне бойы өнегеңнің өрісін кеңейтеді. Ғибратты өмір иесі Жеңісбек Мәуленқұлов ағамыз да әрдайым осындай деңгейден көрініп келе жатқан айтулы азамат.
Жеңісбек Мәуленқұлов 1947 жылы 8 мамырда Оңтүстік Қазақстан (Шымкент) облысы, Түлкібас ауданының Жаскешу ауылында туған. Әкесі Жолымбеков Мәуленқұл мен анасы Қызбала адал еңбектің адамдары еді.  Қарапайым отбасында дүниеге келген ол 1965 жылы Түлкібас ауданы Абай атындағы орта мектепті тәмамдайды. Білім жолын қуған бозбала 1970 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агроном-экономист мамандығын алып шығады.
       Отан алдындағы парызын 1970-1972 жылдары өтеп, әскер қатарында қызмет атқарады. Елге келген соң, алғашқы еңбек жолын 1972-1980 жылдары Бөген аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында аға агроном, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі болудан бастайды. 1980-1990 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бірінші хатшының көмекшісі, қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1990-1995 жылдары облыстық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық кеңестің іс басқарушысы, 1995-1998 жылдары Түлкібас ауданының әкімі, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, қаржылық- шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болады. Бұл кезеңдер жас мемлекеттің аяққа енді тұра бастаған уақыты еді. Сонау сындарлы сәтте облыстық басшы органдарының ойдағыдай қалыптасуына үлес қосты. Нарық қыспаққа алған тұста аудан әкімдігі қызметіне тағайындалып, елмен бірге қиындықты еңсеруге жұмыс істеді. Ал 1999-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы еңбек, халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы қызметін атқарды. Ең қиын салада өзінің ізденгіштігімен, жаңашылдығымен ерекше қолтаңбасын қалдырды. Бірқатар бастамалар көтеріп, облыс халқының әлеуметтік жағдайының жоғарылауына еңбек сіңірді.
2010 жылғы маусым айынан Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде бүгінге дейін қызмет етуде. Айта кету керек, ардагерлер кеңесіне төрағалыққа келгеннен кейін, мұндағы жұмыс жандана түсті. Бұрын соңды болмаған өзгерістер, тың жаңалықтар орын алды. Бұл ұйымның қызметі бұған дейін белгісіздеу болып келсе, жаңа басшының тынымсыз тірлігі ардагерлер кеңесінің жұмысын алға қойды.
Ел ағасына айналған Жеңісбек Мәуленқұлұлының қызметтегі жауапкершілігі мен ұқыптылығы, мінезінің сабырлылығы мен жайсаңдығы өзінен кейінгілерге үлгі. Асыл қасиеттерді бір бойына жиған ол:
– Әр азаматтың бойында елі мен туған жеріне деген адалдығы оның іс-әрекетінен айқын көрініп тұруы тиіс. Адамның сыртқы келбеті мен ішкі ойының бір арнамен тоғысуы өте маңызды. Оған әрбір жан ұмтылуы керек. Осы екеуін тең дәрежеде ұстаған адамның мінезі көркемделіп, ісі де алға басады. Еңбегі де өнімді болады, – дейді.
Жақсының жақсылығын айту біздің ұлттық мінезіміз. Оның астарында ел-халқы сыйлап, құрмет тұтқан адамның өмір жолын, кісілік келбетін кейінгі ұрпаққа өнеге ету бар. Адамзаттың данышпаны Абай: «Адамға керегі үш-ақ нәрсе: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат» деп айтқан екен. Осындай қасиеттерді бойына бала кезінен сіңіріп өскен Жеңісбек Мәуленқұлұлының өмір жолы көпке өнеге. Мұндай ғибратты ғұмырдың әрбір кезеңінде кемел ой, киелі көрініс, кең тыныс, шалқар өріс жатады. Сол адам өмірінің жарқын беттерін өшірмей, өсиет-өнеге ету кейінгі ұрпақтың парызы болмақ. Жеңісбек ағаның өмір іздеріне зер салсақ, осындай ой меңзейді.
Ізгі қасиеттің барлығын бір бойына тоғыстырған жан Жеңісбек Мәуленқұлұлы бүгінде 75-тің төріне шықты. Өнегемен өрілген өмірінде ол туған жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, ардақты аналарға, ардагерлерге, әлеуметтік қолдауға зәру жандарға қамқорлық жасаудан танған емес. Ел алдындағы еселі еңбегі елеусіз қалмады. Іскер азамат ретінде көптеген марапаттарға ие болды. Айталық, КСРО «Құрмет белгісі», ҚР «Құрмет», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10, 20, 30 жыл» мерекелік медальдарымен және басқа да бірнеше медальдарға кеудесі толы.
          2010 жылы Қоғамдық ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының жүлдегері, Халық таңдауы «Алтын қыран» халықтық сапа белгісінің иегері атанады. Оңтүстік Қазақстан облысының, Ордабасы, Түлкібас аудандарының Құрметті азаматы.
Облыстық ардагерлер кеңесін басқарған уақытта ұрпақ сабақтастығын дамыту мақсатында біршама шаруаларға ұйытқы болады. Әсіресе, облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен жарық көрген «Қызыр қыдырған күн», «Батамен бағың ашылсын», «Ғұмырдария», «Ерлік – елге мұра» атты кітаптар арқылы қазақ әдебиетінің алтын қорына үлкен рухани үлес қосқанын айта кеткен жөн.
Қазіргі кезде мәуелі бәйтерекке айналған Жеңісбек Мәуленқұлов үлкен әулеттің ақылшысы, данагөй қариясы. Отбасының берекесін тасытқан Дариға апаймен бірге Алланың берген екі ұл, бір қызғалдағын тәрбиелеп, өсірді. Олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, қоғамның бір кірпіші болып қалануына ата-аналық борышын өтеді. Немерелерінің ішіндегі атасының түр-тұлғасына, жүріс тұрысына ұқсайтыны Ернұр ерекше ыстық. Кішкентай жүрегінде халыққа қызмет ететін азамат боламын деген үлкен арманы бар. Ата жолын қуатын таудай талабы бар немерелерімен Жеңісбек аға бақытты!
Саналы ғұмырын елдің бірлігі мен ынтымағын арттыруға арнаған Жеңісбек Мәуленқұлұлының еңбегі ерек. Тәуелсіз мемлекеттегі алдыңғы буын ағалар мен жас толқынның арасында алтын көпір болып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қашанда адалдығы мен қарапайым болмысынан танбаған тау тұлғалы азаматтың ел дамуындағы атқарып жүрген қызметі әлі де жалғаса бермек.